Бұл туралы newsroom.kz порталы qazaquni.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде отбасылық-тұрмыстық қиянат-қыысым қоғамда кеңінен орын алып жатқанын жасыра алмаймыз. 2022-2023 жылдар аралығында тұрмыстық бағытта күш көрсету жиі тіркелетін өңірлерден келіп түскен ақпараттарға қарағанда, зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға 120501 тұрғын хабарласып, шағым айтқан. Оның ішінде ең көп қоңырау түсетін өңірлердің қатарында Түркістан облысы да бар.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 6606 хабарлама түскен. Оның ішінде 3304 адам арыз жазудан бас тартыпты. Сотқа 3302 іс жолданып,1605 іс тараптардың татуласуы бойынша тоқтатылған.
Расында, соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың күшейе түскені байқалады. Отбасындағы озбырлыққа жол берілмесін деп ұрандатсақ та, жыл сайын құқық қорғау органдарына араша сұрап келетіндердің қатары азаймай тұр.
Сол себепті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл әрекеті әлеуметтік маңызы бар мәселе. Өркениетті заманда өмір сүріп жатқан әрбір ел азаматтардың амандығы мен денсаулығын бірінші орынға қояды. Отбасында орын алған зорлық-зомбылық оқиғалары мемлекеттің қорғауындағы және бақылауындағы маңызды жәйт.
Сондай-ақ, Астанада – 11302, Алматы қаласында 11161 және Қарағанды облысында 9963 тұрғыннан зорлық-зомбылыққа байланысты қоңырау түсіпті. Салыстырмалы түрде қоңырау аз түскен өңірлер қатарында жаңадан құрылған үш облыс бар: Жетісу (1802), Абай (1067) және Ұлытау (505).
Ішкі істер министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 120501 хабарламаның ішінде 68023 адам арыз жазудан бас тартқан. Бұл тізімдегі «үштікті» Алматы қаласы – 8425, Астана – 7403 және Қарағанды облысы – 6199 құрайды.
Сотқа жолданған істердің саны небәрі – 52478.
Бұл жерде Шығыс Қазақстан облысы (5496), Қостанай облысы (4775) және Алматы облысы (4352) санды құрайды.
Мемлекет бойынша тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар паналай алатын 63 дағдарыс орталығы бар екен. Олар елдегі барлық өңірде жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 51 орталықта баспана қарастырылған. Сонымен қатар кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іске тергеуші әйелдер тартыла бастады. Қазір ел бойынша мұндай 280 маман бар.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартуды және оның қайталануының алдын алу шараларын қолдануды жақтады.
Олар жеке қылмыс ретінде Қылмыстық кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бап енгізуді ұсынды. Бұл мұндай істерге оңтайлы жауап беруге мүмкіндік береді және полиция, прокуратура және соттар үшін арнайы оқытуды көздейді.
Сонымен қатар, "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заңға ұсынылып отырған түзетулер "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға қоғамның қатысуы" деген жаңа бапты құруды қамтиды. Бұл бапта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған түрлі шаралар қарастырылған.
Ұсынылып отырған тағы бір өзгеріс – заңнамаға "экономикалық зорлық-зомбылыққа" қатысты норманы енгізу. Бұл ереже тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге жүйелі қолдау жасауға, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетудің құқықтық тетіктерін ұсынуға бағытталған.
Сондай-ақ, Ұлттық комиссия Бас прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылған 2018 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" сәтті жол картасын қайталауды ұсынды. Бұған дейін Түркістан облысының екі ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылған жобаны республика бойынша кеңейту ұсынылады.
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия ықтимал құрбандарға туыстары мен жақындарына өмірлеріне қауіп төніп тұрғаны туралы ескертуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды.
Қазіргі таңда көп жағдайда халқымыз қанына сіңген қасиетпен отбасылық жанжалдарды сыртқа шығармауды қалайды. Қазақ әйелі ерінің абыройын, үйелменнің береке-бірлігін ойлап, балаларының толық отбасында өскенін қалағандықтан, шаңырақ құндылығынан асып кете алмай «жауырды жаба тоқып», өктемдікті жасырып-жабуға бейім келеді. Бірақ осындай «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» салдарынан іс ушығып, кей жағдайда соңы адам өлімімен аяқталуы өкінішті.
Тұрмыстық қияпат әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Ол физикалык күш көрсетумен қатар, сөзбен кемсіту, психологиялық қысым, тіпті сексуалдық тұрғыдан зорлық-зомбылық көрсету түрінде де болады.
Сондықтан осы сипаттаға кез келген әрекетке дер кезінде тосқауыл қоя білген жөн.
Осы орайда айта кетсек, елімізде тұрмыстық күш көрсетуді болдырмау мақсатында әлсіз азаматты немесе әйел адамның құқығын өз дәрежесінде қорғау үшін ең алдымен заңнамалық тұрғыдан «қаруланып» алған абзал. Яғни, қазіргі заңдар заман сұранысына сай болуы тиіс. Осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекетімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заңы қабылданған. Қазіргі таңда аталмыш заң азаматтарымыздың қорғанына айналып отыр. Ең бастысы, зорлық құрбаны өзінің шынайы жағдайын жасырып қалмауы қажет.
«Әрбір отбасы – кішігірім шаңырақ» екенін ескере отырып, осы шағын шаңырақтардан құралатын Қазақстан атты үлкен мемлекетіміздің болашағы кемел болсын десек, отбасы құндылығы мен ерлі-зайыптылардың жеке-жеке құқықтары сақталынып, балалардың тәтті де бақытты ғұмыр кешуіне атсалысуымыз керек!