Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы аптада пневмонияға шалдығыпты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Алғашында әлсіз басталған ауру, мысқылдап кіріп, батпандап шығуда дейді депутат фейсбук парақшасында.
"Ассалаумағалейкум ағайын. Қалдеріңіз қалай?
Соңғы апталарда елдің ішін түсініксіз бір дерт кезіп жүргенін естіген шығарсыздар. Қауқары қатты екен.
Алғашында әлсіреу болады, сосын құрғақ жөтел, сосын тыныс алу қиындап кеуде сырылдайды, аяғында бәрі қосылып давлениең атқақтап шыға келеді.
Үйде күресіп бақтым, болмады. Дүйсенбіде ауруханаға келдім, КТ жасады. Бірден Пневмония деген диагноз қойды. Өкпенің бір жағы айтарлықтай қабынған екен.
Алғашында “жұмыс көп, отбасы бар, күндізгі стационарға келейін” дедім дәрігерлерге. Бірақ олар нақты талап қойды. “Ауруханаға жатасыз, бітті, бұл диагноз ойнайтын дүние емес” деп. Солай апта басынан бері аурухана кереуетінде жатырмын. Ем-дом, ине дегенің бірінен соң бірі құйылып жатыр.
Хош, айтпағым жөтеліп бастасаңыздар, әлсіздік болса дереу қаралыңыздар. Бұл әлгі сорпаның күшімен жазылатын тұмауға ұқсамайды. Алып ұрды. Денсаулықтан артық ештеңе жоқ, ағайын.
…ПыСы: бүгін пленаркаға тыныс алуым түзелген соң 2 сағатқа сұранып барып келдім. Дәрігерлер “жұқпалы емес” дегесін. Депутаттық сауал оқығанда жөтеліп қоймасам болар еді деп отырдым. Депутаттық сауалды кейінге қалдыра алмадым, барахолкада қыста контейнердің ішінде отырған елдің арызын жеткізу керек болды. Олардан жаным аяулы емес қой.
Жақсы күндерде жолыққанша, ардақты қазағым!,- деді депутат.