Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 тамыз, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жұмысқа табуға жәрдем: Астанада қандай бағдарламалар іске асуда?

Жұмысқа табуға жәрдем: Астанада қандай бағдарламалар іске асуда?

Жұмысқа табуға жәрдем: Астанада қандай бағдарламалар іске асуда?
ашық дереккөзі
  Елордада тұрғындарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша жұмыс белсенді жүріп жатыр. Бұл – елордадағы еңбек мобильділігі орталығының басым міндеттерінің бірі. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының да міндеті осы жұмыс мәселесі екені айдан анық жазылған. 491,1 мың жұмыс орнын, оның ішінде, 15,7 мың тұрақты жұмыс орнын және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру деп нақты көрсетілген. Ал елордадағы еңбек мобильділігі орталығының қызметі туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мекеме директоры Олжас Омар айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Бүгінгі таңда Астананың Мансап орталығы халықты жұмысқа орналастыру аясында 9 негізгі бағыт бойынша қызмет көрсетеді екен. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге); Тәжірибе кезеңі еңбек өтіліне байланысты есептеледі, сонымен қатар аяқтағаннан кейін штатқа жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Ұзақтығы 18 айдан аспайды. Талаптар: 3 жылдан кешіктірмей алынған аттестаттың немесе дипломның (ЖОО немесе колледж) болуы; Мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы; Жасы 35-тен аспайды. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 200-ден астам адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы іске асырылуда. Осы санат бойынша жұмысқа орналасуға қойылатын талаптар: 5 жылдан кешіктірмей алған дипломының болуы (ЖОО немесе колледж); Мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы; Жасы 35-тен аспайды. Еңбек жағдайлары: Кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге); Практика кезеңі еңбек өтіліне есептеледі; Аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылады; Ұзақтығы 12 айдан аспайды; Бүгінгі таңда жыл басынан бері осы бағдарлама бойынша 600-ге жуық адам жұмысқа орналастырылыпты. Оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру мақсатында зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыру мақсатында Астанада «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы жүзеге асырылады. Қатысу үшін 2 жылдан кешіктірмей (ЖОО немесе колледж) алған дипломның болуы қажет. Жасы 35 жастан аспауы керек. Кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге); Тәжірибе кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Ұзақтығы 6 айдан аспайды. Сонымен қатар, жұмыссыздарды, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын оқудан бос уақытында «қоғамдық жұмыстарға» жұмысқа орналастыруға болады. Ұзақтығы 12 айдан аспайды; Кепілдендірілген жалақы – 35 АЕК (120 750 теңге); Жұмыс кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 2000-нан астам адам жұмысқа орналастырылды. Орталық жұмыссыздарға, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасын іске асырады. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді, оны ішінара Мансап орталығы жабады, бірақ 20 АЕК-тен аспайды (жалақының 35%-ы – мемлекеттен, 65%-ы – жұмыс берушіден). Ұзақтығы 12 айдан аспайды. Аяқтағаннан кейін штатқа жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 300-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. «Күміс жас» бағдарламасы 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарға арналған. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді, оны Жұмыспен қамту орталығы ішінара келесідей жабады: алғашқы 12 ай – жалақының 70%-ы; 13 айдан 24 айға дейін – жалақының 65%-ы; 25 айдан 36 айға дейін – жалақының 60%-ы; бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) артық емес. Бағдарламаға қатысу ұзақтығы 36 айдан аспайды. Ол бойынша елордада 780-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.