Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 ақпан, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кеші өтті

Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кеші өтті

Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кеші өтті
ашық дереккөзі
Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Айтатын саған сырым бұл» атты поэзия кеші өтті, деп Newsroom.kz хабарлайды. Оған үйірме тәлімгерлері, мұғалімдер мен қызметкерлер, ата-аналар, мәдениет және БАҚ өкілдері қатысты. Дарынды жастар өнер көрсеткен мәдени іс-шараны мекеме директоры Индира Икапова ашты, ол ақынның бай мұрасы туралы тоқталып өтті: «Бүгін өмірі мен өлеңін егіз құбылысқа балап: «Поэзия, менімен егіз бе едің?» - деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқалағи Мақатаевтың жырларына қанық болғалы отырмыз. Ол өз заманында лайықты бағасын ала алмаса да, бар ғұмырын қазақ поэзиясының өркендеуіне арнаған тұлға. Барлық тақырыпқа жыр арнап, өміршең өлең жаза алған ақын. Сондықтан бұл поэзия кеші бүгін мен болашақты байланыстырар рухани азық болады деп үміттенемін» Поэзия кешінде "Самғау" балалар-жасөспірімдер театрының әртістері "Қош махаббат" спектаклінен үзінді ұсынды, ал вокалдық үйірме оқушылары ақынның өлеңдерінен попурри орындады. Сондай-ақ, мәдени шарада Түркістан музыкалық-драма театрының актерлері мен Х. А. Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері өнер көрсетті. Вокалдық үйірме оқушылары ақынның сөзіне «Есіңе мені алғайсың»  әнін орындап, көрермендерге ерекше сезім сыйлады. Айта кетейік, Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді. Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды. Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971)], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976)] жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Моцарт. Жан азасы” реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. “Табыт үні”, “Халық үні”, “Жесірлер үні”, “Бесік жыры” аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде табыт, бірде жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан Өмір мен өлім туралы философиялық пайымдаулар айтылған. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: “Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым” немесе “Тіпті де мен емес-ті “Мен” дегенім... Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін” дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні “өзін-өзі” зерттеуден тұрады. Мұқағалидің медитативті лирикасындағы лирик. Мен — өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, толассыз ізденістегі пәлсапашыл Мен. Мұқағалидің шығармаларында философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу, медитация басым. “Өмірдастан” атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психол. шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық,ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды.