"Үш айлық қызын жансақтау бөліміне түсірді": Шымкентте ер адам әйелімен жанжалдасып оған күш көрсеткен

Жанжал кезінде 53 жастағы ер адам жұбайын ұрған

Фото: stan.kz

Шымкент қаласының тұрғыны әйелі мен үш айлық қызын аяусыз ұрып-соққан. Ол сәбиді теуіп, жансақтау бөліміне түсірген,-деп хабарлайды newsroom.kz

Оқиға туралы желілерде заңгер, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек хабарлады. Айтуынша ол зардап шеккен әйелді ауруханаға жатқызуға көмектескен.

Адвокаттың айтуынша, жанжал кезінде 53 жастағы ер адам жұбайын ұрып-соғып, оны пышақпен қорқытқан. Кейін үш айлық қызын тепкен. Сәби ауруханаға жансақтау бөліміне түскен. Деректерге сүйенсек оның миына қан кеткен.

Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растады. Қазір жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары жүргізілуде", - деді ведомство.

Жүктелуде...