Осы орайда бүгін Түркістанда кәсіби мерекеге байланысты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. «Farab» кітапханасында өткен жиын аясында жұмыспен қамту саласында қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашқан азаматтардың дайын өнімдер жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуеметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының Президенті Еркінбай Шалтан қатысты. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, әлеуметтік қорғау саласының ардагерлері, тиісті салалық басқарма басшылары, әлеуметтік салаға жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және жұмыспен қамту органдарының қызметкерлері шақырылды.
— Кәсіби мереке иелерін шын жүректен құттықтаймын! Он жылдан бері жыл сайын аталып өтілетін бұл мерекенің орны ерекше. Әлеуметтік салада қызмет ету — қажырлық, төзімділік, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерін талап етеді. Сіздер осы адами құндылықтарды бойыңызға серік етіп, қаншама жанның алғысына бөленіп жүрсіздер. Аталған саланы тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар, жобалар қолға алынып, игі істер насихатталып келеді. Түркістан облысында әлеуметтік бағытта 3 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдарда, ал 100-ге жуығы әлеуметтік қорғау саласындағы бағынысты мекемелерде және 90-нан астамы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің аумақтық органдарында жұмыс істейді. Сала қызметкерлері құрметке лайық. Тағы да құттықтай келе, еңбектеріңіз жемісті болуын тілеймін, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында әлеуметтік саланың үздік қызметкерлері ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің наградаларымен, облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының, Облыстық кәсіподақ ұйымының «Грамоталары» және «Алғыс хатымен» марапатталды. Одан бөлек, жұмыспен қамту шеңберінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан 10 мүгедектігі бар адамға сертификат табысталды. Шара барысында концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, облыстағы әлеуметтік қорғау саласында қамқорлықты және көмекті қажет ететін жекелеген санаттағы азаматтар бүгіннің өзінде 707 мыңнан астам адамды немесе облыс халқының 33 пайызын құрап отыр. Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы мемлекеттік бюджеттен 14,4 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп, 152,2 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды, оның ішінде 30,8 мың адам жұмыспен қамтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызға дейін, кедейлік деңгейі былтырғы жылмен 23,3 пайызға төмендеді.
Бүгінде Қазақстанда 707,9 мың мүгедектігі бар азаматтар тұрса, Түркістан облысында 97,0 мың мүгедектігі бар азаматтар еліміздің 14% құрайды. 2023 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 11 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде, 45 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды. Одан бөлек, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу жолымен кедергісіз ортаны қалыптастыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осыған байланысты, облыс бойынша мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта құру үшін 3 472 әлеуметтік инфрақұрылымдық объектілерге паспорт жасалынып, қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді, 3 001 нысан ішінара бейімдеу шараларымен қамтылды.
2023 жылы «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 84-85 тармақтарын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның облыс бойынша 776 нысанды бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңға 696 нысан бейімдеу шараларымен қамтылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі