Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 қыркүйек, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақтанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

Қазақтанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

Қазақтанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді
ашық дереккөзі
Жалақы, жәрдемақы шәкіртақы шәкіртақы көлемі артады.

Елімізде биылғы 1 қыркүйектен бастап «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы күшіне еніп, бірқатар сала мамандарының жалақысы артады, сонымен қоса үй жануарларын ұстаудың ережелері де өзгермек, деп newsroom.kz хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы

1 қыркүйек күні сағат 11:00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы тікелей эфирден көрсетіледі. Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлейді. Жолдаудың басты бөлігі еліміз экономикасының дамуына, жалпы экономикалық модельді өзгертуге бағытталмақ. Бұған дейін Мемлекет басшысы жаңа Жолдауда экономиканың қай бағыттарына баса назар аударуы керек деген сауалға бірқатар сарапшы жауап берген еді. Толығарақ мына сілтемеде.

Жалақы, жәрдемақы шәкіртақы шәкіртақы көлемі артады

Биылғы 1 қыркүйектен бастап балабақша педагогтерінің жалақысы 30 пайызға дейін өседі. Тәрбиешілердің жалақысы соңғы 4 жылда кезең-кезеңімен 2,5 есеге дейін артқан. Енді жаңа оқу жылынан бастап 98 мың педагогтің еңбекақысы тағы көтеріледі. Сонымен бірге биыл 20 мыңнан аса тәрбиеші біліктілікті арттыру курсынан өтетін болады.

Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы артады

Сонымен бірге дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың жалақысы тағы да өсетін болады.

Еске салсақ, биыл Үкімет қаулысымен мемлекеттік медициналық ұйымдарда еңбек ететін дәрігерлердің жалақысын – 30%, ал орта персоналдың айлығын 20%-ға арттыру шешімі қабылданды. Оған сай, еңбекақы төлеу коэффициенттері бекітілді. Алайда, министрлік дерегінше, көтерілген коэффициенттердің өзі 30% және 20% өсімді қамтамасыз ете алмайды.

Сондықтан да еңбекақы алатын медицина қызметкерлері мен салалық келісім бойынша жалақы алатын ТМККК және МӘМС шеңберінде қаржыландырылатын денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлері арасында еңбекақы төлеуде алшақтық орын алып отыр. Осы алшақтықты жою және қызметкерлер арасында резонанс туғызбау үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға белгіленген түзету коэффициенттерін дәрігерлерге 2,73 орнына 3,42 мөлшерінде, орта медициналық персоналға 2,05 орнына 2,34 мөлшерінде арттыру ұсынылған.

Өзгерген коэффициент негізінде жалақы төлеу 1 қыркүйектен басталады. Яғни, сол уақыттан дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың айлығы өседі

Студенттердің шәкіртақысы өседі

Бұдан бөлек биылғы 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі. Атап айтқанда, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға, ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артады.

Шәкіртақы мөлшері:

– докторанттар – 217 500 теңге;

«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша докторанттар – 217 500 теңге;

– даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлер және магистранттар – 111 579 теңге;

– магистранттар – 97 024 теңге;

– интерндер – 75 890 теңге;

– жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттер – 67 200 теңге;

– даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер – 41 898 теңге;

– техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттер – 32 681 теңге;

– техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттер – 31 422 теңге.

Білім саласында не өзгереді?

«Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енеді

Биылғы 1 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындарының барлық студентін жатақханамен қамтамасыз етуді көздейтін «Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енеді. Соған сәйкес, ахуалдық және дағдарыс орталықтарының міндеті студенттерге баспана табуда қажетті көмек көрсету болып отыр. Сонымен қатар әрбір университетте студенттерді жатақханамен қамтудың және жатақханаға орналастырудың бекітілген алгоритмі бар. Бұл алгоритм туралы толық ақпарат университеттердің ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде берілген.

Бұған әр университеттің ректоры тікелей жауапты болмақ. Министрлік университеттер өз міндеттерін орындамаған жағдайда, оларға қатысты тиісті шара қабылдайтын болады.

Шет тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ақпараты бойынша, 2023-2024 оқу жылында тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу мақсатында қазақ тілінде оқытатын 1-сыныпта «Әліппе/Ана тілі» пәндері оқытылса, «Орыс тілі» пәні 2-сыныптан бастап оқытылады.

Ал орыс тілінде білім алатын сыныптарда 1-сынып оқушылары «Қазақ тілі» және «Букварь» пәндерін оқиды.

Бұдан былай «Шет тілі» пәні 1-2-сыныптарда емес, 3-сыныптан бастап оқытылады.

Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істейді

1 қыркүйекте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Оның басты мақасаты – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.

«Біз тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөлеміз. Сондықтан, бұл жұмыста біз үшін ата-аналардың қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты биыл 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды», – деп атап өткен еді министр Ғани Бейсенбаев Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.

Сонымен бірге 1 қыркүйектен бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру басталады.

1-4 сыныптарға тегін тамақ беріледі

Сонымен қатар биыл 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен толық қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге барлық оқу орны дабыл түймелерімен, лицензиясы бар күзетшілермен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталмақ.

Үй жануарлары есепке алынатын болады

Үй жануарларын есепке алу ережелері 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Оның негізінде иттер мен мысықтарды міндетті есепке алу көзделген.

Заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес, үй жануарларын есепке алуды жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Заңнамаға сәйкес жануардың иесі немесе оған жауапты тұлға есепке алу бұйымын дербес айқындайды, бұл ретте үй жануарларын есепке алу құралдарына болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар жатады.

Есепке алу нормаларын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 407-2-бабында тиісті айыппұл көзделген.

Еске салайық, үй жануарларын есепке алу жұмыстары бұған дейін де жүргізілген, бірақ міндетті болған жоқ. Адамдар үй жануарларын шетелге апарған кезде немесе жануарлардың қауіпсіздігі үшін қажет болған жағдайда ғана микрочип салған. Мысалы, ит қашып, адасып кетіп, табылса, онда жануарларға арналған баспанаға хабарласу арқылы чипті сканерлеп, иесінің кім екенін және онымен қалай байланысуға болатынын анықтауға болатын еді.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Биылғы Президент жанындағы Жастар кадр резервіне іріктеу 1 қыркүйектен басталады.

Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының талантты жастар үшін пәрменді әлеуметтік лифт болып табылатын алғашқы жария бастамаларының бірі.

Іріктеу шеңберінде кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті, сондай-ақ құзыреттері бағаланады және олар бірқатар әңгімелесуден өтеді.

Іріктеуден сәтті өткен адамдар мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынады.

Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу екі жылда бір рет өтеді. Бұған дейін тиісті резерв 2019 және 2021 жылдары жасақталды. Олардың ішінен 264 резервші мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы әртүрлі лауазымға тағайындалды.