Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысты. Сонымен бірге отырысқа әкім орынбасарлары, аппарат, басқарма басшылары, саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары да болды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Байділдә Жылқышиев жүргізіп отырды. Түркістан облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы облыс әкімінің есебі тыңдалды. Өңір басшысы атқарылған жұмыстар мен жаңа бастамаларға, жоспарларға тоқталды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өңірде сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы жалпы 3868 кездесу өтіп, тұрғындардан 6815 мәселе көтерілді. Көтерілген мәселенің көпшілігі, яғни, 3882 мәселе шешілді. Қалған мәселе қаржы бөлу және заң нормаларына байланысты болғандықтан бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешіледі. Сонымен қатар 2435 жеке қабылдау өтіп, 7854 мәселе қаралды. Тиісті жұмыстың нәтижесінде 7716 сауал оң шешімін тапты, қалған 138-і бақылауда. Өткен жылы бірқатар қордаланған өзекті мәселені шешуге қол жеткіздік. Табиғи газ саласында құрылысы 2012-2022 жылдар аралығында жүргізіліп, іске қосылмаған 38 проблемалық нысан болған. Әрбір нысан бойынша тиісті жұмыс атқарылып, нәтижесінде 91 мың халық тұратын 27 елді мекен табиғи газға қосылды. Сарыағаш қаласында 13 көпқабатты арендалық тұрғын үйлер құрылысы 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Алайда кәріз жүйесінің болмауына байланысты, бірнеше жылдан бері пайдаланылмай бос тұрған. Аталған мәселе модульдік кәріз жүйесін салу есебінен шешілді. Нәтижесінде, 585 отбасы баспаналы болды. 2018 жылы қуаттылығы 220 киловольттық «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы басталып, созылып келген. Стратегиялық маңызды нысан былтыр халық игілігіне тапсырылды», – деген Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштерді жариялады. Алдын ала есеп бойынша жалпы өңірлік өнім көлемін 3,8 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2,5%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында жоспарланған 20 жоба толық іске қосылып, 594 жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, облыс республикада көш бастады. Фермерлік жылыжайлардың стандарты әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір тасымалдау келісілді. «Ауыл аманаты» жобасымен 3220 жоба қаржыландырылып, 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті дамыту үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мың бірлікті құрап, 1,6 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Кәсіпкерлер 21,3 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылуда. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылған. Инвестиция көлемі 972 млрд. теңгеге жетіп, 1,3 есеге артты. Жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылып, 2141 жұмыс орны ашылған. Экономиканы дамытуға тың серпін беретін 145 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында Қытай, Аустралия, Түркия және тағы басқа мемлекеттерімен келіссөздер жүргізіліп, тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, 3 жиһаз фабрикасы іске қосылуда, жаңбырлатып суғару қондырғылары өндірісі ашылды, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар салынуда. «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейтін зауыт» жобасы жүзеге асырылуда, заманауи мал биржасы, бордақылау кешені және өнімдерін терең қайта өңдейтін ет комбинаты жобалары қолға алынды. Сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай, мұнай, фосфорит, күкірт қышқылын өндіру зауыттары және химиялық кешен секілді ірі жобалар жүзеге асырылу үстінде. Аталған жобалар арқылы 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады және өзіндік кірістерді қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік ашылады. 2023 жылы Түркістан облысында 899 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Жұмыспен қамту шараларының есебінен соңғы 3 жылда кедейлік деңгейі 3,6%-ға төмендеген. 134 мың жаңа жұмыс орны қалыптасты (93,4 мың тұрақты). Өз ісін ашуға 1687 адамға қайтарымсыз грант берілсе, 625 жасқа 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие ұсынылған. Облыста демографиялық оң ахуалға байланысты оқушы орынға тапшылық бар (35 мың орын). Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізілуде. Бюджет және «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы жалпы 35 мектептің құрылысы жүргізілді (10 300 орын), оның 20-сы тапсырылды (5 300 орын). «Жайлы мектеп» жобасымен 3 жылда жалпы 63 мектеп салынады (49 мың орын). Жеке инвестиция есебінен 35 мектеп салынды (6 230 орын). Шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 101 автобус алынды. Өңірде алғашқы медициналық көмек көрсететін 22 нысанның құрылысы қолға алынған, оның ішінде 14-і пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жеке инвесторлармен 31 нысан ашылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр. 75 жедел жәрдем көлігі аудан, қалаларға тапсырылды. 2023 жылы қосымша 20 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынды. 9 ауылдың тозығы жеткен жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 88,7%-ға жетті (739 елді мекен, 2,1 млн. адам немесе 97,4%). 48 елді мекен газға қосылып, қамту деңгейі 63,5%-ды құрады (513 елді мекен, 1,6 млн. адам немесе 78%). 2023 жылы қосымша 40 елді мекен сапалы қуат көзімен қамтылды. Қоғамдық кеңес облыс әкімінің жұмысын оң бағалады. Сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптар берілді. Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Түркістан облысы әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Әділ Бектұрғанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев өз салаларына байланысты қаулы жобаларын қоғамдық кеңес мүшелерінің қарауына ұсынды. Қаулы жобаларын бекіту туралы шешім қабылданды.