Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына жұмыс сапары барысында жеке кәсіпкерлік иелерімен кездесіп, жұмысымен танысты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Алдымен Хантағы ауылында орналасқан «Салы Алпамыс» шаруа қожалығында болды. Аталған шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысуды қолға алған. Құны 8,4 млн. теңге болатын жоба 2023 жылы іске қосылды. Жоба қуаттылығы – 35 бас. Мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер жеңілдетілген несие қаржысына жылқы сатып алған.
Осы шаруа қожалығы аумағында өңір басшысына Кентауда жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды. «Тажитдин Ата ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативі құс етін өндіру жобасын бастаған. Қазірдің өзінде тұтынушылары бар. Сонымен бірге балық шаруашылығы да дамуда. Жалпы Кентауда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 80-нен астам жоба қаржыландырылған. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, шаруалардың жаңа бастамасына жеміс тіледі.
– Өңірдегі ауыл-аймақ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы болғандықтан, мемлекет тарапынан шаруашылықпен айналысуға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыруға өңірдегі 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жоба арқылы ауыл шаруашылығын ғана емес, әр түрлі бағыттағы орта және кіші кәсіпкерлікті дөңгелетуге мүмкіндік көп. Жоба аясында жаңа өнеркәсіп орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруды көздеп отырмыз. Берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, облыс экономикасының дамуына бірлесе атсалысайық. Жұмыс берекелі болсын! – деді облыс басшысы.
Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру, жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21,4 млрд. теңгені құрайтын 4089 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде, уәкілетті органмен 3766 жоба қаралып, жалпы соммасы 18,1 млрд. теңгені құрайтын 3026 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 13,9 млрд. теңге құрайтын 2350 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі