«Астана моторс» Hyundai IONIQ 5 электрокөлігі Қазақстанда ресми түрде сатыла бастады, деп хабарлады. Hyundai бұл көлікті Қазақстанға өте кеш әкелді. IONIQ 5 өзі 2021 жылы таныстырылған, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қазір қазақстандық көлік нарығында қытайлық электрокөліктердің даңқы дүркіреп тұр. IONIQ 5 біздің нарыққа 2022 жылы кіріп кеткенде үлгерер еді, енді қытайлықтарға ілесу қалай болар екен?! Бұған бірнеше себеп бар. Қытайлық автобрендердің Қазақстандағы сатылым көлемі жоғары. Мысалы, шілде айында елімізде сатылған ТОП-10 көліктің 5-і қытайлық: Chery, Haval, Changan, JAC, Exeed.
Толығырақ болу үшін айта кетейік, жалпы шілдеде ҚЗ-да 18 836 дана cу жаңа көлік сатылып, рекорд жасалыпты. Ең көбі Hyundai – 5135 дана сатылған. Сосын, Chevrolet, Kia тұр.
Hyundai-дың мамыр, маусым, шілдеде бірінші орынға шығуына себеп – соңғы 1,5 жылдан бері кезекте тұрған адамдарға мамыр айында көлік жеткізіп берді, маусым мен шілдеде таратты. Сөйтіп сатылым көлемі жағынан 1-ші орынға шыға келеді.
Chevrolet-тің екінші орынға шығуы түсінікті. Ресей-Украин соғысының «құрбаны» Lada нарықтан кеткелі орнын басатын Chevrolet-тен басқа арзан көлік жоқ. Әсіресе Cobalt-ты ауыл әкімдеріне дейін қызметтік көлік қып мініп алған.
Былтыр Ресейдегі Тайота зауыты жабылып, үзіліс болып қалған кезде таңдау кәріс көліктеріне түскені белгілі. Сондықтан Hyundai -мен бірге Kia -ға да сұраныс артқан. Әрі Қазақстанда құрастырылады аты бар, ресми диллерлері бар, бұлар да былтырдан бері тапсырыстары жиналып, жиналып көктемнен жеткізіле бастаған соң, сатылым статистикасы көтеріліп жатыр.
Әзірше қытайлық автолар алғашқы үштікке кіре қоймапты, бірақ ондықтағы 5-і бірдей кіргенін жоғарыда айттық. Қазіргі қарқын сақталса келесі жылдары қытайлық автокөліктердің бірі көп сатылғандардың үштігінен ойып тұрып орын алады.
Себебі - қытайлықтардың ресми диллерлері мен Қазақстанда құрастырылатын түрлері көбейе бастады. Ресми дилллер мен өзімізде құрастыру деген – клиент сенімін арттыру деген сөз. Зауыт не дилер кепілдік береді. Бөлшектері пайда болады. Несие не бөліп төлеу мүмкіндігі пайда болады. Бұған дейін көпшілігі сұр жолмен әкелінетін. Кепілдік жоқ. Бөлшек бар-жоғы белгісіз. Тек қолма-қол ақшаға аласың.
Қытайлық көліктердің жарнамалары да жер жарып тұр.
Бағалары төмен. Мысалы,
Hyundai IONIQ 5 - 28 590 000 тг. Бұған Зикрдің сұрапыл комплектациясын аласың.
Несие, бөліп төлеу бойынша сұрапыл жеңілдіктер жасайды.
1 – 1,5 млнға қосымша жабдық ал деп қыстамайды.
Өзіне сенімді Тайота, Hyundai, Kia-ларға қарағанда клиентке иіліп тұр, маркетингтік қадамдары көп, жылпостау.
Қытайы көліктерге сұраныстың артуына тағы бір себеп – соңғы жылдары автонарық сүреңсіздеу. Жаңа түрлері аз. Орташа деңгейлі қазақстандықтар үшін таңдау аз болып келген. Соның орнын іші үш мониторлы, іші қызыл-жасыл жанатын, тоқпен жүретін қытайы көліктер толтырып жатыр.
Бірақ әлі де сенім ұялатпайды. Ең алғаш қытайлық телефондар келгенде де сұраныс сондай болған. Олар да қазіргі көліктер сияқты қызыл-жасыл болған. Кейбірінің антеннеасын шығарып қойып, телеканалдарды да көруге болатын. Кейін сапасы көңіл көншітпеген соң сұраныс азая берді. Хуавей, Ксяоми сияқтылары ғана қалды. Бұлардың да бәрібір Айфоннан артық емесін сезген қазақстандықтар Дубай жақтан сұр жолмен келетін алмафонға көшіп алды. Қытайы автокөліктер де сондай бола ма деймін. Қазір жаңа, кемшілігі біліне бермейді. Әрине, ресми дилерлер мен зауыттар бөлшекті төгіп, бұзылғанын бірден жөндеп, білдірмей жібермесе. БІрақ біздің елде ондай автосервис болмаған.
Жалпы автонарықтағы жаңа көліктердің картинасына қарасаң, көбі кәріс, жапон, батыстікі сирек. Енді алғашқы екеуі де батыстың қатарына қосылыпп, жаппай қытайы көліктерге айналмаса деймін. Теңдікті сақтау керек. Көшедегі көліктер өзі елдің экономикасының бір көрінісі сияқты. Жаппай Chery, Haval, Changan, JAC, Exeed-теніп кету кері кеткендей көрініс береді. Өйткені қытайы заттардың имиджі арзан, сапасыз, дегеннің айналасында. Ал автокөліктерінің беделі әлі ең болмағанда Hyundai, Kia-ға жеткен жоқ.
Ұзағынан толғаған соң мұны да айта кетейік, қолданыстағы көлік нарығында тек 10 млнға дейінгі көліктер ғана өтуде. Оларға сұраныс ешқашан азаймаған. Ал одан жоғары, жаңалау көліктер өтпей тұр. Бұған себеп – 10 млннан жоғарылау ақшасы не несие төлеуге қабілеттілері автосалондарға жүгіруде. Өйткені 2 жылдық кідірістен кейін салондарда қолма-қол көліктер пайда болған. Шілде айында салондардағы статистиканың өскені содан.
Ербол АЗАНБЕК