Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 қыркүйек, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Исмагил Ғалиуллинді Танкист күнімен құттықтады

Еліміздің Қарулы күштерінде 15 қыркүйекте Танкист күні атап өтіледі.

Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Исмагил Ғалиуллинді Танкист күнімен құттықтады

Қарт майдангерді құттықтауға «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, әскери қызметшілер, әскери оркестр және Қарағанды мектептеріндегі «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары келді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев: «Сіздің Ұлы Отан соғысының майдандарындағы жауынгерлік жолыңыз Қарулы күштердің әскери қызметшілері үшін әскери борышты орындау мен патриотизмнің жарқын үлгісі болып табылады. Бүгінгі мерекеде Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!», – деп, Қорғаныс министрінің атынан Алғыс хат пен «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.

Исмагил Нигматович Галиуллин 1926 жылы Башқұртстанның Белебей қаласында дүниеге келген. 1943 жылы майданға алынып, Т-34 танкісінің механик-жүргізушісі болып соғысқан. Белоруссияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған.

 – Менің білімге деген ашкөздігім ерекше еді. Жаңа техниканы аса бір құштарлықпен игеруге кірістім. Ақыр соңында танкті толық танып-білдім деп айта аламын. Мүмкін бұл менің өмірімді сақтап қалған шығар. Ұрыста ойлануға уақыт жоқ. Бәрі автоматты түрде. Мысалы, танктің алдыңғы сауыты қалың, ал борт пен артқы жағында одан бірнеше есеге аз. Сол себепті сізге сауатты маневр жасауға тура келеді, – дейді ардагер.

Майдангердің қызы Флюра Исмагиловна әкесі Ұлы Отан соғысын аяқтаған соң тағы бес жыл қызмет еткенін айтады. Өз орнына жастарды дайындау қажет болған. Туған үйіне тек 1950 жылы оралыпты. Шаңырақ көтеріп, үйлі болған. Белебеев ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру техникумын, кейін Башқұрт ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, «агроном» мамандығын алған. Қазақстанға жолдамамен келген. Мұнда ол отыз бес жылдан астам уақыт кәсіптік мектепте оқытушылық қызмет атқарды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, зейнетке шыққан.

Ардагер танкист 2014 жылы сол кездегі «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Сұлтан Қамалетдиновпен бірге Спасск полигонына барып, Т-72Б жауынгерлік танкісін тізгіндеген болатын. Сол жолы қарт майдангер механик-жүргізушілерге арналған нормативтерді «өте жақсы» бағаға тапсырып, таң қалдырған.

Бүгінде Исмагил Галиуллин 1945 жылы жауды талқандап, ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған Қарағанды өңірінде қалған жалғыз танкист.