Алматы облысында 9-шы және 10-шы сынып оқушылары арасындағы кикілжің жаппай төбелеске ұласыпты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы
Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтің айтуынша, Instagram әлеуметтік желісінде мектеп оқушылары арасындағы жаппай төбелестің бейнежазбасы тараған. Желі беттерінде жарияланған бейнежазбадан жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз ұрғанын көруге болады.
Полицейлер бейнежазбадағы төбелес Іле ауданы Жәпек батыр ауылында болғанын анықтады.
"Бұл дерек дереу аудандық полицияда ҚР ҚК 293-бабы бойынша тіркелді. Тексеру барысында 29 қараша күні 2008 жылғы 9-сынып оқушысы мен 2007 жылғы 10-сынып оқушысы арасында келіспеушіліктер туындап, кейіннен жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127, 435-баптары бойынша 17 әкімшілік хаттама толтырылды",- деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.