ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі судьясы Әмір Досжан Нұргүл Ерболатқызының "Әділетті қоғам" ютуб бағдарламасына берген сұхбатында несие мәселесіндегі сауатсыздық, алаяқтық туралы айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Әмір Досжанның пікірінше, қоғамдағы кеселдің бірі - халықтың несиеге белшеден батуы.
"Қоғамдағы бір мәселе - біздің азаматтарымыз кредиттен көз ашпай жатыр. Осыны басында ойлауға болатын еді деп ойлаймын. Кредиттен біреуін алып, екеуін алып оны төлей алмай жатқан азаматтарға 10-15-теп кредитті неге береміз? Ол кісінің төлейтін шамасы жоқ қой. Сондықтан осы мәселені де дер кезінде шешу керек. Бірақ шешілмеді. Қазір осы мәселе енді-енді қолға алынды. Өте кеш қолға алынды деп ойлаймын",- дейді Әмір Досжан
Несиені электронды беру тұрғысында да алаяқтар көбейіп кеткен көрінеді. Судья да осы турасында ойымен бөлісті.
"Алаяқтар - үлкен психологтар. Олар кіммен жұмыс жасау керек, кімді алдау керек соның бәрін есептеп көріп, біліп отырады. Сондықтан бұл кісілер кейбір кезде үйде отырған техникадан сауаты жоқ қарттарымызды алдайды. Жаңа әлеуметтік жүйенің азаматымыз, осындай шара болып жатыр дейді де, солардың электронды қолдарын алады, дауыстарын алады. Мұндай да қылмыстар болып жатыр. Бұл жерде мен енді рәсімделу мәселесінің бүге-шүгесін білмеймін. Рәсімделу мәселесіне де тосқауылдар қою керек сияқты. Соның ішінде қаншама жыл маңдай-терін төгіп, еккен еңбегінің арқасында алған кішкентай үйін, болмаса дүниесінен айырылып қалмау үшін үкімет тарапынан басқа да құқық қоғау органдарымен бірлесе отырып, бұл мәселені зерттеген жөн деп ойлаймын",- деді Әмір Досжан.
Айта кетейік, "Әділетті қоғам" бағдарламасы халықтың құқықтық сауатын жетілдіру, қылмыстық істердің алдын алу, қоғамдағы жантүршіктірер түрлі оқиғаны, қордаланған проблемаларды талқылап қана қоймай, тығырықтан шығаратын тектіктерін іздеуді мақсат тұтқан. Бұл мәселелерді мықты судьялармен, құқық қорғау органдары өкілдерімен және сарапшылардың қатысуымен талдап, сараптайды.
Жоба жүргізушісі - Нұргүл Қарағойшина.
Нұргүл Ерболатқызы Қарағойшина белгілі журналист тележүргізуші, редактор және "Тіл" республикалық ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы.
1998-2000 ж.ж. журналистика факультетінің кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарды. 1999-2001 ж.ж. университетінің ректоратында әлеуметтік бөлімінің іс қағаздарын жүргізушісі, мерекелік шараларының ұйымдастырушысы қызметін атқарды. 2001 жылы Астана теларнасында «Жақыныңа жәрдемдес» бағдарламасының аясында 5 жыл бойы тұрақты түрде әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж отбасыларға демеуші табу арқылы материалдық көмек ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келді. Осы жұмыстары үшін «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты атанып, арнайы медальмен марапатталды.
2003 жылы Астана телеарнасында «Салауатты өмір салтын насихаттауда үздік бағдарлама жүргізушісі» құрмет грамотасымен марапатталды. 2008 жылдан бастап «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы, 2009 жылдан бастап «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттау рәсімінің ұйымдастырушысы. 2010 жылдан бастап«Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы. 2012 жылдан бастап «Тіл» журналының редакциялық кеңесінің төрайымы қызметін атқарып келеді. 2012-2013ж.ж. Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директорының қызметін атқарды.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Нұргүл Ерболатқызының ресми брифингте орыс тіліндегі сұрақтардың барлығына қазақ тілінде жауап бергендігін айтқан еді.
"Бұған дейін Бас прокурордың кеңесшісі болып жүрген кезде белгілі тіл жанашыры Нұргүл Қарағойшина ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткізген ресми брифингте орыс тіліндегі сұрақтардың барлығына қазақ тілінде жауап берген болатын. Әрине, заңдылықты қадағалайтын басты орган - Бас прокуратураның жауапты қызметкері осылай Конституция мен Тілдер туралы заң бойынша мемлекеттік тіл мәртебесін қорғады",- деп жазды Қазыбек Иса.