Атақты қазақстандық олигархтың былықтары ашылуда

АҚШ соты Александр Клебанов пен Сергей Канды рейдерлік ісі бойынша шақырып жатыр.

inbusiness.kz

Оларды Америкада қазақстандық бизнесмен, "Қазақстан Эксимбанкі" директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі, "ЦАЭК" бұрынғы президенті Еркін Әмірханов сотқа берді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Белгілі болғанындай, америкалық сот олигархтарға және ҚР ҰҚК өкілдеріне соттағы талқылауға қатысуға шақырту жіберген. Оған сәйкес, олар Нью-Йорктің шығыс округі бойынша АҚШ Округтік сотына келуі керек. Бұл туралы соттың ресми сайтында жарияланды.

Бірақ бұл қылмыстық емес, азаматтық іс болып табылады. Талап арыз "ескі Қазақстан" тұсында, 2018 жылы болған атышулы оқиғаға қатысты: сонда Әмірханов тұтқындалды. Хикаяның соңында Әмірхановқа ЦАТЭК акцияларымен қош айтысуға тура келді, орнына банкрот Эксимбанктің бақылаушы пакетіне ие акционер болды.

2018 жылғы 18 сәуірде Ұлттық банктің жұмысын қорытындылауға арналған кеңесте сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Эксимбанкті", Qazaq Banki және "Астана банкін" аяусыз сынға алды. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәлімдеме қожайындарының ашық қарсылығына қарамастан, аталған банктердің жабылуына негіз болды. Ұлттық банк дереу олардың банктік лицензиясын тоқтатты.

"Эксимбанк" қожайыны қос энергетикалық магнаттың үстінен биылғы 21 сәуірде америкалық сотқа шағымданды. Ал биылғы 22 қыркүйекке дейін жауаптылар сотқа келуге тиіс. Әйтпесе, америкалық заңнамаға сәйкес, егер Клебанов, Кан және ҰҚК өкілі аталған сот талабына ден қоймаса, онда оларға қарсы сырттай шешім қабылданады.

Кезінде, 2017 жылы 135 млн доллар актив-ауқатымен Forbes нұсқасы бойынша қазақстандық ең бай 50 бизнесменнің қатарына кірген бизнесмен Еркін Әмірханов – Клебанов пен Канның бұрынғы серіктесі. 2017 жылы ол "Параға коммерциялық сатып алу" жасады деген күдікке ілігіп, абақтыға жабылды. Істі ол кезде Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өзі тергеген.

Бүгінде ол қазақстандық олигархтарды рейдерлікке, мүлкін, яғни ЦАТЭК компаниясындағы 31% үлесін тартып алғанына айыптап отыр. Бұған қоса, Әмірхановтың айтуынша, ол Мәсімов кезінде ҰҚК изоляторында қамауда отырғанда, серіктестері оны сол кездің өзінде банкрот болған "Эксимбанк" акцияларын өзіне рәсімдеуге мәжбүр еткен. Сондықтан ол өзі қол қойған барлық келісімдер мен мәмілелерді заңсыз деп тануды талап етуде.

Orda.kz жазғандай, әлдебір Е.Цой "ЦКЭМ" АҚ-ына жабдықтар жеткізу жөніндегі контрактіні бекітуде қамқоршылық жасау үшін Әмірхановтан ірі сомада пара алғанын хабарлапты. Алайда бизнесмен қамауда тиісті құжаттарға қол қойған соң, Е.Цой өз өтінішін кері алды, іс те доғарылды. Е.Әмірханов тергеу изоляторында үш ай отырып шықты.

Күні кеше КазТАГ агенттігі кәсіпкердің үлкен сұхбатын жариялады. Онда Еркін Әмірханов Түркістан облысында ресейлік "Росатомға" сатылып кеткен Буденовское атты уранның алып кен орнын Александр Клебанов пен оның бизнес серіктесі, хорваттық-ресейлік кәсіпкер Василий Анисимовтың тегін алғанын мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, бұл схема келесідей болған.

"Барлығы 2010 жылы басталды: сонда "СГХК" ЖШС (Степногор тау химиялық комбинаты) Анисимов-Клебанов тобының басқаруына берілді. Сол жылы Анисимов пен Клебанов New Power Systems LTD компаниясынан "Кен Дала.KZ" АҚ компаниясының инфрақұрылымын рейдерлік жолмен тартып алуға қатысқан болатын. Бұдан бұрын Үкімет "Кен Дала.KZ" компаниясының жер қойнауын пайдалануға лицензиясын біржақты тәртіппен кері қайтарып алды. Ал кеніштегі инфрақұрылымды толығымен жеке инвестор тұрғызған болатын", – деп әңгімеледі Әмірханов өз сұхбатында. 

