Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 ақпан, 2024 / Рысжан Амантай / Сұхбат

Етке тәуелділік азая ма? Елдегі мал шаруашылығы қалай дамуда?

Мал шаруашылығы қалай дамуда?

Етке тәуелділік азая ма? Елдегі мал шаруашылығы қалай дамуда?
Коллаж: newsroom.kz

Ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі - ауыл шаруашылығы. Сол саланың ең маңыздысы мал шаруашылығы бүгінде қалай дамуда? Ежелден халқымыздың адал кәсібіне айналған осы саланы дамытам деген үміткер жандарға қандай қолдау көрсетілген? Осы және өзге де өзекті мәселелер бойынша newsroom.kz порталы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлік өкілдерімен сұхбаттасты. 

- Қазақстандағы мал шаруашылығы бүгінде қалай дамуда? Мемлекет тарапынан әдеттегідей ірі қожалықтарға мол субсидия беріле ме?  

Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің басты салаларының бірі болып табылады. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 40% тиесілі.
2023 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығына қолдау ретінде 21 мыңнан астам шаруашылықтар субсидия алған, оның ішінде 70% орта және ұсақ шаруа қожалықтары.
Бүгінгі күні Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес мал шаруашылығында мемлекеттік қолдау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:
- асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
- мал шаруашылығы өнімдерін өндіру.
2023 жылы бұл мақсаттарға жергілікті және республикалық бюджет есебінен 147,0 млрд.тг.бағытталды, ағымдағы жылы да мемлекеттік қолдау жалғасын табатын болады.
Одан басқа мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қолдау мақсатында Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін (өтеу үлесі 25%-дан 50%-ға дейін) өтеу бойынша субсидиялау шаралары қарастырылған.

- Қазіргі таңда елімізде қой, сиыр, жылқы мен түйенің неше мың басы бар? Осы тізімге енбеген мал шаруашылығына қатысты өзге де статистикамен бөлісе аласыз ба? 

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының алдын-ала 2024 жылғы  1 қаңтардағы мәліметіне сәйкес, республика бойынша ірі қара малдың саны – 8 608,9 мың басқа, қойлардың саны – 19 725,3 мың басқа, жылқылардың саны – 3 962,5 мың басқа және түйелердің саны – 270,7 мың басқа жетті.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ІҚМ + 0,8%, қойлар                   + 1,2%, жылқылар + 2,8% және түйелер + 4,5% өскен.

- Бұрын шетелге ет экспорттайтын «Мал өнімдері корпорациясы» дейтін мекеме бар еді. Бүгінгі жағдайы қандай? 

2019 жылдың желтоқсан айында «Мал өнімдері корпорациясы» мекемесі квазимемлекеттік секторды оптимизациялау шеңберінде өз қызметін тоқтатқан. Қазіргі таңда аталған мекеме жұмыс істемейді.

- Мал шаруашылығына тағы ойыссақ, осы уақытқа дейін асыл тұқымды деп алыстағы Австралиядан, Еуропадағы Шотландиядан мал басын әкелу «мода» болатын. Қазір осы «дәстүр» тыйылды ма? 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың 2011 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» № 877 қаулысы бекітілген. Осы қаулыны орындау мақсатына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларының (бұдан әрі - қағида) шеңберінде шет елдерден сатып алынған асыл тұқымды ірі қара мал бастарына мемлекеттік қолдау қаражаттары төленді. 
Осының нәтижесінен 2010-2023 жылдар аралығында алыс және жақын шет елдерден республикамызға 221,1 мың басқа жуық асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген, оның ішінде сүтті бағытта 41,1 мың бас, сүтті-етті бағытта 39,6 мың бас және етті бағытта 140,4 мың бас.                                                                                 
Алып келінген асыл тұқымды мал санының үлесі АҚШ – 14,5 %, Австралия – 10,7 %, Канада – 4,5%, Европа елдерінен – 27,7% және Ресей Федерациясы 37,7%  құрайды. 
Аталған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында асыл тұқымды ірі қара мал басының саны жылдан жылға өсіп отыр, атап айтқанда бұл көрсеткіш 2010 жылы 344,1 мың басты құраған болса 2022 жылдың қорытындысы бойынша асыл тұқымды ірі қара мал басы 1 128,6 мың басқа жеткен. 
Қазіргі таңда қағида аясында шет елдерден сатып алынған асыл тұқымды ірі қара мал бастарына субсидиялау тетіктері қарастырылған.

- Неге өз еліміздегі асыл тұқымды мал басы айтылмайды. Кеңестік оқулықтан оқитын «Еділбай қойы», «Қостанай жылқысы», «Қазақтың ақбас сиырларының» ұрпақтары қайда? 

Қазіргі таңда елімізде шығарылған отандық асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малдарының тұқымдары өсіріліп отыр. Мысалы, Қазақтың ақбас сиыры – 480 мың басқа жуық, Еділбай қойы – 543 мың басқа жуық және Қостанай жылқысы - 228 бас бар. 
  
- Жуырда «Адай жылқысы» деген атау айналымға енді. Осы туралы не айтасыздар? Сосын «Қостанай жылқысы» дегенді естіп қаламыз... 

2022 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Адай жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тану жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысы әкімдігімен, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтымен бірге 3 мініс желісін және 2 тұқымішілік типін шығару бойынша жұмыстар жүргізді.   
Жоғарыда көрсетілген жұмыстар негізінде 2023 жылғы 29 желтоқсанда «Ұлттық зияткерлік меншік институты РМК» 6 селекциялық жетістіктерге патенттер берді, оның ішінде 3 патент мініс желісіне, 2 патент тұқымішілік типтеріне және 1 патент «Адай» жылқы тұқымына берілді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламентінің қарауында Қостанай жылқы тұқымын сақтау және оның елдегі популяциясының өсуі үшін жағдайлар жасайтын Заң жобасы қаралуда. 
Заң жобасы қабылданғанда осы тұқымға тиісті асыл тұқымды бағытта мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. 

- Қазір елімізде мал шаруашылығымен айналысатын, мал басын көбейтемін деген үміткер жанға қандай мүмкіндіктер бар? 

Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру және қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын, жабдықтар мен техниканы сатып алуға жеңілдікпен кредит беру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру, инвестициялық шығындардың бір бөлігін субсидиялау, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі және т. б. сияқты мемлекеттік қолдаудың қаржылық құралдары әзірленді.
- Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру қағидаларына сәйкес (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1900018404 сілтемесі арқылы танысуға болады); 
- Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидиялау қағидаларында (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1800017320 сілтемесі арқылы танысуға болады).

Материалды әзірлеу барысында қолдау көрсеткен Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметіне редакция тарапы өз алғысын білдіреді