Қызылорда облысында мемлекеттік қызметкерлерді суреттері арқылы бопсалаған алаяқтар тобы анықталды. Шенеуніктердің бірі полицияға көмек сұрап жүгінді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алаяқтар әлеуметтік желідегі аватарларына сұлу қыздардың суреттерін қойып, жалған парақшалар ашқан. Сонан соң сол қыздың атынан ер адамдармен әңгіме-дүкен құрған. Уақыт өте келе алаяқтар жалаңаш суреттер жіберіп, шенеуніктен де сурет жіберуін сұраған.
Кейін бұл іске банданың басқа мүшелері қосылған, олардың міндеті ақша бопсалау болған. Олар шенеуніктердің суретін көпшілікке жария етеміз деп қорқытып, картасына ақша аударуды талап еткен.
Қызылорда облысында 12 мемлекеттік қызметкер алаяқтардың құрбаны болды.
Тергеуден кейін 11 жәбірленуші ақшасын қайтарып алғаны белгілі болды: олар азаматтық талап қоюдан бас тартты. Жалғыз Б есімді жәбірленуші кері қайтарылған 500 мың теңгені алмай, бопсалаушыларды сотқа беруге шешім қабылдады.