Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 қазан, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан облысының диқаны жазда егістікті суармай-ақ қауын өсірді

Түркістан облысының шаруалары қауын өсіруде тың тәсілді пайдалана бастады.

Түркістан облысының диқаны жазда егістікті суармай-ақ қауын өсірді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Яғни, егістікті суармай-ақ, мол өнім жинауға болатынын көрсетті. Оңтүстіктегі 45-50 градус ыстықта бір тамшы су ішпеген қауындар дәмді әрі үлкен болып өскен. Шаруалардың сөзінше, ауыл шаруашылығындағы бұл тәсілді ата-бабаларымыз бұрын да қолданған, деп хабарлайды newsroom.kz.

– Жылдан-жылға ағын су мәселесі күрделеніп келеді. Сондықтан бұрынғы ата-бабаларымыздың үйреткен тәжірибесін жасап көруге бел будым. Көктемнің алғашқы айларында суармалы су ешкімге керек емес кездер болады. Сол ақпан айының басында егістік алқабымды әбден суарып, су сіңдіріп алдым. Содан қауын ектім. Шілде айындағы 45-50 градус ыстықта да су берген жоқпын. 120 күн су ішпеді. Нәтижесінде қауындарым жақсы өнім берді. Дәмді болды,– дейді шаруа Азизхан Егембердиев.

Шаруа Қарнақ ауылында тұрады. Оның ауыл маңындағы жер учаскесінде егістікке арналған жері бар. Биыл соның 4 гектарына қауын, 1 гектарына қарбыз еккен. Нәпақасын жер-анадан іздеген шаруа жинаған өнімін жергілікті жерде саудаға шығарған. Дәмді қауынды тұтынушылар да көп болыпты.

Оның айтуынша, бұл тәсілді кез келген қауынның сортына пайдалана беруге болады. Тек жер тың болуы қажет. Енді шаруа алдағы жылдары егістік алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қауыннан мол өнім алып жатса, шет елге алып барып сату да ойында бар.

Айта кетейік, қауын (Cucumіs melo) – асқабақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Қауын жабайы түрде Оңтүстік-Батыс Азия мен Африкада өседі. Бұдан 2 мың жыл бұрын Қауынды Кіші және Орта Азия жерінде мәдени дақыл ретінде өсіре бастаған. Жапырағы ірі, кезектесіп орналасқан, жіңішке сабағы буындарға тарамданып жер бетіне төселіп өседі. Гүлі сары, дара жынысты, қос жынысты түрі де кездеседі. Жемісі – көп тұқымды, жемісінің түсі де, пішіні де сортына байланысты әртүрлі болады, салмағы 200 г-нан 16 кг-ға дейін. Қауынның жемісінің құрамында 4,5 – 18% қант, 0,6% белок, С, РР витаминдері, каротин болады. Қауын жәндіктер арқылы тозаңданады да, гүл жатыны түйнекке айналып жеміс салады. Қауын 25 – 300С температурада жақсы өседі, температура 150С-қа төмендесе өсуі баяулайды да, 3 – 50С-та үсікке шалдығады. Құрғақшылыққа төзімді, саздақ, құмайт, құмды жерлерде жақсы өседі. Пісу кезінде суарса немесе жаңбыр жауып топырақта ылғал шамадан тыс көп болса дәмі кемиді, кейде шіріп те кетеді. Қауын сорттары мен түрлеріне қарай әңгелек, әміре, т.б. топтарға бөлінеді. Қауынды тіліп кептіріп қауынқақ жасайды, қауынқұрт қайнатады, тосап, мармелад, т.б. дайындайды. Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы жерлерде гектарынан 300 – 400 ц өнім алынады. Себер алдында шопағын 6 – 7 тәулік күнге жайып, не 4 – 6 сағат 50 – 60 0С температурада қолдан қыздырады. Топырақ температурасы 12 – 140С-қа жеткенде егеді. Қауынның Қазақстанда аудандастырылған сорттары: Іле, Ашық сары, Бұхара – 944, Іші қызыл – 189, Қалайсан, 1940 жылы Қызылорда облысының диқандары шығарған – әңгелек, ерте пісетін – Ақ дәмбілше, орта мерзімде пісетін – Колхозшы 749/753, кеш пісетін – Қара күләбі, торлама т.б. түрлері бар. Қауын өсіру, оның тұқымын жақсарту жұмысымен Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шұғылданады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі