Елордада жасөспірімдер мен жастарды жазғы кезеңде уақытша жұмысқа орналастыру бойынша «Жасыл ел» бағдарламасының 19-маусымы өтіп жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама қалай жүзеге асып жатқаны және елордада қанша адамды қамту жоспарланып отырғаны туралы онлайн-брифингте қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді.
"Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артуда. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындары серіктес болуға келісім беріп отыр.
Былтыр нақты айтқанда 4208 жас жұмыспен қамтылса, биыл да 4200 жасөспірімдер мен жастарды қамту көзделген және ол көрсеткішке басқарма жетіп отыр. Олардың қатарында көпбалалы отбасыларының, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар",- деді Қайрат Қамбаров.
Жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасса, жұмыс орыннан жалақы алады, сонымен қатар, «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат.
14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады.
Еске салсақ, «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты шарты – жас ерекшелігі, яғни 14-тен 35 жасқа дейінгі мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады.