Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстандағы көпбалалы жанұяның бірі еліміздегі басты экологиялық акцияға қатысты

Елдегі ең көпбалалы отбасы экологиялық акцияға қатысты

Қазақстандағы көпбалалы жанұяның бірі еліміздегі басты экологиялық акцияға қатысты

Рустам Шүкіров пен Муаззама Мансұрованың отбасы Қостанай облысының Лисаковск қаласында тұрады. Ерлі-зайыптылар 10 түрлі ұлттың 55 баласын тәрбиелеп отыр, оның 52-сі асырап алынған.

Бүгін осы отбасының ұлдары мен қыздары ата-аналарымен бірге Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бір кісідей жұмыла ат салысты.

«Тазалық обасынан басталады, - дейді отағасы. - Біз балаларды өз пәтерімізге ғана емес, кіреберіс, аулаға, мектеп, саябақ, көл, орман, өзен, жалпы қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеуге тырысамыз. Балаларға бұл қасиет өмірде ұқыпты және еңбекқор болу үшін аса қажет. Олар қай жерде болмасын қоқыс тастауға тыйым салынатынын білуі тиіс». 

Күн енді ғана басталса да, көпбалалы Шүкіровтер отбасы өз ауласын абаттандырып, аумақты қоқыстан, былтырғы жапырақтар мен қураған ағаштардан тазартып үлгерді. Бұдан бөлек, үйлерінің іргесіндегі көлік тұрағын да тазартты.

«Бүгін біз отбасымызбен бүкіл елмен бірге ортақ іске қосылып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шықтық, - деп Үміт пен Вера өз ойларымен бөлісуде. - «Biz birgemiz»! Бізге мұндай акциялар өте ұнайды. Мұндай акциялар неғұрлым көп болса, қалаларымыз бен ауылдарымыз соғұрлым таза болады».  
 Лисаков қаласының тұрғындары апта сайын «Таза Қазақстан» акциясына қатысуда. Кәсіпорындар мен ұйым қызметкерлері, жастар, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер бірлесіп, саябақ пен скверлерді тазартып жатыр.

Еріктілер де Жеңіс күні қарсаңында тыл еңбеккерлеріне көмектесуде. Жастар жергілікті жерді тазартып, гүл екті.