Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды.
Шымбергенов пен жапон боксшысының арасындағы жекпе-жек нәтижесі әлі де қызу талқыда. Қазақстан бокс федерациясы да бұл шешімге наразылығын білдіріп, өз чемпионын қолдау мақсатында елге оралған соң оған автокөлік сыйлайтынын мәлімдеген еді. “Қазақстан өз боксшыларын қорғайды. Бұл үшін сіздерге рақмет!- деп жазды мәлімдемеде ҚБФ.
Ал, журналист Серғали Балажан Азиада ойындарындағы әділетсіздіктің себебі - Қазақстанның халықаралық спорттағы беделінің жоқтығынан дейді.
“Боксшылардың жеңілісі. Біздің боксшылардың бәрі жеңілген жоқ (Сәкен Бибосынов пен Сағындық Тоғамбай және Ертуған Зейнуллинов жеңілді. Махмуд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов жеңді және Нұрбек Оралбай да жеңілді деп айталмайм). Төрешілер тартып алды. Не үшін тартып алды? Өйткені Қазақстанның халықаралық спортта беделі жоқ. «Ұлы геополитик» владимир путиннің тілімен айтқанда, біз қорқақтардың қатарынанбыз. Бізді кез келген уақытта темекіге жұмсап, қалтадағы артық ақшамызды тартып алып қоюға болады, біз үндемей көндігіп отыра береміз. ХОК пен АИБА АҚШ, Ресей, Қытай секілді елдердің спортшыларына дәл осындай қиянат жасай алмайды-ау…” - деді ол.
“Жеңілістерімізге кінәлі өзімізбіз” деген журналист спорт саласын нағыз өз мамандары басқарса, бұлай болмас еді, деп қынжылды.
“Басқа да спорт түрлеріндегі сәтсіздіктер - спорт саласын Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова, Асхат Оралов сияқты азаматтар басқарғанның салдары деп ойлаймын. Бәлкім мәдениет саласына қосқан үлесі зор шығар бұл кісілердің, бірақ спортты өз маманына басқарту керек еді деген ойдамын. Жеңілістерімізге «Аллаһтың» еш қатысы жоқ, бар кінә өзімізден.” - деп жазды журналист.