Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Жүн-жүн жігіт іздеп бардыңдар: қызылордалық мұғалімдердің намысына тиген кім?

Түркиядағы түнгі клубқа барғаны үшін жұмыстан шығып қалған қызылордалық мұғалімдер өз шындығын айтты

Жүн-жүн жігіт іздеп бардыңдар: қызылордалық мұғалімдердің намысына тиген кім?
Коллаж: Корреспондент

Қызылорда облысы Жосалы кентінде №250 мектептің ағылшын пәнінің мұғалімдері шетелде клубқа барғаны үшін жұмыстан шығып қалған. Ұстаздар әділдікті талап етіп, желіде ар-намыстарына нұқсан келтірген мектеп әкімшілігіне наразылығын жеткізді,-деп хабарлайды Newsroom.kz  порталы  “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап.

26 жастағы Ақерке Жұмабаева білім беру саласында 3,5 жыл қызмет еткен. Ағылшын пәнінен сабақ берумен қатар 7-сыныпқа жетекші болған. Алайда “Түркиядағы гей-клубта жүр” деген ақпарат тарағаннан кейін Ақерке Жұмабаева мен Фатима Сқақова даудың астында қалды. Жұмабаеваның айтуынша, мектеп әкімшілігі олардың ар-намысына тиіп, еш ескертусіз жұмыстан шығарып жіберген.

Олар Жаңа жылдағы мерекені пайдаланып, Түркияға саяхаттауға барған. Ал жұмыстан 3, 5 және 6 қаңтарға алдын ала сұраныпты. Қыздардың айтуларынша, түнгі клубқа барар алдында теңіз өнімдерін тұтынып, содан Ақерке уланып қалған. Сол себепті рейске отыра алмай, билетті ауыстырыпты. Сол үшін оқу ісі жөніндегі орынбасарға жазып, 8 қаңтарға да сұранып, денсаулығына қатысты анықтама әкелетінін айтқан.

Ал жұмысқа келетін күні басшылық оларға сабаққа емес, бірден жиналысқа келуін талап етіпті. Тіпті өз нұсқаларын айтып, жағдайды түсіндіруге де мұрша бермеген көрінеді.

“Кешірім сұрадым, қателік жібергенімді айттым. Алайда директор мені барша ұжымның көзінше тілдеп, жылатып, "жүн-жүн жігіт іздеп бардыңдар" деді. Бұл кезде біз Ыстамбұлда демалыста жүрдік, саяхатымыздың соңғы күні болғандықтан, бұрын көрмеген жерді көргіміз келді”, – деді ол.
Ұстаздар барған түнгі клубта желіде танымал “Амилай” есімді трансвестит де болған. Оның мобилографы Амилайды түсіріп жатқан кезде екі мұғалім де кадрға іліккен. Ата-аналар мен әріптестері сол трансвестит блогердің Instagram-парақшасындағы видеоларынан қоса мұғалімді байқаса керек.

Ал заңгер БАҚ-та “трансвеститтер клубы, гейлер клубы” деп жалған ақпарат тарап жүргенін айтады. Сөзінше, бұл қарапайым түнгі клуб және мұнда ЛГБТ өкілдерінің жалауы ілінбеген.

“Директордың бұлай жұмыстан шығаруы заңсыз. Ол үшін бұйрықта себеп көрсетілуге тиіс. Ал мұнда бұйрық жоқ. Оған дейін мектепте ішімдік ішіп келген мұғалімдер, баланы ұрған жағдайлар болыпты. Сол кезде оларға тек ескерту берілген. Ал мұнда қыздарды бірден жұмыстан қуды. Бірақ шетелде түнгі клубқа барудың оқушыларға зияны қандай?” – деді заңгер Сержан Пірәлиев.

Қос мұғалім мекеменің ішінде не боларын білмеген. Олар жартылай жалаңаш ер адамдар шоуы болады деп ойламағанын жеткізді. Осыдан соң шығып кеттік дейді.

Осы жағдайды сылтау етіп, полиция қызметкерлері екі құрбының мазасын алған. Сөздерінше, танысуға ұсыныс тастап, мәселені шешуге көмектесетінін айтқан. Қармақшы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Жандарбеков оларға қайта-қайта жазып, кейін жауап болмағасын тіпті тіл тигізіп, бопсалады дейді. Соны білген анасы Жандарбековтің үстінен арыз жазған.

“Осы жайттан соң мен Қызылордаға кетіп қалдым, бірақ бұл туралы ешкімге айтпаған едім. Менің мекенжайымды ешкім білмеген. Бірақ түнгі 23:00-де біреу домофонға қоңырау шалып, “арызыңды ал” деп бопсалады”, – дейді Ақерке Жұмабаева.

Ал мектеп әкімшілігі бірде “мұғалімдерді жұмысқа келмегені үшін шығардық” десе, одан соң “олар өз еркімен шықты” деген мәлімдеме жасады. Директор еңбек демалысына кеткендіктен, жауап бермепті. Алайда оқу ісі жөніндегі орынбасары Анар Еспенбетова мұғалімдерді қызметінен босатуға “педагогикалық этика бұзылғаны” себеп болды дейді.

“Педагогикалық этиканы бұзғанына байланысты шықты. Комиссияның шешімі бойынша педагогикалық этика бұзылған. Сол шешімнен кейін олар өз еркімен босатылды. Сондай-ақ жұмыстан себепсіз қалды, анықтаманы да көрсеткен жоқ”, – деді Еспенбетова.