“Тағы да қосылады” Ішкі күрес біріншілігінде неге легионерлер көбейді?

Журналист Аслан Қаженов өзінің Facebook парақшасында Астанада өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты туралы айтты

Фото: Аслан Каженов

Хабар арнасының журналисті Аслан Қаженов өзінің Facebook парақшасында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты туралы мәлімдеме берді,-деп хабарлайды Newsroom.kz

- Қазір Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ол басталмай тұрып, үлкен дау бұрқ етті. Ішкі біріншілікке легионерлер қаптай бастады. Тағы да келіп қосылады деген сыбыстар бар. Федерация тарапынан ресми түсіндірме болмады. Әлеуметтік желідегі қызу пікірталасқа нүкте қойылмады. Әлі күнге дейін не болып жатқанын білмеміз. Кімнен сұраймыз? Неге келімсектер көбейді? Түпкі мақсат қандай?

Енді бүгін сол келімсектерді өз көзіммен көрейін деп жекпе-жек сарайына арнайы бардым. Финал алдындағы үзіліс екен. Осы фотоға түсіп үлгергенім жоқ, басы-қасында  жүргендер қуып шықты. Тура мағынасында қуып шықты. Қасымдағы әріптесім сол сәтті телефонға түсіргісі келген еді. Оның ұялы құрылғысын тартып алды. Ішіндегі видеоны тазалады. Не масқара мынау ? Не әрекет бұл? 

Жабайы емеспіз, қылмыскер емеспіз. Сөздің ретін де түсінеміз. Қазақстан чемпионатынан хабар тарата алмасақ, несіне қазақ журналисті болып жүрміз? Небір құрлықтық және әлемдік аламандардың ортасында болдым. Бүкіл жерде этика бар. Өтініш, жігіттерге айтып қойыңыз,  ашуларын бір жерлеріне тығып қойсын. Ары-бері итермелеп, телефонымызды тартып алатындай лох емеспіз. Айтпақшы, әлгі видео өшірілген жоқ. Заманауи телефондардың сондай қасиеті бар. Оны да ескертіңіз.

Одан кейін кеше Мәжілісте спортқа қатысты заң жобасы талқыланды. Ашығын айтайын, сізден үлкен үміт күттім. Өйткені, басқа-басқа, отандық спорттың былығы мен шылығын бетіне шығарып, реттеуді ұсына алатын санаулы адамдардың бірісіз. Мәлімдемеңізден кейін әлгі үміт су сепкендей басылды. Букмекерлік компанияға қатысты «не от хорошей жизни» деген пікір білдірдіңіз. Қаржының тапшылығымен түсіндірдіңіз. Күрес федерациясына былтырдың өзінде мемлекеттен 150 миллион теңгеден аса қаржы бөлінген. Оны қайда жұмсадыңыз? Есебін кім береді? Оның өзі жеткіліксіз бе? Ашық айтсаңызшы. Ал, енді жеткілікті болса, онда неге федерация ОЛИМПБЕТ-пен келімшарт жасасты?

Бұл енді өзіңіздің құзіретіңізге кіретін, шешілуі қолыңыздан келетін негізгі мәселелер. Одан бөлек, спортшылардың, бапкерлердің және күресің айналасында жүрген мамандардың түйіткілдері жетеді. Оны да жиі естиміз. Ұлттық құраманың дайындығы және күрестің даму жүйесіне қатысты да сұрақ көп. Біраз адам «Дәулет аға азамат қой, қазақтың батыры ғой, оған тиіспей-ақ қойшы» - деп хабарласады. Мен сіздің жеке басыңызда ешқандай шаруам жоқ. Кезінде ел намысын қорғап, абыройымызды асқақтатқаныңызды бағалаймын. Бірақ, енді отандық күресті сұрауға қақымыз бар шығар? Ішкі біріншілікке емін-еркін кіріп, неге қалың қазақ жанкүйеріне ақпарат тарата алмаймыз? Түсінемін, тәртіп бар. Болуы да керек. Бірақ, шаш ал десе, бас алуды қашан қоямыз? Отандық спортты, оның ішінде, отандық күресті қалай дамытамыз? Қалай бір жолға қоямыз? Нақты жоспар мен стратегия бар ма? Әлде, тек легионерлерге сенеміз бе? Дәулет мырза, не істеп жүрсіз?!-деп жекпе-жек сарайына арнайы барған журналист өз Facebook әлеуметтік парақшасында жариялады.

Жүктелуде...