Оның пікірінше, жеке инвестор Евгений Чарышкиннің Мұхтар Жәкішевпен байланысты болыпты.

"Сондықтан Клебанов колонияда отырған Мұхтарға барып, одан New Power Systems LTD бенефициарына ықпал етуді, оны өз үлесін "Добывающее предприятие Орталык" ЖШС-ына тапсыруға "көндіруін" өтінген. Ақыр соңында аталған активті олар жеке инвестордан тартып ала алды. Кейін Клебановтың өзі айтқандай, дәл сол кезде ол, Анисимовпен бірге бірлескен кәсіпорын құруға Елбасының келісімін алыпты. Бірлескен кәсіпорынға "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы кірді, оған акциялардың 51%-ы тиді. Ал "СГХК" ЖШС үлесі 49% болды. Бұл ретте "Қазатомөнеркәсіптің" бірлескен кәсіпорынға енгізген жарнасы – Буденовское кен орнының №6 және №7 учаскелеріне геологиялық барлау жүргізу құқығы болды", – деді ЦАЭК бұрынғы басшысы.

Жаңа бірлескен кәсіпорын Степногор комбинатында жылына 2200-2300 тонна шикізат шығаруға тиіс болды.

"Бертінде, 2021 жылы бұл сан жылына 6 мың тоннаға дейін жетті. Қалай болғанда, Буденовское кен орнының №6, №7 учаскелеріне құқықты бірлескен кәсіпорын тегін алды: ол "Қазатомөнеркәсіптің" бірліскен компанияның жарғылық капиталына жарнасы болды. Сол кездің өзінде кен орнындағы Р2 санатындағы уран қоры 70 мың тонна болатын! Әрине, Анисимов-Клебанов ол телімді геологиялық барлауды қаржыландырған да шығар, бірақ оның инвестициясының аталған кен орнының активін Ресейге сатудан түскен сомаға сайма-сай болуы неғайбыл", – деді Е.Әмірханов.

Ол бір жайтқа назар аудартты. Сөз болып отырған бірлескен кәсіпорынды құру рәсімдері аясында 2015 жылы барлық мүдделі органдар ведомствоаралық комиссияға өз қорытындыларын берді.

"Сонда Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қорытындысында аса маңызды жайтты ерекше қадап айтты: ҰҚК "егер "СГХК" ЖШС бірлескен кәсіпорындағы өз үлесін үшінші тұлғаларға сатып жібермесе және контрактілік міндеттемелерін орындауға міндеттенсе ғана онымен бірлескен кәсіпорын құруға болады деп санайды". Бұл – ҰҚК қорытындысынан цитата. Қорытындының көшірмесі менде бар. Қазақстан қоғамы бұл кейске (оқиғаға) қатысты шынайы көріністі білуге тиіс", – деді Еркін Әмірханов. 

Осы орайда Ұлыбритания Клебанов пен Анисимовтың компанияларына елден тып-тыныш қана кетіп қалуына рұқсат етпей қойғаны мәлім болды. Осы мақсатта британ патшалығы Ganberg және Gexior компанияларын ликвидациялауды тоқтатып тастаған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оларды миллиардер Василий Анисимов пен Александр Клебанов бақылайды.

2022 жылғы желтоқсанға дейін бұл компаниялар Қазақстандағы Буденовское уран кен орнының бір бөлігіне иелік еткен еді. Артынша Анисимов пен Клебанов бұл активті "Росатом" құрылымына кіретін компанияларға сатып жіберді.

Айта кету керек, бұл жобадағы бақылаушы пакет – 51%-ы әлі күнге "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі. Осының арқасында жаһандық беделі бар ұлттық атом компаниясы жобаның темірқазығы саналады және оның толығымен Ресей еншісінде кетпеуіне азды-көпті кепілдік береді.

Ал жобаның екінші бөлігі – "СГХК" қолдан қолға өтті. Ақыры Ресейдің қолына түсті.

"Буденовское" бірлескен кәсіпорны" ЖШС-ын құру туралы шешім 2015 жылы қабылданды. Аты айтып тұрғандай, ол Түркістан облысы аумағындағы Буденовское кен орнында №6, №7 учаскелеріндегі уранды барлап, өндіреді. Кәсіпорын 2016 жылы құрылған. Бастапқыда оған "Қазатомөнеркәсіп" (51%) пен "Степногор тау химиялық комбинат" (СГХК, 49%) қожайын болды.

