Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 сәуір, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Райымбек Сейтметовтің 85 жасқа толуына орай еске алу кеші өтті

Түркістан: Райымбек Сейтметовтің 85 жасқа толуына орай еске алу кеші өтті

Түркістан: Райымбек Сейтметовтің 85 жасқа толуына орай еске алу кеші өтті
ашық дереккөзі
  Райымбек Сейтметов есімі киелі мекен Түркістан үшін аса қадірлі де қастерлі. Түркістан перзенті қазақ театр өнерінің майталманы, актер, режиссер Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Осыған орай 12 сәуірде Түркістан төрінде «Өнердің тарлан тұлғасы» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды newsroom.kz. Іс-шара Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен және «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Еске алу кешіне Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен бірқатар мекеме басшылары, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, белгілі әнші, профессор Алма Қожахметова, орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушылары мен қарындасы Жібек Сейтметова, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері, зиялы қауым өкілдері мен бір топ шәкірттері қатысты. Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев театр өнеріне өмірін арнаған дара тұлға жайлы, сондай-ақ Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының бүгінгі жетістігі туралы тоқталып өтті. Тұлғаның 85 жылдығын атап өту жыл соңына дейін жалғасып, күз айында республикалық театр фестивалін өткізу жоспарлануда. Шара барысында Райымбек Сейтметов туралы бейнефильм және өлең оқыған бейнежазбасы көрермен назарына ұсынылды. Көзін көргендер қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырған талантты режиссер туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ өлең оқылып, ән шырқалды. Ал төл шәкірттерінің орындауында «Ұстазым» әні мазмұнды кешті қорытындылады. Қазақ елін сүйген, қазақ өнерін сүйген Райымбек Сейтметовтің жеткен жетістіктері біршама. Ол Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. 1938 жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында тарихы терең шаһар Түркістанда дүние есігін ашқан. Сахнаның дара шапқан дарабозы 1959 жылы Алматы өнер институтын бітірген сахна аңызы Райымбек Сейтметов қазақ топырағындағы поэтикалық театрдың негізін салған тұңғыш режиссер. 1959-1960 жылдары «Қазақфильмде» жұмыс атқарған. Заманының заңғары онымен тоқтап қалмай, 1970-1971 жылдары Мәскеу қаласында театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсын тәмамадаған. 1960-1980 жылдары қазақ академиялық драма театрында актер болып, тәжірибесі мен біліктілігі арттырған жан. 1976-1980 жылдары осы театрдың директоры болып қызмет атқарады. «Халқыңыздың зиялылары қандай болады? десе, мен ойланбастан Райымбекті көрсетер едім», -деген екен қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова. 1980-1982 жылдары Қазақстан мәдениет министрлігінің басқарма бастығы болып жұмыс атқарған. Ол режиссерлік қызметі кезінде Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б.Майлиннің «Неке қияр», Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр», тағы басқа туындыларды қойған. Райымбек Сейтметов ұлтын сүйген ұлт жанды азамат болған. Оған бірден бір дәлел Райымбек Сейтметовтың ұлтының басына қиын қыстау кезіінің көріністерін сахналаған. Олай дейтініміз ол Ғ.Мүсірепов театрында «Сталинге хат» атты туындыны қойды, сол спектаклге Колбиннің өзі тамашалаған екен. Бұл өз заманындағы сөзсіз ерлік. Ол жас ұрпақ тәрбиелеудің хас шебері болды, оны айтып ауыз толтырарлықтай Әшірбек Сығай, Нұржан Төлендиев сынды көптеген шәкірттері болған. Оның көреген ұстаздығы жайында Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза «мен қарапайым прозаик едім, менен сен драматург жасадың» деген екен. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан. Райымбек Сейтметовтің тарих сахнасында қаларлықтай тағы бір ісі ол өзі туып-өскен әулиелі өңірден театр ашуы. Түркістан қаласында 2000 жылы 9-наурызда еліміздің президенті Н.