Биыл азаттықтың алғашқы қоңырауы атанған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында «Қазақ» газеті – Алаш аңсарының айнасы» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1913-1918 жылдары жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Сол кездегі зиялы қауым өздерінің шығармаларын басып шығарды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Бес жыл аралығында жарық көрген басылымда М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Тынышпайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Дөнентайұлы.Х.Досмұхамедұлы сынды қазақ зиялыларының мақалалары жарияланып тұрды. Басылымның алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәсеселерін көтерді. Алайда ұлт зиялыларының үкіметке қарсы шықты деген айып тағылып, қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға жабылды. Кейіннен олар ату жазасына кесіліп, қалғаны сотталып кетті.
Аталған іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова, Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры, журналист, тарихшы Бейсен Тельман мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі мерейтоймен құттықтап, тағылымды конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық мәжілісте «Қазақ» газеті – Алаш үні» тақырыбында Алаштанушы, журналист, «Түркістан» телеарнасының қызметкері Мәриям Абсаттар, «Қазақ» газетіндегі көркем шығармалар және әдебиет мәселесі» тақырыбында «Qyr balasy» қоғамдық қорының атқарушы директоры Данияр Ихсан баяндама жасады. Ол өз баяндамасында:
«Қазақ» газеті арқылы Алаш зиялылары аумалы-төкпелі заманда қазаққа пайдалы ақыл-кеңес айтып, қоғамды дұрыс жолға бағыттауға тырысты. Мәселен 1916 жыл бойы «Қазақтан солдат алу» мәселесі «Қазақ» газетінің ең жиі көтерген тақырыбына айналды. Себебі дәл сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың керегіне қазақтарды жұмысқа алу туралы Патша жарлығы шыққан болатын. Ел іші бұл жарлыққа үрпиісе қарап, мұның арты көтеріліске ұласады. Халықтың босқа қырылып қалатынын білген зиялылар «Алаштың азаматына» атты мақала жазды. Онда қазақтардың соғыс машығы мен әрекеттерін білетіндей дәрежеге жету үшін жарлыққа көнуге үндейді”,-дейді.
Бүгінгі жастар Алаштың арыстарын мәңгі ұстауы қажеттігін айтып өтті. Олардың қиын-қыстау кезінде жеке басының емес, ұлт мүддесін жоғары қойып, өз шығармаларында бұқара халықтың сауатын ашуға тырысты. Елдегі жағдайды қара халыққа барынша түсіндіруге тырысты.
Осылайша конференция әріқарай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлнар Мамаева, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Дәулетбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Тарих» кафедрасының доценті, PhD Эрен Акдениз, Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология ғылымдарының магистрі Роза Есбалаева, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қызметкері Мехмет Каваклы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің филология факультетінің магистранты Фариза Айтимбетова сынды спикерлер баяндама жасап, ғасырдан астам тарихы бар басылым мен бүгінгі журналистикаға қатысты өзекті ойларды қозғады.
Баяндамашылар журналистиканың дамуы барысында жарияланған әдеби шығармалардың мазмұнына тоқталды. Және бүгінгі таңдағы журналистиканың қыр-сыры туралы айтылып, жастармен сұрақ жауаппен алмасты.
“Қазақ” газеті 1913-1918 жылдары 265 нөмірі жарыққа шыққан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3000 дана болса, кейіннен ол 8000 данаға жеткен. Басында аптасына бір рет шығып, кейіннен екі аптада бір жарияланып отырған. Газет қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды. Алайда ғұмыры ұзаққа бармады. Газеттің редакторлары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов “халық жауы” атанып, бірнеше рет абақтыға отырды. Кейіннен жер аудару туралы үкім шығады, бірақ үкім өзгеріп ату жазасына кесілді.
Еске сала кетсек, 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығы шықты.
Президент “Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. 2020 жылы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы” деген болатын.
Жарлық бойынша комиссия құрылып, қаншама жаңалық ашылып жатыр. Алаш қайраткерлері туралы әлі талай деректер пайда болуы мүмкін. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қайраткерлер 1937-1938 жылдары сталиндік үлкен террордың құрбаны болды. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш аяулылары тек 1988 жылы ақталды. Әлі ата-бабасы “халық жауы” атанып ақтала алмай жүрген марқұмдардың ұрпақтары қаншама?!
1930 жылдары А.Байтұрсыновтың жазба дерегінде қазақтың саны 6 миллионнан асқан болса, оның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылған. 2 миллионға жуық қандастарымыз шетел асып кеткендігі айтылған. Бұл деректер бұдан кейінгі жылдар тіпті көбейе түскен.
