Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер ашылады, деп хабарлайды newsroom.kz.
“Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз”, – деді президент.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылғандай, 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңға жуық баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалады. Ол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Биылдан бастап еліміздің әр өңірінде ұлттық жоба аясында заманауи мектеп ашылады. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі. Осы орайда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тереңірек үңіліп, көргенді жөн санадық. Елімізде аталған жоба аясында 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Қазірдің өзінде республика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға орын жетпейді екен. Жаңа үлгідегі мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады. Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалары мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы.
Осы жоба аясында біздің облысымызда 63 жаңа мектеп бой көтермек.
Жалпыұлттық жобаның жүзеге асуы өңір басшысы Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша проблемаларды жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы ол мектептерді сапалы, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды. Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Жер бөлу мәселесі шешілген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.
“Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан сапалы білім беретін оқу орындарының санын арттыру аса маңызды”, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңірімізде бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Аталған мектептерді салуға беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге, жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Мұндай мектептер облысымыздағы халық көп шоғырланған аймақтарда салынады. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ, мұндай мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған.
Жақын арада компания мектептерді жобалау, салу бойынша да кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізеді. Олар мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін төлем алады.
Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді. Мониторингтің ақпараттық жүйесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс істейтін болады. Тікелей бейнетрансляция және құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактив карта жасалады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша жұмыс барысына қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
Еліміздегі мектептер негізінен тәуелсіздік алғанға дейін салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін өте қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ, әрбір мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді. Жаңа ғимараттарды салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға ашық конкурс негізінде «Samruk-Kazyna Construction» интерьер дизайны мен сәулеттік шешімдерді әзірлеу кезінде бірқатар элементтің ұлттық нақышта болуын талап етеді. Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі Алматы облысында (63), Түркістан облысында (63), Шымкентте (25), Маңғыстау облысында (24), Астана (24) мен Алматыда (22) салынады. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысы Дінислам Болатханұлының мәлімдеуінше, биыл 29 мектептің құрылысы басталмақ. Олардың алғашқылары келер жылы пайдалануға беріле бастайды. Ал, келер жылы тағы 34 мектептің құрылысы қолға алынады. Олар 2025 жылға дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Облыс бойынша мектеп ғимаратына аса ділгір аудандардың бірі – Сарыағаш ауданы. Ұлттық жоба аясында мұнда 10 жаңа мектеп бой көтереді. Одан кейінгі орында Сауран ауданы тұр. Сауранда осындай 7 жаңа мектептің құрылысы басталады. Жоба аясында өңірдегі барлық 17 аудан-қалада заманауи мектептер бой көтереді.
Жаңа ғимараттарда оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар көпфункционалды акт залы, сондай-ақ, кітап қоймасы мен оқу залы бар кітапхана көзделеді, онда кітап қорын сақтауға бағытталған температуралық режимнің заманауи технологиялары, медиатека, электрондық кітапхана, мекеменің әр қабатында оқуға және бос уақытты мазмұнды өткізуге арналған коворкинг-аймағы болады. Еңбек пәнін оқытуды ұйымдастыру, сондай- ақ, білім алушылардың шығармашылық әлеуеттерін дамыту үшін жаңа буынның тиісті жабдығымен әмбебап шеберханалар мен шығармашылық студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспаз, IT-маман, ағаш ұстасы және басқалар) болады. Бұл мектептер өрт-күзет жүйесімен, бейнебақылаумен, дыбыстық ескертумен және кіруді басқару жүйесімен, оның ішінде мекемеге кіре берістегі тұлғаларды тану аппаратымен, сондай-ақ, есіктер мен блоктарды бұғаттау жөніндегі функциямен (төтенше жағдай туындаған кезде автоматты түрде қосылады) жарақтандырылатын болады.
Мұның бәрі жаңа буын білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, құрылысқа жаңа технологияларды енгізу жеделдетіледі, құрылыс компанияларының талаптары мен жауапкершілігі артады, ұсынылатын құрылыс қызметтерінің сапа деңгейі айтарлықтай жақсарады, құрылыс материалдары мен техникалық жабдықтардың жаңа өндірістерін құруға шағын және орта бизнес ынталандырылады. Сонымен қатар, жобаны іске асыру 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру елімізде 2 жылдан кейін орта білім беру объектілерін салу есебінен 100 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердегі білімді жетілдіру бойынша Түркістан облысында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім ұйымдарының білім алушылары арасында «WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. WorldSkills – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу, кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың дайындығын, кәсіптік біліктілігін, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениетін, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілгін сынау бағытындағы қозғалыс. Ол әлемнің 82 мемлекетінде кең таралып, тұрақты үрдіске айналған ерекше жобалардың қатарында. Қазақстан бойынша өткізілетін республикалық чемпионатқа Түркістан облысы 2015 жылдан бастап қатысып келеді.
Биылғы облыстық чемпионат 24-28 сәуір күндері Түркістан қаласында өткізіледі. Бүгін «Конгресс Холл» кешенінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев инновациялық жобалар көрмесін аралап, салтанатты жиында чемпионатты ашып берді. Байқаудың ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, жастардың жұмыстарын оң бағалады.
«WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» байқауы арнаулы оқу орындарындағы инновациялық жобаларды көбейтуге және күшейтуге тікелей септігін тигізеді. Өткен жылы республикалық сайыста Түркістан облысының жастары 9-орынды иеленген. Биыл мұнан да жоғары белестерді бағындыруға мүмкіндік бар. Өйткені, байқау студенттердің жаңа қызығушылықтармен айналысуына, идеяларды іске асыруға, ұмтылысын арттыруға жол ашып, қалыптастырады. Жаңа бизнестік жобалар мен идеяларға, сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу маңызды. Өңіріміз аграрлы аймақ болғандықтан өндіріске, ауыл шаруашылығына, инновациялық жобаларға басымдық беріп, перспективаларды белгілеп, жетілдіре түсуіміз керек. Арнаулы оқу орындарына артылатын жауапкершілік жоғары. Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жастарға ең төменгі әрі жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріледі. Түркістан облысына 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Мұндай мемлекеттік бағдарламаларға жастарды көбірек тарту жоспарлануда. Түркістан өңірінде 52 колледж жұмыс істейді. 35 мыңнан астам студент білім алады. Министрлік пен облыс әкімдігі білім саласына мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді. 2022-2023 оқу жылына 15300 грант бөлініп отыр. «Жас маман» бағдарламасы аясында өңірде 9 колледж қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. Сайысқа қатысушы жас өрендерге сәттілік тілейміз”, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Чемпионатқа 47 колледжден 33 құзіреттілік бойынша 214 студент бақ сынауда. Биыл алғаш рет ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатысуымен «ABILYMPICS TURKІSTAN – 2023» сайысы да өткізіледі.
Атап өтейік, облыстық чемпионатта студенттер техникалық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ІТ саласы, техникалық қызмет көрсету, көлік, білім беру, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша сайысады. Мәселен, электромонтажды жұмыс, сантехника және жылыту, автокөлікті жөндеу, электроника, мобильді қасымшалар әзірлеу, графикалық дизайн, вэб-технологиялар, мобильді робототехника, сән технологиясы, мейрамхана қызметі секілді ерекше жобалар бар. Жекелеген құзыреттіліктер бойынша чемпионат кезеңдері облыстағы 7 колледж базасында өтеді. Жеңімпаздарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен қаржылай сыйлық тапсырылады. Чемпионаттың І дәрежелі диплом иегерлері «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2023» республикалық ұлттық чемпионатына жолдама алады.