Әні-міні дегенше ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымына тағайындалғаныма да бір жылға жуықтапты. Қазір өзі кім қаттырақ айқайласа соның айтқаны ақиқат, кімнің жарнамасы жақсы болса сол іскер болып көрінетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Әлеуметтік желіде белсенділік танытпасаң, жүрген-тұрғаныңды жарияламасаң, қоғам сені босқа жүр деп қабылдайды, деп
newsroom.kz жазады
фейсбук парақшасының дереккөзіне сүйене отырып.
Жариялайтын дүние көп, тек кейбір тұлғалардың күнделікті басы басталып, аяқсыз қалып немесе қатты айқайлап, нәтижесі нөл болып жатқан көптеген істерін көресің де, қадірі кеткен ақпараттың одан сайын қадірін кетірмей, ара-тұра нақты нәтижелерді салып тұрайын деп шештім.
Министрлікте маған сеніп тапсырылған жер ресурстарын басқару, егіншілік, өсімдіктер карантині және оларды қорғау салалары.
Бір жыл ішінде елдің 11 өңірінде, 20 дан аса ауданда болып, шаруалар жағдайымен таныстым. Қалған өңірлерде биыл міндетті түрде боламын. Қызылшаның “қызығында”, мақтаның машақатында, жылыжайдың “жырында” да бұғып қалған емеспін, шаруалармен кездестім. Ұсыныстарына құлақ асып, қазіргі таңда мәселелердің шешу жолдарымен айналысудамыз. Маңғыстаулық “операторлар” арзандатылған жем-шөп мәселесін көтергенде де, басынан аяғына дейін бірге болып, мәселенің оңтайлы шешімін таптық.
• Қызметке кіріскен күні республика бойынша бар-жоғы 67 мың гектар ғана жер қайтарылса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні бір жыл ішінде 6 миллион гектардан асты;
• Жыртық үйдің құдайы бар демекші, құдай қарасып, ауа райы жақсы болып, сондай-ақ қабылданған кешенді шаралардың арқасында былтырғы жылы соңғы 10 жылдағы рекордтық астық жиналды;
• Тәуелсіздік алғалы бері рекордтық көрсеткіш астық пен ұн экспортталды;
• Жетекшілік ететін салалар бойынша үш заң қабылданып, екі заң жобасы Парламент қарауында жатыр,- дегендей…
- Даудың ең үлкені - жер саласында ғой. Былтыр 5 млн гектар жер қайтарылды, биыл тағы 5 млн гектар жер қайтарылады. Алайда игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлер қайтарылғанымен, ол - мәселені түпкілікті шешпейді. Кешенді шаралар қабылдамасаң, тек науқандық іс шара болмақ. Қазіргі таңда мемлекеттік қорда 80 млн га астам ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер бар. Мемлекеттік қорда жер бос жатқаннан одан ешкімге пайда жоқ. Жер - халыққа қызмет етуі тиіс, яғни экономикалық айналымда болуы қажет. Жер қайтарып, мәселенің салдарымен күрескенмен, ПРОБЛЕМА ШЕШІЛМЕЙДІ. Себебі проблеманың барлығы жерді оңды-солды заңсыз беруден басталады. Осы себепті жерді беру мәселесін қайта қарап, қалаларда жер комиссиясы институтын жойып, жер комиссияларының жауапкершілігін қарастырып, жер пайдаланушылардың жерді ұтымды пайдалануы бойынша жауапкершілігін арттыру жөнінде іс шаралар жасалуда.
- Елде 90 млн гектар ЖЕР ТОЗУҒА айналған. Жердің жай-күйіне мониторинг жасайтын қызметтер әр түрлі министрлікке берілген. Жүйелі жұмыстар болмаған соң, бақылау да жоқ. Осыған байланысты қазір топырақты зерттеу және талдаумен айналысатын барлық мекемелерді біріктіріп, талдау қортындыларын электрондық платформаға жинақтап, жерді ұтымсыз әрі қалай болса солай пайдаланып отырған жер иелушілердің жерлерін қайтаратын боламыз. Айта берсең осындай мәселелер шаш етектен. Бұл мәселерді шешпей, жердің дұрыс игерілмегені - игерілмеген.
- Өсімдік қорғау және карантині саласындағы БІРНЕШЕ адамдардың ыңғайына жасалған жүйені тамырымен жойып, нарық қатысушыларына тең жағдай жасайтын, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғайтын жүйені қалыптастыру үшін аталған салаға күрделі реформалау жұмыстары басталды.
- Жеңілдетілген жанар-жағармайды беруде жемқорлық тәуекелдерін жоятын, яғни электронды түрде әр шаруаға жеке талонмен берілетіндей цифрландыру жұмыстары, осы уақытқа дейін қағаз жүзінде тіркеліп келген, есепте бар, ал нақтысы қолдан жазылған құжатынан басқа ештеңе жоқ ауыл шаруашылық техникаларын ХҚКО арқылы электронды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Бұйырса жыл соңына дейін аяқталады.
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың әрқайсысы кейбір жекелеген тұлғалардың, өздеріне ыңғайлы жүйеден пайда тауып отқан САНАУЛЫ адамдардың ШАМБАЙЫНА тиіп жатқаны ақиқат, алайда агросаланың болашағы үшін міндетті түрде жасалынуы керек дүниелер.
Кей азаматтарға ұнамауы мүмкін, алайда Ербол Қарашөкеев бастаған МИНИСТРЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ барша шаруаға ортақ, ШАҒЫН және ОРТА шаруалардың құқықтары ескерілетін, барынша мемлекет мүддесі үшін тиімді болатын жұмыстарды атқарсақ деп жанталасуда. Әрине, 30 жылда жинақталған күрделі мәселелер, әлемдік геосаяси жағдай, лоббистердің ықпалы өз әсерін тигізіп те жатыр. Алайда ешкімнің ығына жығылмай, кез-келген нәрсеге тек мемлекет мүддесі тұрғысынан қараудамыз.
Жоғары жақтан қандай тапсырма келсе де, кейбір қолында мол ресурсы бар азаматтар қандай өтініш айтса да, АРАҒА КІМДІ САЛСА ДА, кез-келген мәселені алдымен заң шеңберінде, содан соң мемлекет мүддесі тұрғысынан қарайтынымды әріптестерім де, осы уақытқа дейін шаруасын шешкісі келген “мықтылар” да жақсы біледі. Ол жағынан кімнің болса да алдында ЖҮЗІМ АШЫҚ!
Мақсатым - “өрт сөндіруші” секілді проблеманы уақытша емес, ұзақ уақытты перспективаға шешу. Қызметке байланып, жармасатын мен емес. Шамам келмесе кез-келген уақытта өтінішімді жазып, қызметпен қош айтысуға дайынмын!
Бұл қызмет - мен үшін үлкен жауапкершілік. Артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімді саламын. Артымнан елге пайдалы дүние, жақсы сөз қалса жеткілікті.
Әрине, жұмыс істелінген жерде міндетті түрде КЕМШІЛІКТЕР мен сынаушылар болады. Орынды сын, білмей жатқан тұстарым болса олқылықтардың орнын толтыруға әрқашан дайынмын.