Алматы қаласының тұрғыны Торгаутова Айман Досымқызы осыдан 21 жыл бұрын босанған ұлының өлі туылғанына сенбей, newsroom.kz редакциясына көмек сұрап жазды.
Алматы қаласы Қалқаман ықшам ауданындағы 1 перзентханада 2003 жылы уақытынан бұрын босанған сәбиін дәрігерлер өлі туылды деп алып кетіп, бермеген көрінеді.
"31-ші аптада, 7 айлық ұл босандым. Жылап туылған баламды тез арада алып кеткен болатын. Артынан өліп қалды деп, көмуге де бермеді. Есеңгіреп, еңіреп жүріп баламды тауып беріңдерші деп сұрадым. Ешкімнің менімен ісі болмады. Шетінеген балаларды бірге көмеміз (братская могила) деп алып кетті",- дейді Айман Досымқызы.
Қайғыдан қан жұтқан анаға дәрігерлер баласының не себептен өлгенін де айтпаған.
"Ұлымның қазасының себебін айтпады. Екіқабат кезімде бәрі жақсы болды, ешқандай ауырсынулар болмады",- дейді Айман.
Ауруханада болған кезінде Айман ханым түсініксіз жайттың куәсі болған екен.
"Кешқұрым постқа жақындаған кезімде, медбикенің жанында биркам жатты. Менің туғаным, баланың салмағы, бәрі жазылып тұрды. Оқып тұрдым да, бұл неге, бұл жерде жатыр? Демек, балам тірі болғаны ғой дедім. Мен туған кезде 5-6 дәрігер сыбырласып, бір-біріне бірдеңе айтып тұрған. Солардың бәрін шақырыңдар дедім. Сонда, "сіз көрінбейтін жерге араласады екенсіз, бөлмеңізге барыңыз" деп қуып жіберді,- дейді Айман Досымқызы.
Ана жүрегі бауыр еті баласының әлі де тірі екеніне сенетінін айтты.
"Іштей баламның тірі екеніне сенемін, сеземін. Осы уақытқа дейін қаншама құдайы тамақ, ас берсек те, ұлымызға арнап ешқандай ас бермедік. Себебі, оның тірі екендігін жүрегім сезеді",- дейді Айман ханым.
Осындай түсініксіз жағдайлардан кейін, балаңызды неге іздемедіңіз дегенімізде, Айман ханым қайғылы жағдайдан кейін біраз уақыт өз-өзіне келе алмай жүргенін айтты.
"Ұлымды іздеп баруға шамам болмады. Алты ай бойы өз-өзіме келе алмай, ес-түссіз жүрдім. Суым неге кетіп қалды деп көп ойлап жүрдім. Профессор, балшыларға дейін бардым.Барлығы балаңыз тірі деді. Профессор балаңыз тірі болса, сатып жіберген деді",- дейді Айман Досымқызы.
Newsroom.kz порталы бұл мәселені зерттеп, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сұраухат жолдап көрді. Басқарманың айтуы бойынша, ол кездегі архив материалдары жойылып кетіпті.
"ЖШС "Smart Health University City" (бұрынғы № 1 Қалалық клиникалық аурухана) ауруханасының архивтық құжаттарында «Қалқаман» ықшам ауданындағы №1 Қалалық ауруханасындағы перзентханының гинекологиялық бөліміндегі №14-06 63 журналында 2003 тамыз айында №68 Торгаутова Айман Досымқызы деген азаматша тіркелген. Өкінішке орай басқа құжаттар табылмаған, 2019 жылы ауруханада келеңсіз күтпеген жағдай болып, яғни архивтын ішін су басып көптеген құжаттар құртылып, қайта қалпына келтіру мүмкіндігі болмаған. Соған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, біраз құжаттар жарамсыз деп табылған",- делінген басқарма мәліметінде.
Қазақ халқы қазір шеттегі жетім балалардың тағдырына алаңдап жатыр. Осындай уақытта архив құжаттарына мұқият болғанымыз дұрыс секілді?!
Қазір Айман ханым 48 жаста, үш қыздың анасы. Алматы қаласында тұрады. Тұңғышы шетел асып кеткен жетім балалардың күйін кешті ме деп қорқады.