Су ресурстары және ирригация министрлігі егіс алқаптарын суару үшін жерасты суларын пайдалану үлесін арттыруға ниетті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі – су ресурсына айрықша тоқталған болатын. Халық саны мен экономика өскен сайын оның тапшылығы да ұлғая түсетініне баса мән берді. «Қазақстандағы су тапшылығы 2040 жылдарға қарай 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз» деп атап көрсетті Президент.
Сондай-ақ ішкі су ресурстарын ысырапсыз пайдалану, оны үнемдейтін озық технологияны енгізу мәселелерін алға қойды.
Ал жерасты суларын егіс алқаптарын суару үшін пайдалану оны үнемдеуге көмектесетін бірден-бір құрал.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына тәулігіне 40 мың тоннадан астам су немесе ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60%-ы жұмсалады. Оның ішінде жерасты суларының үлесі 1,2% немесе тәулігіне 548 тонна.