Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, бірнеше қалаларындағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды newsroom.kz. Экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде енгізу, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – басты мақсат.
Жұмыс сапары барысында ауқымды Қытай нарығының тәжірибесін пайдалана отырып, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Бағдарлама аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізді. Сапар аясында аймақ басшысы Үрімші қаласындағы ең ірі зауыт-фабрикаларының өкілдерімен кездесті. Облыс делегациясы электромобильдер шығаратын 3 зауытты аралап көрді. Қорғас порты, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құрлық портының жұмысымен танысты.
Үрімші қаласы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Халық саны 4 миллионнан асады. Мұнда мұнай, тоқыма және металлургия өнеркәсіптері басым. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі жел энергиясы орталығы болып саналады.
Үрімші – ШҰАР-ның ірі өнеркәсіп орталығы, оның жалпы аймақтық өнімінің 64,5% қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аймақтағы негізгі тұтыну және бөлшек сауда орталығы.
Облыс әкімі бастаған Түркістан облысының делегациясы Қытайдың Юнкан қаласындағы «Бір белдеу – бір жол» трансшекаралық Халықаралық сауда платформасымен айналысатын «Xinjiang Silk Road Com. Inform. Tech. Co., Ltd.» компаниясында болды. Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Есік өндірісімен айналысатын «Buyang Group Ltd.» зауытын аралап көрді. Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай сапары кезінде автомобильдер мен электромобильдер өндірісімен айналысатын «Leap Motor» компаниясының жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар автокөлік дискілерін өндіретін «Zhejiang Jinfei Kaida Wheel Co.» зауытына да шолу жасады.
Іссапар барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайдың Цзиньхуа қаласының Партия комитетінің хатшысымен кездесуі өтті. Өз кезегінде өңір басшысы Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі – Түркістан өңірі арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын, бұл ретте сауданы дамытудың әлеуеті зор екенін айтты.
Цзиньхуа – Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы қала аймағы әрі шығыс Қытайдағы ірі логистикалық орталық. Сауда-саттық, ауыр және жеңіл өнеркәсіп ошағы. Халық саны 80 млн. адамнан асады. Жалпы ішкі өнім көлемі 1 трлн.15 млрд АҚШ долларынан жоғары. Мұнда цифрлық экономиканы, онлайн бөлшек сауданы және трансшекаралық электрондық коммерцияны белсенді дамытуда. Қытайлық және әлемдегі халықаралық электрондық коммерция алпауыттары бұл өңірде өздерінің кеңселері мен қойма кешендерін құруда. 2017 жылдан бастап Цзиньхуаны Орталық Азиямен, Ресеймен, Польшамен, Венгриямен, Германиямен және Нидерландымен байланыстыратын Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының маңызы артты.
Түркістан облысының делегациясы сапар барысында кішігірім цехтан бастап, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы халықаралық тәжірибе алмасты. Тоқыма кластері дамыған Иу халықаралық сауда қаласындағы аяқ киім шығаратын фабрика мен шұлық шығаратын әйгілі «Limax» зауытында болып, жұмысымен танысты. Шұлық өндіруге арналған жабдықтар шығаратын «Zhejiang Jiaxiu Knitting Co., Ltd.» компаниясының басшылығымен кездесті. Пластмасса мен пластикадан жасалған бұйымдар, электромобиль жасаудың қыр-сырымен танысты.
Иу – Чжэцзян провинциясының Цзиньхуа қаласындағы округ. Қытайдағы ең ірі сыртқы сауда орталықтарының бірі. Халық саны – 1 млн. 900 мың адам. Ал бизнес орындарының саны 2 миллионға жетеді. Мұндағы ең төменгі жалақы көлемі 1000 -1200 АҚШ долларын құрайды.
Иу Қытайда «жаһандық супермаркет» ретінде белгілі. Қалада әлемнің 200 елі мен аймақтарына тауар жеткізетін 2 миллионнан астам шағын және орта фирмалары жұмыс істейді. Нарықта 75 000 көтерме және бөлшек сауда дүкендері, сондай-ақ онлайн платформа бар. Иуды Еуропамен байланыстыратын жүк теміржол желісі тартылған. Иу жүк терминалынан пойыздар Қазақстан, Иран, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Франция, Ұлыбритания және Испанияға барады.
Аймақ делегациясы атақты «Wangbing» компаниясында және жоғары жылдамдықты лифтер жасап шығаратын «Zhejiang Weite Elevator Co., Ltd.» компаниясының басшылығымен кездесті. Алдағы уақытта қытайлық компания Түркістан облысына келіп, осындағы мүмкіндіктермен танысатын болды.