2016 жылы осы СГХК сингапурлық оффшорлық Rosdale PTE Ltd компаниясына тиесілі болған. Алайда 2017 жылғы мамырда Қазақстан Үкіметі Rosdale PTE Ltd-ға "Степногор тау химиялық комбинатын" (СГХК) екі басқа заңды тұлғаға сатуға рұқсат етті. Салдарынан, СГХК Ganberg UK Ltd (60%) және Gexior UK Ltd (40%) компанияларының меншігіне өтті. Қос құрылым да соның қарсаңында, 2017 жылғы 1 наурызда Ұлыбританияда құрылған.

Олардың бас компаниясы да бір: Degevol UK ltd. Онысы қос еншілес ұйымынан бір күн бұрын, 2017 жылғы 28 ақпанда Ұлыбританияда тіркелген екен.

Осылайша, ресейлік Василий Анисимов пен қазақстандық А.Клебанов Қазақстандағы алып уран кен орнының тең қожайындарына айналып шыға келді.

Алайда былтыр, қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі олигархтарға қатысты былықтар ашық айтыла бастады. Оның үстіне Клебановқа қарайтын, жаңғыруына инвестиция салмауы кесірінен әбден тозған энергетикалық кешендерде апаттар бола бастады. Алдымен 2022 жылғы 20 наурызда Петропавл ЖЭО-2-інде үш алып мұржаның бірі шіріп құлап, қызметкер әйелді мерт қылды. Ізінше, былтырғы қарашада олигарх иелігіндегі Екібастұз жылу электр орталығында алапат апат болды. Оның салдарларын жоюға Үкімет ел қаржысын шығындауда.

"Жаңа Қазақстанда" Клебановқа тықыр таянды. Содан болса керек, 2022 жылғы желтоқсанда СГХК-ның қожайыны өзгерді. Бұл мәміле ақпарат айдынында жанжал туғызды. Себебі, СГХК енді "Ураниум Уан Груп" АҚ мен "Логистический центр ЯТЦ" АҚ меншігіне өтті. Екеуі де ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясының құрымына кіреді.

Бұл ретте "Росатомның" бірнеше кәсіпорны қазірдің өзінде Батыс санкцияларына ілікті: арасында Росатомның шетелдегі жобаларын ілгерілетуге жауапты "Русатом Оверсиз" бар.

"Рос­атом" басшысы Алексей Лихачев та санкциялық қара тізімге енді. Сондықтан құрдымға құлау алдында тұрған ресейлік корпорацияның қазақстандық ірі стратегиялық нысанға иелік етуі Қазақстан жұртшылығының және сарапшыларының алаңдаушылығын туғызды. Егер Батыстың келесі санкциялық топтамасына "Росатом" да енсе, онда, қазақстандық кен орнына озық техника мен технология жеткізуге тыйым салынуы мүмкін. Ал бұл оның деградацияға ұшырауына соқтыруы ғажап емес.

Energy Analytics сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, бұл кен орнын қолға түсіру Мәскеу үшін аса маңызды болды: 2022 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда "Қазатомөнеркәсіп" уранның 55%-ын өндіреді. Ал "Росатомның" өндірісі – 21%. "Буденовское" бірлескен кәсіпорынның өндірісі қосылғанда, "Росатомның" Қазақстандағы жалпы өндірістегі үлесі тағы 10%-ға өсуі мүмкін. Нарымбетовтың байламынша, егер "Росатом" Ресейге қарсы санкцияларға іліксе, онда "Қазатомөнеркәсіпке" де онымен бірлесіп шығарған өнімін шетелдік нарықта сату қиындауы ықтимал.

СГХК сатылған соң, 2023 жылғы маусымда Ұлыбританияда тіркелген барлық үш компания – Ganberg UK Ltd, Gexior UK Ltd және Degevol UK Ltd тіркеуден алып тастауға, яғни іс жүзінде жоюға өтініш енгізді. Себебі, олар өз мақсатына жетті: қазақстандық уран кен орнындағы үлесін сатты. Алайда тамызда Ұлыбританияның тіркеу палатасы Companies House жою процесін уақытша тоқтатып тастады. Дегенмен, кейін оларды жою үрдісінің жалғаспасына кепілдік жоқ.

Жүктелуде...