«Тоқта, интернет алаяқтық»: Астанада арнайы іс-шара өтті

«Тоқта, интернет алаяқтық»: Астанада арнайы іс-шара өтті

ашық дереккөзі

Астана қаласының әкімдігі, Нұра ауданы әкімдігі және полицияның бірлескен бастамасымен жүзеге асырылған іс-шараға жастар мен волонтерлер де атсалысты, деп newsroom.kz хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Қала тұрғындары мейлінше көп серуендейтін саябақтағы жол бойына трафареттер арқылы интернет алаяқтықтан сақтандыратын сөздер жазылды.   «Бұл  акциясы Ішкі істер министрлігі бекіткен «Хайтек» шұғыл алдын алу іс-шарасы негізінде іске асырылып жатыр. Көбіне егде және орта жастағы жандар, оның ішінде әйелдер киберқылмыстың құрбаны болады. Олар Instagram, facebook, telegram сияқты әлеуметтік желілерде, «ОLХ»,«Крыша», «Колеса» сияқты сауда-саттық сайттарында интернет алаяқтықтың құрығына түсіп қалып жатады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін осы акцияны өткізіп отырмыз. Тұрғандар көп жүретін жерлерге трафареттер арқылы ескертулер жазып, алаяқтарға алданып қалмаудың жолдарын түсіндіреміз», – деді Нұра ауданы полиция басқармасының басшысы орынбасары Жәнібек Сүлейменов.    Ол өзі бастап осы түрлі түсті бояумен «Сіздің атыңызға кредит рәсімделіп жатыр деп жазса – бұл алаяқтар!» деп жаза бастады. Трафареттерде бұдан басқа «Брокерлермен сөйлескенде мұқият болыңыз! Оңай келетін ақша жоқ!», «Тауардың бар екеніне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамаңыз!» т.б. деген ескертулер болды.  «Біз Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерімізбен бірге интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып отырғанымызға қуаныштымыз. Өйткені біз, мемлекеттік орган, мемлекеттік қызметкер ретінде қазіргі адамдардың тез ақша табу, инвестицияны көбейту, сауда-саттыққа байланысты әртүрлі ақпараттар мен жарнамаларға оңай сеніп, алданып жатқандарына алаңдаймыз. Қазір интернет алаяқтық статистика бойынша ұрлықтан кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан киберқылмыстың деңгейін төмендетіп, азаматтарды қаржылық сауаттылыққа үйрету – міндетіміз», – деді Нұра ауданы әкімдігінің инфраструктура бөлімінің маманы Наиль Нығматуллин. Аталған акцияға «Қанат» волонтерлік қоры еріктілері мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы да белсене атсалысты. «Бізде киберқылмыстың алдын алу жұмысы жүйелі жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ жыл сайын алдын алу іс-шаралары өтеді. Онда оқу орындарында жастарға түсінік жұмыстары жүргізіледі. Себебі мен интернет алаяқтық жастардың арасында көп деп ойлаймын. Өйткені интернет қолданушылардың басым бөлігі де солар. Міне, Астана жастары» жастар ресурстық орталығы киберқылмыспен күресудің ауқымын көбейтуге атсалысып жатырмыз», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басышысы Шыңғыс Тілеулин.   

Жүктелуде...