Алматыдағы Достық үйінде «Қыран елім – Қазақстаным» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын Республика күні мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналды.
Іс-шараның мақсаты – Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи маңызын айқындау, қазақстандық патриотизмді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және елдің бірлігі мен тәуелсіздігі идеяларын қоғамда одан әрі орнықтыру.
Конференцияға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков өз сөзінде тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды:
– Бүгін біз еліміздің тарихындағы аса маңызды кезеңді еске алу үшін жиналып отырмыз. 1990 жылдың 25 қазанында Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолындағы алғашқы әрі шешуші құқықтық акт болды. Бүгінгі міндетіміз – патриоттық сананы күшейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамды ел бірлігі мен тәуелсіздігі идеяларының айналасына біріктіру. Тек бірлік арқылы ғана егемендіктің мұратын лайықты жалғастырып, халқымыздың өркендеуін қамтамасыз ете аламыз. Баршаңызды Республика күнімен және Декларацияның қабылдану мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Елімізге береке, бірлік және табыс тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ, іс-шарада маңызды сөз сөйлеген академик, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев бұл күннің өз өмірі мен кәсіби жолында ерекше маңызға ие екенін атап өтті:
– Тәуелсіздік дегеніміз – тек саяси еркіндік емес, ол – жауапкершілік. Білім мен ғылымға, келер ұрпақтың болашағына деген жауапкершілік. Мен үшін бұл мерейтойдың орны бөлек. Декларация қабылданған жылы ең жас ғылым докторы ретінде жас ғалымдар кеңесінің атынан депутаттыққа алғаш сайландым. Ел тарихы дәлелдегендей, тек білім мен интеллектке сүйеніп, дәстүр мен инновацияны ұштастыру арқылы ғана егемендігімізді нығайта аламыз. Сондықтан бүгінгі конференция тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағытталған жаңа идеялар мен бастамалардың бастауы болсын, – деді Асқар Жұмаділдаев.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архиві арнайы тақырыптық көрме ұйымдастырды. Онда Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы мен Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдеріне қатысты бірегей құжаттар, фотосуреттер және сирек материалдар қойылды.
«Қыран елім – Қазақстаным» конференциясы тәуелсіздік, бірлік және жасампаздық идеяларын дәріптей отырып, ұрпақтар сабақтастығын паш еткен тағылымды іс-шара болды.