Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция кәсіпкерлер үшін Egov платформасында суб-портал құруды ұсынды, деп newsroom.kz хабарлайды Egemen.kz.
2021 жылғы желтоқсанда «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» атты WAGE өңірлік бағдарламасы шеңберінде 30-дан астам әйелдер бизнес қауымдастықтары мен азаматтық қоғамның әйелдер ұйымдарын біріктірген Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция (Коалиция) құрылды. [embed]https://youtu.be/cmxgxBxYHUg[/embed] Аталған ұйым Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібін әзірледі. Онда әйелдердің экономика саласына тартылуына кедергі келтіретін негізгі құқықтық және гендерлік факторлар көрсетілген. Бұл мәселелерді шешуге арналған ұсынымдар әзірленген құжат. Мәселен, күн тәртібіндегі ұсынымдар шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін EGOV платформасында кәсіпкер әйелдерге арналған бизнес туралы ақпаратпен қамтылған жеке беті (қосалқы порталы) бар, «бір терезе» қағидатына негізделген бірыңғай портал құру қажет. Ішкі порталды мынадай негізгі бөлімдерден құруға болады: - Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау саясаты мен бағдарламалары. Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы ұлттық және жергілікті саясаттың көрінісі. - Инновациялық қаржыландыру. Кәсіпкер әйелдер үшін интеграцияланған қаржылық қызметтерге, финтех және баламалы инновациялық қаржыландыру көздеріне қатысты ақпарат беру. - Кәсіпкер әйелдердің өз бизнесін кеңейту және дамыту үшін цифрлық құралдар мен технологияларды пайдалану дағдыларын нығайту. - Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ықпал ететін мүмкіндіктерді ұсынатын онлайн оқыту орталығы. - Онлайн тәлімгерлік бағдарламалары. - Жаңа бизнес мүмкіндіктері туралы хабардарлықты арттыру. - Әйелдер бизнес ұйымдарының жеке дерекқорын құру. - Онлайн бизнес-кеңесшілер. - Қолдау қызметіне сұрау салу. «Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы ақпараттар жинақталған бірыңғай онлайн бизнес-платформаның болмауы қаржы ресурстарына қол жеткізуге кедергі келтіреді. Қазақстанда тәжірибеде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың болмауы мен гендерлік кедергілер әйелдерге кәсіпкерлік қызметпен толыққанды айналысуға қолбайлау болып отыр», деп атап өтті Қазақстандағы WAGE бағдарламасының үйлестірушісі Зарина Бекболат. Коалиция жоғарыда аталған кедергілерді азайту және Қазақстан әйелдерінің кәсіпкерлік қызметін дамытудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін күш біріктірді.