Бұл – Бельгия королінің Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Корольдік жұп Астана мен Алматы қалаларында бірқатар ресми кездесуге қатысады. Делегация құрамында министрлер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының басшылары мен журналистер бар.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен король Филипп екіжақты келіссөздер өткізіп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар сауда мен инвестиция, көлік-логистика, өнеркәсіп, маңызды минералдар, жаңартылатын энергия көздері және жасанды интеллект салаларындағы байланысты кеңейтуге назар аударды.
Бағдарламада Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысы мен екі ел университеттері ректорларының кездесуі де бар. Сонымен қатар корольдік жұп Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барып, медициналық көмек пен оңалту технологияларымен танысты.
Сапардың тағы бір бағыты – мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту. Бельгия тарапы Қазақстанның тарихы мен мәдениетін танып, екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Сапар 14 қазанға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме жасап, екіжақты келісімдерге қол қоюды жоспарлаған.