Алматы облысының Қызыл Қайрат а. психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған «Ақ жол-М» оңалту орталығының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы qazaqstanhalqyna.kz қорына сілтеме жасап.
Жаңа ғимараттың ауданы 1600 ш.м., төрт деңгей (жертөле және үш қабат) құрайды.
Оңалту көмегін көрсету үшін Орталықта емдеу-дене шынықтыру, түзету-дамыту, психокоррекциялық және қалпына келтіру сабақтарына арналған 37 кабинет жұмыс істейді, сондай-ақ физиотерапиялық рәсімдер, жалпы білім беру сабақтары өткізіледі. Бассейн, тұз және шунгит шахталары, хореография залы, дыбыс жазу студиясы және т.б. бар.
Қайырымдылық жобасы аясында «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры 80-нен астам оңалту жабдықтарын, мамандандырылған жиһаздар мен мүкәммалды сатып алды, сондай-ақ логопед, дефектолог, Монтессори кабинеттерін, интерактивті, сенсорлық және тұзды бөлмелерді кешенді жарақтандырды. Оңалту бөлімшесін жарақтандыруға қор 944,9 млн теңге бөлді.
Сатып алынған жабдық оңалтудағы кешенді тәсіл арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Орталықта 1,5 пен 18 жас аралығындағы балалар айналысады. Оңалту қызметтерін күніне 170-200 бала ала алады деп күтілуде.
Орталықтың салтанатты ашылуына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары - Нұрлан Абдрахим, «Қазақстан халқына» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің мүшелері - Зауре Аманжолова, Эльмира Алиева, Серік Сейдуманов, сондай-ақ «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы - Болат Жамишев қатысты. Іс-шараға жұртшылық өкілдері, Орталықтың қамқоршылары мен олардың ата-аналары, сондай-ақ БАҚ қатысты. Қонақтар үшін мерекелік концерт және қолдан жасалған естелік кәдесыйлар дайындалған болатын.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы осындай ауқымды қайырымдылықтардың маңыздылығын волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен 2020 жылы өткізген онлайн форматтағы кездесуінде айтқан болатын. Ол сөзінде «қайырымдылық пен волонтерлік осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені волонтерлік қызмет мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарымен үндесетін болғандықтан, бұл – рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс», – деп айтты.