Наурыз қарсаңында Түркістанға 20 мыңнан астам турист келді

Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында келетін туристер саны 20 мыңнан асады деп жоспарлануда,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Бұл 7 тәулікке жасалған алдын ала мәліметке негізделген.
Түркістан қаласында нөмірлік қоры 1240 бөлмені құрайтын 59 орналастыру орны жұмыс істейді. Орналастыру орындарының бір мезеттегі толтырымдылығы 2671 адамды құрайды. Мерекелік аптада Түркістан қаласындағы орналастыру орындары 100 пайызға толып отыр. 
Түркістан қаласының әуежайынан бір аптада 34 әуе рейсі орындалмақ. Оның 10 рейсі – халықаралық. Барлық әуе рейсінің жолаушылар саны 3881 адамды құрайды. Ішкі – 2733, халықаралық – 1148. Әуе рейстері 85%-ға толады. 
E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес биылғы 2 айдың қорытындысымен өңірімізге 2228 шетелдік турист келген. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4,7 есе артқан. 2023 жылдың 2 айында небәрі 475 шетелдік қонақ болған. 
Айта кетейік, 21 наурыз күні сағат 10:00-15:00 аралығында «Жеңіс» саябағында «Нұр жауғызған әз Наурыз» шарасы өтеді. Онда театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кешкі сағат 19:30-да киелі шаһардағы «Конгресс Холл» кешенінде халықаралық «NAURYZ BIG FEST» фестивалі өтеді. Кешке Turar,  Aikyn, Murat Yaprak (Түркия), Amalyat, Dj King Macarella (Өзбекстан) сынды әншілер қатысады. Мерекелік шараны Ғазиз Ерболат пен Ақболат Өтебай жүргізеді. Сондай-ақ Aida Kaumenova брендінің арнайы сән көрсетілімі өтеді.
22 наурызда сағат 11:00-де Ұлыстың ұлы күніне орай «Керуен сарай» кешенінде «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара аясында театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, ұлттық тағамдардың көрмесі, ұлттық спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде мерекелік Гала-концерт өтеді. Бұдан бөлек 22-23 наурыз күндері Түркістан музыкалық драма театрында «Бөрте» спектаклі сахналанады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жүктелуде...