Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан облысында 15 мұғалім Жапонияда білімін жетілдіріп келді

Облыс әкімінің өңірде салынып жатқан «Жайлы мектептерге» білікті мамандарды дайындау тапсырмасы аясында ұстаздар біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алды.

Түркістан облысында 15 мұғалім Жапонияда білімін жетілдіріп келді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бір апталық оқыту семинарына әр ауданнан бір-бір мұғалім іріктелді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Жапонияға барып, білімін шыңдап келген мұғалімнің бірі – Мақсат Нарымбетов. Ағылшын тілі пәнінің әдіскері білікті профессорлардың шеберлік сыныбына қатысып, жергілікті мектептердің сабақ өту тәсілін зерттеген. Білімі мен ғылымы озық елде теория мен тәжірибе қатар жүретінін айтады. Жинаған тәжірибесін енді өз шәкірттерімен бөлісуде. Алған әсері мен таңданысын бізбен де білісті.

Мақсат Нарымбетов, ағылшын тілі пәнінің әдіскері:

- 3 сыныпқа барған кезде сабақтың тақырыбы тәтті тоқаш туралы болды. Жергілікті жерге тән етіп, сыртқы формасын дайындайық деген оқушылар арасныда идеалар айтылды. Үш идеяны таңдап алды. Жергілікті наубайханаға ұсынып, кәсіпкерлер тұтынушыларға дайын өнім ретінде ұсынып жатыр.

Токиодағы Оқу семинарында делегаттар жапон білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, мұғалімнің кәсіби даму құлшынысы және оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру тәсілдерімен де танысып, тәжірибе жинаған.

Бақытжан Төлімбет, облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы:

- Тошия Чичибу деген «мұғалімнің сабақты зерттеуі» тақырыбында өте көлемді ғылыми мақалалар жазып жүрген ғалым кісі, сол кісінің тәжірибесінде лекциясында болып, теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да тәжірибе алмасып, жапон мемлекетінің білім беру жүйесімен танысып қайттық.

Сапар аясында Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісті. Алдағы 1,5 жылдың ішінде кезең-кезеңімен жүзге тарта Түркістандық мұлғалім күншығыс елінде білімін жетілдіретін болады.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры «Жайлы мектеп» жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Соған орай қордың қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Қо­ғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік меке­мелердің, «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының және түрлі қауымдас­тықтардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысқан жиында ұлттық жобаның жай-жапсары сөз болды.

Әуелгі сұрақ: ұлттық жобаға «Са­мұрық-Қазынаның» қандай қатысы бар? Сөйтсек, «жайлы мектептердің» құры­лысын үйлес­тіруші ретінде қор­дың еншілес ұйымы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы таң­далған екен. Тиісінше, жоба аясын­дағы құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, Samruk-Kazyna Construction құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айман­бетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жос­па­рын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тап­шылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маң­ғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алма­ты (22) қалалары. Бұл ретте 218 мек­теп – қалада, 183 мектеп ауылдық жер­де бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мек­теп салынады деген жоспар бар.

– Ұлттық жоба аясында 2025 жыл­ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

 

Құрылыстағы қоғамдық бақылау

М.Айманбетов мердігерлерге қатаң талаптар қойылатынын айтты. Жобаларды бағалау кезінде қол­даныстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сон­дай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өнді­ріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек.

– Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс, – деді компанияның басқарма төрағасы.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Samruk-Kazyna Construction іс-шаралардың ашықты­ғы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлмек. 2023 жылғы 10 ақпанда Samruk-Kazyna Construction-ның https://skcn.qaz.network/ жаңа онлайн платформасында жобалау мен мектепті толықтай салып, жөндеу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді таңдаудың байқау құжаттарын алдын ала талқылау басталды. Кез келген азамат құжаттарды қарап, өз ұсынысы мен ескертуін білдіре алады.

– Алдағы 20 ақпанда ашық ресурстарда байқау туралы хабарландыру жариялау жоспарланып отыр. Құрылысты қадағалау инженерлік қыз­меттері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Бар­лық сатып алу Samruk-Kazyna Construction-ның сатып алуға арналған онлайн платформасында жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құра­мына Samruk-Kazyna Construction компаниясының өкілдері ғана емес, «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі мен Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары да кіреді, – деп нақтылады Мәулен Айманбетов.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.

Біздің елде құрылыстың кейде уақы­тынан кешіктіріліп тапсырылатыны бар. Мұндай тәуекел «Жайлы мектеп» жобасында да алдан шығуы мүмкін. Алайда М.Айманбетов бұл жобада құрылыстың белгіленген кестеден кешігу тәуекелі өте төмен деп сендірді.

– Өйткені келісімшартта нақ­ты мерзім­дер көрсетіледі. Егер құры­лыс­­тың кешігуі тіркелсе, 15 күн ішінде келісім­шартты бұзып, басқа компания­ны таңдауға мүмкіндік бар. Сондық­тан мердігерлер адал жұмыс істейді және «қара тізімге» енбеу үшін жұмыс кестесін қатаң сақтайды деген сеніміміз бар. Әрбір нысанда техникалық қадағалау жүргізетін 3-5 сарапшы бекітіледі. Олар үнемі құрылыс басында болуға міндетті. Қатаң бақылау дегеніміз – осы, – дейді компания басшысы.