Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 желтоқсан, 2023 / Рысжан Амантай / Жаңалықтар

Анамды құшақтасам: Бельгиядағы қазақ бала анасын іздеп келді

Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ жігіт туған анасын іздеп жүр

Анамды құшақтасам: Бельгиядағы қазақ бала анасын іздеп келді
Фото: newsroom.kz

Журналист Олжас Беркінбаев Еуропада өскен қазақ баласы Жәнібектің ата-анасына іздеу салды. Олжас Беркінбаев оқиғаны өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде айтты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

"Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. 

Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтар күні Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғыс басты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті. 

Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді.

20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен...

Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!",-дейді Олжас Беркінбаев.