Үкімет құрамына жасанды интеллект негізінде жасалған министрді қосқан әлемдегі алғашқы ел – Албания болып отыр.
Бейсенбі күні Тиранада өткен Социалистік партия жиынында партия көшбасшысы, премьер-министр Эди Рама үкіметтегі өзгерістерді жариялап, Диелла есімді жаңа министрді таныстырды.
«Диелла – үкіметтің физикалық емес, жасанды интеллект арқылы виртуалды жасалған алғашқы мүшесі», – деді Рама әріптестеріне.
Премьердің айтуынша, албан тілінде «күн сәулесі» дегенді білдіретін Диелла алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуларға жауапты болады. Бұл қадам жемқорлық тәуекелін жоюға бағытталған.
Раманың сөзінше, енді Албанияда мемлекеттік тендерлер «100 пайыз әділ, ал бюджет қаржысы 100 пайыз ашық» болады.
Қазірдің өзінде Диелла азаматтарға барлық дерлік мемлекеттік қызметті онлайн форматта ұсынатын e-Albania платформасын басқарып отыр.