Бұл туралы біз тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевқа хабарласып, сұраған едік. Ол осы мәлесеге өз ойын айтып берді.
-“Қуғын-сүргін ісімен арнайы айналысқан жоқпын. Мен сонау 18-19 ғасырларды көбірек зерттедім. Бірақ менің әкем сол қуғын-сүргінге ұшыраған, “халық жауы” атанған жан. Сондықтан аз-маз айналыстым. Әкем туралы кітапты шығардым. КарЛаг-та әкеме арнап экспозиция жинап, архивтен алған мәліметті бердім. Сонымен тоқтадым. Бұл өте ауқымды тақырып. Жалпы Кеңестік кезеңнен келе жатқан 25 мың адам деген сан бар. 25 мыңның ішінде кімдер бар, әлі оны ешкім нақты етіп, ашып жазбаған. Өзім әкемнің ісі бойынша НКВД құжаттарын ақтардым. Осыдан түйгенім 25 мыңнан әлдеқайда көп пе деп ойлаймын. Ол атылғандардардың саны. Ату жазасына кесу сол 1929 жылдан бастап үкім шыға бастады. Оған дейін жер аудару болды. Соғыс жылдарында да бұл жалғасын тапты. Бұл үрдіс Сталин өлгенге дейін жалғасты. Көтеріліс ұйымдастырмақшы деген жаламен қаншасы сотсыз атылып кетті. Бір адам ату жазасына кесілсе, оны таныған төрт адам лагерьлерге жөнелтіліп отырған. Атылған адамдар екі есеге көп болса, оны көрсеткендер төрт есеге көбейетіні анық. Менің әкемді кімдер көрсеткенін де білем. Аты-жөндерімен. Бір ойым іздеп тапқым келді. Кейіннен өткен оқиға өтті, кетті деген шешімге келдім.
Репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары туралы жазғанда мынаған аса мән беру керек. Олардың ұрпақтары соғыс жылдарында соғысқа өздері сұранып барғандар солар, ерлік жасағанда да солар. Жанғали төре қария деген Шоқандармен ағайын, Жақып, Қоқыштың немересі Жанғали төре деген. Көкшетау қаласында Айыртау ауданына қарасты Қарасу ауылда тұратын. Өзі мұғалім болған. Сол кісі айтқан “бізге 33 жыл тыныштық бермеді. “Шынжыр балақ, шұбар төс, төре тұқымысыңдар” халықты езішу деп жұма сайын ортаға салып, айыптайтын дейді. Соғысқа өз еркіммен аттандым. “Өлсем сонда өлейін, не ақталып келейін” деп өзім сұранып бардым”, деген болатын. Осыны да ескерген жөн болар. Большевиктердің мақсаты көзі ашық сауатты жандардың көзін құртып, бұқара халықты жабайы, сауатсыз етіп көрсеткісі келді. Олар тектіден текті туатынын да біледі. Сондықтан да олардың көзін жойғысы келіп, репрессияны қолданды. Олардың ұрпақтары балалар үйінде өсті, көпшілігі өліп кетті, тірі қалғандары соғысқа аттанды. Тектіліктің орнын трлтыру қиын. Енді соның қалпы жай-жаймен келіп жатыр. “Елу жылда ел жаңа” демекші уақыт керек”-дейді ол.
Түркістан облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 2500 деп келген еді. Бүгінде бұл сан 7300-ге жуық болды. Оның ішінде атылғандар саны– 2050. Демек 2500 адам атылды деген дерек нақты емес. Сотталғандар саны – 4696. Бұл мәртебедегі адамдар әйгілі 58-баптың негізінде айыпталып, «Карлаг» және басқа да түрмелерде болды немесе жер аударылған. Сотталғандардың ішіндегі 531 адамның тағдыры не болғанын анықталмаған. Олар сотталған 4696 адамның қатарында болғанымен, түрмеге жіберілгені немесе атылғаны анық емес екендігі Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес.
Сталин мен Голощекиннің саясатына қарсы шығып, қазақтың қамын ойлаған қайраткерлеріміз, көшбасшыларымыз, көзі ашық азаматтарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қиын кезеңде ұлт үшін шейіт болған асыл ерлерді ұмытпай, олардың есімін ұрпақ санасына сіңіру керек. Бабаларымыз қалдырған ұлы далаға иелік етіп, аманатқа адал болу – міндетіміз.