Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған педофил жазасын Қазақстандағы ең қатал түрме – «Қара бүркітте» өтейді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы ozgeris.info-ға сілтеме жасап.
48 жастағы Сайдолим Ғайбназаров қараша айының басында Қостанай облысындағы төтенше қауіпсіз мекемесіне ауыстырылды. Ол өмірінің соңғы күніне дейін камерада отырады. Педофилге түрмеде айына кемінде бір рет мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады.
«Химиялық кастрацияға қатысты сотталған жазасын одан әрі өтеу үшін мекемеге келгеннен кейін оның құрамына аймақтық деңгейдегі мамандар кіретін мамандандырылған психиатриялық комиссияда медициналық тексеруден өтеді. Кейіннен комиссияның қорытындысы бойынша сотталған дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді, онда химиялық кастрацияға арналған препаратты тағайындау туралы шешім қабылданады. Препарат бұлшықет ішіне екі аптада бір рет немесе айына бір рет тағайындалады. Бұл талдау нәтижелеріне байланысты (тестостерон деңгейінің төмендеуі)», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, оқиға 13 шілде күні Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болған. Ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақатын алған бес жасар қыз өлі табылған еді. Бірқатар ақпарат көздері таратқан ақпаратқа сәйкес, қызды зорлап, өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған. Ал күдікті бұрын сотталған 1975 жылы туған нашақор болып шыққан.
Оқиға тәртіпсіздікке әкеліп, ашулы тұрғындар күдікті кісі өлтірушіні полициядан алып қалуға тырысты. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, екі ай мерзімге қамауға алынды.
Айта кетейік, Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған еді.
«Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді.
Құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды.
Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.
Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз»,- деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бұған енді бей жай қарауға болмайды. Бұл арада басын ашып көрсететін мәселе: «Педофилия» – жалпы ұғым. Оның «гебефилия» дегені – кәмілетке толмаған 12 жасқа дейінгі балаларға көңіл ауушылық болса, «эфебофилия» – 12-14 жастағыларға зауқы соғушылық деп ғылыми әдебиеттерде атап көрсетіледі.
Бұл әлемдік адами азғындық дерті дамыған елдерде 90 жылдардың соңында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция тағы басқа Еуропа елдерінде өзіне назар аударып, қалай күресу керектігі мықтап қолға алына бастады.
1996 жылы көршісі 33 жастағы Джесси Тиммендекас зорлаған 7 жасар Меган Канка оқиғасынан кейін АҚШ-тың барлық штаттарында бірінен кейін бірі «Меган Заңы» қабылданды. Бұл заң бойынша зорлықшы мекен-жайын көрсетіп отыруы керек. Ол туралы мәлімет ашық таратылуға тиіс.
Одан кейінгі екінші әрекет химиялық әтектеу (химической кастрации) Еуропа елдерінде педофилдерге қатысты қолданылып келеді. Үшінші түрі Индонезияда зор көлемдегі алтынмен бағаланған құн төлеу заңы. Ең соңғысы Қытайда өлім жазасына кесу. Осы оқиғадан кейін Президент тапсырмасын алған Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі әлемдік іс-тәжірибеге сүйене отырып, осы кесепатты жайттың алдын алуға батыл қадам жасайды деген ойдамыз.
Дәл мұндай сорақылық халқымыздың ата салтында да, асыл дінінде де болған жоқ еді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ұлтымыз әйелге ең алдымен ана деп қарап, баланы елдің ертеңі бағалады. Қонақ деп қызын төрге отырғызып, соңымдағы ізім деп балдырғанды тізесіне жайғастырды. Сол сана, сол түсінік, сол ұстанымнан қашан айырылып қалдық екен. Енді келіп қыз зорлаған, педофилдер жайлаған елдің қатарына қосылдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», деді.
Рас, елімізде бұған дейін заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Осыдан бірнеше жыл «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты президент Жолдауында «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», деген еді. Қылмыстық кодекстің 262-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 9-бабына бірқатар өзгертулер енгізілді. Қоғамды ізгілендіру шараларына 2 мыңға жуық адам тартылып, бас бостандығынан айырылғандардың саны 30 мыңға азайды.
Бірақ бұл ізгілендіру ісі ауыр қылмыс саналатын кісі өлтіргендер мен зорлағандарға, азаптағандарға, экстремизм мен терроризмге барғандарға, қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға қолданылған жоқ. Соған қарамастан еліміздің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке қарай бұру жұмысы қордаланған мәселелерді түбегейлі шеше алмады.