Назарбаевтың қолдауымен Райымбек Сейтметов театр ашты.  width= «Алматыда екі бірдей театрды басқарған Райымбектің Түркістанға кеткені бәрімізге жұмбақ болды. Сөйтсек, Райымбек Юлий Цезарьше Қазақстанның театр әлеміне жаңа өзгеше театр қосу үшін кетіпті»,- деген екен жазушы Шерхан Мұртаза. Қазақ театрының аңызы жетпіске жақындаған тұсында бұл дүниеден озды. Еліне жасаған ерен еңбегі иісі қазақтың жадында жатталатыны сөзсіз. Дара тұлғаның дара есімі театр сахнасынан, тарих сахнасында алтын әріптермен жазылады. Осыдан бір жыл бұрын оңтүстік астанадағы қайраткер тұрған үйге мемориалдық тақтаның орнатылған еді. Көзін көрген үзеңгілес достары аталған шарға қатысқан еді. Олар Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері Асанәлі Әшімов,  Халық әртісі Нүкетай Мышпаева, Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков,  драматург  Сұлтанәлі Балғабаев сынды өнерпаздар театр тарланы жайлы естеліктерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірген еді. Тұңғышбай Жаманқұлов: «Түркістанда  қасиетті Қожа-Ахмет Ясауидың мавзолейі бұрыннан тұрса, Райымбек Сейтметов барып театр ашып, екінші өнер мавзолейін жасады», – деген пікір айтты. Жазушы, драматург  Сұлтанәлі Балғабаев: “Райымбек Сейтметов режиссерлік ғұмырында көптеген қаламгерлердің  драматург болып қалыптасуына ықпал етті, оның ішінде менде бармын. Райымбек Сейтметовтей тұлғаның қазақ өнеріне сіңірген еңбегінің ұшан-теңіз. Оның қазақ сахнасында поэтикалық спектакльдерді алғаш қоюшы болды”,-деді ол. Жазушы Дулат Исабеков: «Түркістан сияқты жерден театр ашу – тек Сейтметов сияқты саңлақ тұлғаның ғана  қолынан келеді», – деген болатын. Райымбек Сейтметов қолына қалам алып өз өмірі жайлы күрделік жазуды әдетке айналдырған екен. Онда ол «бұл жақта халім, Аллаға шүкір, жаман емес. Өмір бойы аңсаған арманына жеткен адамның жағдайы әрине жақсы болады. 1995 жылы туған жерім «Екі дүние есігі – Түркістаныма»  келдім. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік  университетінен «Өнер» факультетін, актерлік өз мектебімді аштым, шәкірттер тәрбиеледім. Сол шәкірттерімнің буыны қатайып, ержетіп, жақсы алғыр актерлер болды. Тұңғыш президент Нұрекең арнайы Түркістанға келгенде театрымызды «Түркістан сазды-драма театры» етіп ашып берді. Алғашқы спектакліміз «Көк Түріктерді» тамашалаған ол: «Бұл театрдың  аты жақын күндері елге әйгілі болады» деді. Мен үшін бұдан артық сый  болған емес. Түркістанда басталған өнер мектебі өнер ордасына айналады... Түркістан халқы  театр өнерінен суындап, әр күн сайын маған алғысын жаудырады. Бақыт деген осы емес пе?! Өмірде өз ізіңді қалдыру деген осы емес пе?! Оңтүстік өнерге толы екені рас. Соның ішінде өнердің ірі әрі құдіретті тұлғасы – театр өнері. Бұл өлкеде қазірдің  өзінде 5 театр бар.  Соның ішінде біздің Түркістан театры – ең жас театр. Менің басты мақсатым – Түркістанда театр ашу болса, екінші мақсатым осы өнерді халыққа уағыздау, рухани өзегіне сіңіру. Осы бір жылдың ішінде біз қаншама спектакль қойдық және әр спектакльдің алдында өзім сахнаға  шығып театр жайлы, өнер, мәдениет жайлы әңгіме өткіземін. Спектакль біткен соң міндетті түрде талқылау өткіземіз. Соның нәтижесі болуы керек, аз уақыттың ішінде Түркістанның  үлкен-кіші көрермендері «театржанды» болып алды. Спектакль болатын күні театрға келмес бұрын телефон арқылы «бүгін қандай спектакль, билет бар ма, кімдер ойнайды?» деген секілді сұрақтар көп болады. Спектакль соңынан келген көрермендер көздеріне жас алып, сахнаға шығып алғысын жаудырады. Соны көріп мен де көңілім босап, өнердің құдіретіне табынамын. Бойымдағы өнерімді халыққа түгел бергім келеді. Көне қала Түркістанның  жаңарғанын, жасарғанын көріп қуанамын. Соған азғантай үлес қосқаныма мақтанамын”,-деп жазған екен. Ер есімі ел есінде мәңгі қалары хақ. Жас ұрпаққа оның есімі театр қойылымдары мен жазбалар арқылы жетеді деп ойлаймыз.