Бұл туралы newsroom.kz порталы хабарлайды.
Шығыстық ғылым мен дәстүрді негізге алған қазақ халқы да уақыт, мерзім өлшемдерін жеке бөліп қарап, оны Ай санау, Күн санау және Жыл санау деп атаған. Бұнымен қоса, қазақ халқы әрбір күнге ерекше мән беріп, маңыз берген. Әсіресе, сәрсенбіні сәтті күн деп жаңа істі сәрсенбі күні бастайтын болған.
«Сәрсенбіні сәтті» деп қазақтар жоғары бағалайды. Бұл күні бала туса оған міндетті түрде Сәрсенбай, Сәрсенгүл деп ат қояды. Ойын-күлкі, игілікті жақсы істерін (көшу, жолға шығу т.б.) осы күні бастайды. Тырнақ, шаш алуға болмайды, пейіл бұзылады. Су, түрлі өсімдіктер осы күні пайда болған. Бұл күні отырғызылған өсімдіктер, жемістер, ағаштар тез өседі. Себілген егін бітік болады.
Ал, дінтанушы Абдусамат Қасым бұл нақылдың да діни негізі бар дейді.
"Сәрсенбінің сәтті күні" дегенге негіз болатын риуаят бар. Бірақ ол риуаятты хадисші ғалымдар хадис ретінде қабыл етпей, оны негізі жоқ хадистер категориясына жатқызған. Әйтсе де, деректерге қарағанда "әл-һидая" атты фикһ кітабының авторы Ханафи ғұламасы Имам Марғинани (р.а) үнемі дәрістерін сәрсенбі күні өткізіп, оны осы риуаятқа негіз етеді екен.
Ол мынадай:
"Сәрсенбі күні не нәрсе істесе де, онысы аяқсыз қалмайды." Яғни сәрсенбі күнді сәтті күн деген мағынада. Ендеше, көріп отырғанымыздай қазақ халқының көнеден бері сәтті күн деп айтуында да діни негіз бар екендігі.",- деді дінтанушы.