Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 наурыз, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақ кәсіпкерінің олигархтармен күресу тарихы

Қазақ кәсіпкерінің олигархтармен күресу тарихы

Қазақ кәсіпкерінің олигархтармен күресу тарихы
ашық дереккөзі

Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев 90 жылдардан бері елімізде кен орындарының жұмысын жүргізумен айналысады. Алайда оған ықпалды байлар бірнеше рет рейдерлік әрекеттермен кедергі жасап, кәсіпорындарын алып қойып отырған. Өзінің күрес тарихын ол Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында айтып беріп, ағынан жарылды, деп Newsroom.kz хабарлайды.

«Мен Кеңес үкіметі ыдырағаннан бастап бизнеспен айналыса бастадым. 1996 жыл Лисаков кен байыту комбинатын алдым. Тоқтап тұрған мекемені жұмыс істеттік. 1999 жылға қарай пайдасын жүз он есе көтердік. Содан кейін Лакшми Миттал келді (үндістандық ірі кәсіпкер, «Арселор Миттал» кәсіпорнының қожайыны). «Бізге мына кен орны керек» деді. Өйткені олар Қарағанды комбинатынан металл шығарады, Теміртаудан темір рудасын шығарады. Сол үшін арамызда соғыс болды. Сөйтіп оны тартып алды. Оның ар жағында Назарбаев тұрғанын кейін білдім,тіпті Президент әкімшілігінің басшысы бізге ақша төлеп тұрыңыз деген ұсыныспен де келген, ал мен бас тарттым», - деп айтты Марат Әскенұлы.

Оның айтуынша, кәсіпорынға сол кезде әскерилер басып кірген.

«Соттың шешімінсіз ОМОН-дықтар автоматпен келді де, «шық, кет» деді. Мен кетпей отырып алдым. Қолымда екі граната болды. Қаншама күш салып, жұмыс істеп отырған жерімнен қалай кетіп қалам. Содан олар кетіп, түстен кейін тағы келді. Сот шешімін сұрасам, бере алмады.  Демократиялық мемлекетте бұл таза заңсыз әрекет. Қазір, мүмкін басқаша болар ма еді»,- деп еске алады кәсіпкер.

«Одан кейін Ақмола облысында тоқтап тұрған вагон жөндеу зауытын қолға алдым. Ол да тоқтап тұрған, 300 млн қарызы бар мекеме еді. Оны жұмыс істетіп, пайдасын 87 есе арттырдық. Қазір де жұмыс істеп тұр. Біз 111 вагон шығарғаннан кейін бір кісілер келіп «Мәке, сен енді вагон шығармай-ақ қой, сырттан вагон импорттап жатқандардың жұмысына кедергі болып отырсың, сенің вагондарың тым арзан, одан да жөндеумен айналыс» деп өндірісті баяулатты. Одан соң  2004 жылы Александр  Машкевич (израильдық кәсіпкер, ERG компаниясының басшысы) келді, зауытты бер деп. Онымен де соғыстық», - дейді ол.

«Содан амалсыз зауыттан ақшамды шығардым да 2005 жылы Ерейментаудағы Сарыадыр көмір кен орнын сатып алдым. Жылына 37 мың тонна көмір өндіретін еді, сол көлемді 3,5 млн тоннаға жеткізіп, өнімділігін 92 есе көбейттім. Оны да алып қойды», - деп айтты Марат Әскенұлы.

Айта кетсек, Марат Нәбиевтің «ОН-ОЛЖА» ЖШС Сарыадыр көмір кеніші үшін «Темірбанктен» (қазіргі Forte bank) 2 млрд теңге қарыз алып, дағдарыс орын алуына байланысты уақытында түгел қайтара алмай қалады. Содан компанияны банкротқа ұшыратып, лицензиясын алып қояды.

Қазір Марат Нәбиев жаңа технологиялар саласындағы кәсіпорындардың жұмысымен айналысады.

«Дүниежүзінде іс жасайтын адамдар үш ақ пайыз. Сосын орындаушылар бар, ештеме істемейтін адамдар бар. Бұлардан бөлек тартып алатындар мен бөлісетіндер бар. Қазақтар тартып алу мен бөлуді жақсы біледі де, көбейту мен қосуды білмейді», - деп ашынады ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі  сілтеме арқылы көре аласыз:

[embed]https://youtu.be/s3oWzt8E-ec[/embed]