Талдықорғандағы жүргізуші дауы: әкімдік не дейді?

Талдықорған қаласы әкімінің қызметтік көлігі жалған нөмірмен жүрген

Фото: ашық дереккөзден

БАҚ беттерінде 3 қаңтар күні Талдықорған қаласы әкімінің қызметтік көлігі жалған нөмірмен жүргені туралы жаңалықтар легі жарияланған еді. Қазір сол жүргізушінің жағдайы қалай екендігін білу үшін newsroom.kz порталы Талдықорған қаласы әкіміне сұраухат жолдады.

БАҚ беттерінен жүргізуші жұмыстан шығарылды деген ақпаратты оқыған едік. Әкімдікте бұл ақпаратты растады.

“2024 жылғы 3 қаңтарда «Талдықорған қаласы әкімінің аппараты» ММ «Шаруашылық басқармасы» КММ автошаруашылығының жүргізушісі Р. Абданиевке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, нәтижесінде 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынып, жаза мерзімі аяқталғаннан кейін 2024 ж. 09 қаңтардан №05 бұйрыққа сәйкес жұмыстан босатылды,”- делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Жалпы, Талдықорған қаласы мемлекеттік органдарының қызметтік автомобильдерінің нақты саны – 16 бірлік екен. 

2023 жылы Талдықорған қала әкімдігінің  қызметтік көліктері мен жүргізушілеріне бюджеттен жалпы – 69 571,0 млн теңге жұмсалыпты.

Атап айтқанда, көліктерді тексеру және бөлшектерін ауыстыруға - 30 122,4 млн теңге, көлік бөлшектерін сатып алуға – 1 130,3 млн теңге, жанар-жанармай және майға– 18 656,6 млн теңге бөлінген екен.

Ал көлік жүргізушілеріне төленетін жалақы –18 797,8 млн теңге көлік сақтандыру – 475,9 млн теңге, көлікті техникалық тексеру – 388,0 млн теңгені құраған көрінеді.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласы әкіміне “бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында, әкім орынбасары, аппарат басшысы жалпы айтқанда қызметтік көлік пен жүргізушісі бар мемлекеттік қызметкерлерге  көліктен бас тарту туралы үндеу жариялау жоспарыңыз немесе бастама көтеретін  ойыңыз жоқ па?”,- деген сауал қойған едік.

“Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында, жүргізушісі бар қызметтік көлікпен жүретін мемлекеттік қызметкерлерге көліктен бас тарту туралы ҚР бойынша мемлекет тарапынан тапсырма түскен жағдайда құптауды жөн көреміз,”- деген жауап алдық.

Жүктелуде...