Чжэцзян провинциясындағы Түркістан қаласындай облыс орталығы саналатын Ханчжоу қаласында 13 млн. халық тұрады. Жалпы өнім көлемі 200 млрд. АҚШ долларын құрайды. Көгалдандыру жұмыстарынан көш бастап тұр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Чжэцзян провинциясының басшылығымен кездесіп, екі өңірдің сауда айналымын арттыру бойынша келіссөздер жүргізді. Осылайша, екі елдің делегациясы экономика, сауда, энергетика, ауыл шауашылығы және ғылым мен техника, сондай-ақ мәдениет пен туризм салаларында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Сауда-саттық байланысты нығайту туралы келісілді. Ет, ұн экспорттау мәселесі талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі бастаған делегация тоқыма өнеркәсібі, тамшылатып суару қондырғыларын өндіретін, жаңартылатын энергия көздері саласындағы Қытай компанияларының басшылығымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Әлемге әйгілі «Alibaba Group» компаниясының басшылығымен кездескен Түркістан облысының делегациясы халықаралық сауда платформасына шығару үшін Түркістан облысында шығарылатын өнімдерге қойылар талаптарды нақтылап, алдағы бірлескен жұмыстарды талқылады.
Түркістан қаласын сандық технологиялар арқылы (Smart city) ақылды қалаға айналдыру бағыты бойынша келіссөздер жүргізілді. Қауіпсіздік пен жайлылық «ақылды қаланы» дамытудың негізгі шарты. Бейнекамералар, смарт технологиялар өндірісі бойынша «Hikvision Group» компаниясының вице-президенті Яо Цзинмен кездесіп, компанияның көрме залын аралады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытайда өткен Орталық Азия сауда форумына қатысты. Облыс басшысы өңіраралық кооперацияны дамытудың жолдарымен таныстырды.
– Түркістан облысындағы негізгі инвестициялық аймақтары – индустриалды аймақтар мен оның қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру жөнiнде республикада алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Сондай-ақ туризмді дамыту – облыс экономикасының негізгі басымдықтарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 миллион АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден келіп жатқан туристер ағыны байқалады. Осыған орайда, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты екі елдің экономикалық байланыстарын дамытуға серпін беретін инвестицияларды өзара ұлғайту арқылы нығайту ұсынылады. Бұл ретте мемлекет басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары және барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар, екі елдің берік достығы мен мықты қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысының делегациясы Ханчжоудағы Халықаралық сауданы ынталандыру комитетінің (CCIT) төрағасы Чжан Хунбин мырзамен кездесті. Сондай-ақ онда өткен сауда-инвестициялық семинарға қатысты. Ханчжоу – Қытайдың Чжэцзян провинциясының астанасы, ежелгі дәуірде салынған және Бейжіңнен бастау алатын кеме жүретін үлкен каналдың ең оңтүстік аумағында орналасқан қала. Халық саны 12 миллионға жуық (11 936 010 адам). Алпауыт компаниялар орналасқан Қытайдың ең ірі электрондық сауда орталығы. 2022 жылы экспорт көлемі 101,3 миллиард юанды (14,73 миллиард доллар) құрап, қаладағы трансшекаралық электронды сауда саудагерлерінің саны 100 мыңнан асқан.
«Қытайдың шетелдегі өнеркәсіптік даму қауымдастығы» Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығы механизмінде белсенді рөл атқарып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында экономиканың басым салаларында жалпы құны 21 миллиард АҚШ долларын құрайтын 52 негізгі жоба жүзеге асырылды, атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері, агробизнес, тау-кен және балқыту компаниялары, машина жасау және тағы басқа салалар бар. Қытайлықтарға Түркістан облысы жаңартылатын энергия көздері мен күн электр станцияларын салу саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ең қолайлы өңірлердің бірі екені айтылды. Облыста күн сәулесінің жылдық ұзақтығы 3000 сағаттан асады.
Облыс делегациясы жұмыс сапарын Пекинде жалғастырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың шетелдегі өнеркәсіптік даму қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Ван Кэвэнмен кездесті. Әлемде күн сәулесі мен желден энергия өндіруден көш бастап келетін ірі компания жетекшілерімен кездесіп, бірқатар маңызды жобаларды талқылады.
Сондай-ақ Түркістанда жұмысын тоқтатқан «Golden Camel Group LTD» компаниясының басшылығымен кездесіп, құрғатылған түйе сүтін шығару істін қайта жаңғырту бойынша келіссөздер жүргізді. Түркістан облысы делегациясының іссапары әрі қарай жалғасуда. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі