Астанада «Менің елім – менің туым!» челленджі аясында қала тұрғындары 1000-нан астам ту ілді. Бұл туралы newsroom.kz порталы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Республика күнін мерекелеу барысында елорда тұрғындары «Менің елім – менің туым!» челленджін өткізді. Астананың 5 ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-ға жуық ту ілінді.
«Астана жастары» еріктілері мемлекеттік рәмізді дәріптеу бойынша алғашқылардың бірі болып үлкен акцияны бастады. Instagram желісінде олар қазақстандықтарды өздерінің тумен түскен фото/видеоларын жариялауға және #RepublicDay #РеспубликаКүні #kzdayrepublic хэштегімен белгілеуге шақырды.
Еріктілердің айтуынша, патриоттық шара жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарының ғана емес, елорда көшелерімен өтіп бара жатқан адамдарды да қуанышқа бөлейді.
Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б.Момышұлы даңғылдары, Сарайшық, Сығанақ, Достық көшелері, Республика, Ұлы дала даңғылдары және т.б.) жол бойында ҚР тулары ілінген. Жалпы Астана қаласы бойынша мыңнан астам ту ілінді.
Еске сала кетейік, 2015 жылы балконға ту ілгені үшін елорда тұрғыны Жандос Құрманбаевқа 396400 теңге айыппұл салған болатын.