11-12 мамыр күндері ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен Астана мектептерінде терроризмге қарсы бағыттағы оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды newsroom.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Астана қаласы Білім басқармасы бірлесіп, №89 мектеп-лицейінде өткен оқу-жаттығуға қатысып, қауіпсіздік шараларын тексерді.
Терроризм туралы білумен қатар, оның саяси – әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген уақытта орын алып жататыны белгілі. Осы тұста терроризм туралы түсінікті қалыптастырған дұрыс. Терроризм дегеніміз– бейбіт адамдар мен түрлі нысандарға қарсы саяси мақсатты көздеген түрлі топтар мен астыртын әрекет ететін агенттердің қоғамның көңіл-күйіне ықпал ету ойымен күш қолдануы деп анықтама берілген. Сондықтан мұның табиғаты күрделі, тарихы тереңде жатқан құбылыс деп түсінуге толық негіз бар. Ал террористік тұрғыдан осал объектілер дегеніміз – аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық объектілер және стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері, қауіпті өндірістік объектілер, адамдар көп жиналатын объектілер. Олар 200 және одан да көп адамның болу мүмкіндігі бар, өздеріне жапсарлас ашық аумақты қоса алғанда, концерт залдары, спорт, ойын-сауық, көлік және өзге де көпшілік ғимараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, туристерді орналастыру орындары жатады.
Бүгінде терроризмнің алдын алу және жолын кесу жұмыстары жоғары деңгейде атқаруда. Әрине бәрі қалыпты деп еркін ұстауға болмайды. Ел іші тыныш болғанымен, профиликатикалық жұмыстар өз кезегімен өтіп тұрғаны дұрыс.
Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен өткен оқу-жаттығуға барлық оқушылары мен мұғалімдері және білім беру ұйымының қызметкерлері қатысты. Оқу-жаттығу барысында «Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» аясында бекітілген алгоритмдер тәжірибе жүзінде пысықталды. Сондай-ақ, жат ағымдардың арбауына түспеу үшін діни сауаттылықты көтеру керек екендігін нақтылап айтты.
Іс-шара барысында мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланды. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылды. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымының жедел әрекет етуі тексерілді.Айта кетейік, оқу-жаттығу тек профилактикалық мақсатты көздейді. Елорданың мектептерінде терроризмге қарсы бағыттағы мұндай оқу-жаттығулар жоспарға сәйкес тұрақты жүргізіліп тұрады.
Оқу-жаттығуды жүргізудегі түпкі мақсат – техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істеуін бақылаудан бөлек, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің дұрыс әрі қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлау.
Министрлік балалардың қауіпсіздігін қашанда жіті назарға алып, мектептерде терроризмге қарсы қорғауды кешенді жүргізуге басымдық беріп отыр.
"Іс-шара барысында мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланады. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылады. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет етуі тексеріледі", – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.