Соңғы үш жылда өткізу бекеттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бағытталған. Нәтижесінде автомобиль өткізу бекеттерінің жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 2 млн-нан 5 млн көлікке дейін артты. Ал жүк көліктерінің шекарадан өтуінің орташа уақыты 9 сағаттан шамамен 30 минутқа дейін қысқарған.
Жекелеген бекеттерде қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтіліп, жүк және жолаушылар көлігінің ағындары бөлінді. Сонымен қатар автоматты салмақтық-габариттік бақылау кешендері, радиациялық бақылау, бейнебақылау және көлікті сәйкестендіру жүйелері орнатылды.
2025 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль өткізу бекетін жаңғырту аяқталды. Ал биыл қазан айында Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу бекетін жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Қазір Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 70 өткізу бекеті жұмыс істейді. Оның 51-і автомобиль, 5-еуі теміржол, 10-ы әуе, 3-еуі теңіз және 1-еуі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында орналасқан.
Сонымен қатар Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Бұл бағыттағы жаңарту кезең-кезеңімен 2030 жылға дейін жүргізіледі.
Айта кетейік, 2025 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы 1,7 млн көлік өткен. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш шамамен 1,3 млн көлікті құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артқан.