Танымал әнші Мейрамбек Беспаев бүгін 7 қарашада, өзінің туған күнінде “Аспан” радиосын ашты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
98.9 толқыны арқылы таралатын радионы бұрын сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталған экс-вице министр Эльмира Субханбердиевамен бірлесіп ашыпты. Бұл туралы журналист Дина Елгезек өзінің әлеуметтік желісінде бөлісті.
“Аспан - асқақ, маңғаз, қол жетпес.
Енді қазақтың мөп-мөлдір аспанында тек қана талғамы биік тыңдармандарға арналған кәсіби музыка қалықтайтын болады... деп сенгім келеді. Өйткені, “Аспан” музыка әуе кемесінің капитаны - профи Мейрамбек Беспаев! Бүгін “Аспан” атты жаңа радио іске қосылды.
Бұл радиода халтуршиктерге орын жоқ, тек қана саф өнердің сарбаздары сап түзейді!Эльмира Субханбердиева мен Мейрамбектің біріккен жобасына сәттілік тілейміз!,”- деді Дина Елгезек.
Ал, журналист Ахметжан Аятжан Мейрамбектің Эльмира ханыммен радио ашқанына көңілі толмағанын жеткізіп, пост жазды.
“Мына кісі қазақтың ең сүйікті әншілерінің бірімен бірігіп радио ашқан ба? Мейрамбек & Суханбердиева деген бірге жұмыс істеуін көзіме еш елестете алмайды екем... Біреуі ең сүйікті, құрметтейтін әншім...
Біреуі білім саласының түбіне жеткен, Астананың білім басқармасын, білім және ғылым министрлігін былықтырған, жемқорлық бабымен істі болып толық мойындап, ақша төлеп босап кеткен ең құрметсіз экс вице-министр... От пен су қосыла ма ағайын?
Бұндайдан сапалы дүние шыға ма?”,- деді Ахметжан Аятжан.
Айта кетейік, Эльмира Субханбердиева түрмеде отырған кезінде, “Түрме вице-министрдің көзімен” атты кітабын шығарған болатын.
Сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталған Эльмира ханым барлық кінәсін мойындап, оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Жалпы, ол 5 948 900 теңгені төлеуге міндеттелді.
Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік ұйымдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.