Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
5 тамыз, 2024 / Аман ШАМАР / Аймақтар

ТҮРКІСТАН ТАЗАРЫП ҚАЛДЫ

Игі іске партия қызметкерлері қатысты.

ТҮРКІСТАН ТАЗАРЫП ҚАЛДЫ
Фото: gov.kz

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Түркістанда да жалғасып жатыр.

 

Мұндағы мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. «Azattyq Rýhy» мәліметінше, акция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынған. 6 маусымнан бері партия мүшелері жол бойындағы, өндірістік аймақтардағы, тұрғын аудандардағы және әлеуметтік нысандардағы түрлі орындарда қоқыстан тазартып келеді. Соңғы күндері акцияға қатысушылар өзен-көлдер мен жағалау аумақтарын, жайылмаларды қоқыстан тазарту жұмысына белсене атсалысуда.

Түркістан облысындағы партияластар да ортақ істен шет қалмай, ауыл-аймақтарды күл-қоқыстан тазартты. Игі іске партия қызметкерлерімен қатар, мәслихат депутаттары, саяси ұйым жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысуда. Акция бұл жолы киелі Қазығұрт тауының баурайындағы «Ақбура әулие» тарихи ескерткіш кесенесінің маңайында жалғасты.

 «Тарихымызда өзіндік орны бар осы аумақтың тазалығын сақтау – перзенттік борышымыз. Алтын бесік туған жерімізге жанашыр болу – бәрімізге ортақ міндет. «AMANAT» бастамашыл болған жобаға қоғам болып атсалысуға шақырамыз», - деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.

Сондай-ақ Абай облысында партиялықтар Аягөз ауданы Аягөз өзенінің жағалауында тазалық жұмысын жүргізді. Акцияға аудандық депутаттар, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, партияластар мен ауыл тұрғындарын қоса есептегенде жалпы 85 адам қатысты. Аягөз өзенінің бір шақырым жер аумағы тазаланып, 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

 «Жаз айларында азаматтар табиғат аясына демалысқа шығып, өзен-көлдердің бойында дастарқан жаяды. Өкінішке қарай, кей адамдар отырған жерлерінде қоқыстарын жинамай, сол күйі тастап кетеді. Әсіресе пластикалық ыдыстар көптеп жиналады. Акцияға қатысып жатқан еріктілердің осы еңбегі демалушыларға үлгі болса екен деймін. Біз еліміздің барлық аумағы таза болғанын қалаймыз», - деді акцияға қатысушы волонтер Айжан Сапарғалиева.

Ал Павлодарда ұйымдастырылған экологиялық іс-шараға 50-ге жуық адам қатысты. Олар қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің 3,3 гектар аумағын тазалады. Өз кезегінде қарттар үйінің директоры Марина Стрелковская игі іске қатысқан аманаттықтар мен еріктілерге алғысын білдірді.

 «Біздің мекемеде 273 адам тұрады, оның 94-і мүгедек. Бұл аумақ үнемі күтімді қажет етеді және еріктілердің көмегі біз үшін өте маңызды. Биыл көктемде партия бізге көшеттер мен гүл отырғызуға арналған материалдарды жеткізді. Мұндай жүйелі қолдау біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті ол.

Шығыс Қазақстан облысында акцияға қатысушылар Самар ауылының көшелері мен Ешкібай су қоймасының бойын тазартты. 100-ден астам адам атсалысқан іс-шара барысында 3 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

Сонымен қатар Жетісу облысында партияның ұйытқы болуымен өткен шараға барлық деңгейлі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, спортшылар және әр түрлі мекемелер қолдау білдіріп, Талдықорған қаласындағы Балықты өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.

 «Балықты өзенінің жағалауындағы 3 учаскеден 8 тонна қоқыс жинап шықтық. Қоршаған ортаның жай-күйіне немқұрайлы қарайтын демалушылар пластикалық бөтелкелерді, қаптамаларды, алюминий банкаларды қалдырып кетеді. Әр азамат тазалық өзімізден басталатынын ұғынуға тиіс. Осы орайда, өңір тұрғындарын апта сайын бізбен бірге  акцияға қатысуға шақырамыз», – деді өңірлік партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ерғазы Қошанбеков.

Бұдан бөлек, Алматыда Әуезов ауданының әкімдігімен бірлесе «AMANAT» партиясының 150-ден астам мүшесі және аудан белсенділері 8-ықшам ауданында орналасқан саябақта тазарту жұмысын жүргізді. Акция барысында сквер бөтелкелерден, қаптамалардан, қураған жапырақтардан және басқа да тұрмыстық қоқыстардан тазартылды. Жалпы алғанда 1,5 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Ал Шымкентте акцияға қатысушылар Еңбекші ауданына қарасты Қаратөбе тұрғын алабы, Жұлдыз аумағы, Қапал батыр көшесі бойында тазалық жұмысын қолға алды. Экоакцияға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, мәслихат депутаттары, фракция мүшелері ардагерлер, белгілі спорт шеберлері, жергілікті тұрғындар қатысты. Сондай-ақ партия қызметкерлері, қалалық «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, «Jasyl el» еңбек жасағы және бастауыш партия ұйымдары белсенділік танытты.

Осыған ұқсас іс-шаралар еліміздің өзге өңірлерінде де өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді.