41 мыңнан астам адамның өліміне әкеліп соққан Қахраманмараштағы зілзаладан соң, түрік ғалымдары Ыстамбұл үшін алаңдап дабыл қаға бастады, деп Newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Олар дәл қазіргідей шығынға ұшырамас үшін осы бастан әрекетке көшу керек екенін айтып отыр.
Византия империясының астанасы болып жарияланғаннан бастап бүгінге дейін Ыстамбұлда ірілі-ұсақты 30-дан астам жер сілкінісі тіркелген. Соңғысы 1999 жылы 17 тамызда болған 7,4 балдық жер сілкінісі. Ол Қожаелі, Ялова, Сакария және Дүзже қалаларының қирауына әкеліп соқты. Деректерге сүйенсек, 18 мыңнан астам адам қаза тауып, 49 мыңға жуығы жарақат алған. 6 мыңдай адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Ыстамбұлда соңғы 500 жылда магнитудасы 7 балдан асатын 2 ірі жер сілкінісі болған. Мамандар соңғы үлкен зілзала 1766 жылы тіркелгенін ескере отырып, Орта Мәрмәр жарылысында үлкен апат қаупінің артқанын жарыса жазуда. Түркияның 10 қаласына әсер еткен зілзаладан соң, жергілікті ғалымдар мен сейсмологтар Ыстамбұлдағы жер сілкінісіне дайын болу керек екенін айтып жатыр. Профессор, доктор Нажи Гөрүр 23 жылы өтті, енді аз ғана уақыт қалды деп отыр.
"Шетелдік және түрік ғалымдары 2000-шы жылдары зерттеу жүргізді. Олар оны тарихи жер сілкіністерінен, JPS деректерден және мұндағы бұзылулардың сейсмологиялық деректерінің ерекшеліктерін пайдалана отырып жасады. Нәтижесінде 1999 жылдан бастап 30 жыл ішінде кез келген уақытта орын алуы мүмкін зілзала ықтималдығы 62 пайызды көрсетті. Бұл – геология ғылымында жоғары көрсеткіш. Одан бері 23 жыл өтті. Ықтималдық тағы да артты. Сондықтан Ыстамбұл үшін қорқамыз", – деді.
Мәрмәр теңізі арқылы өтетін Солтүстік Анадолы жарқыншақ белдеуі үлкен Ыстамбұл зілзаласы жайлы алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі шаһар 1939 жылдан бері жер сілкіністерін тудырып келе жатқан Солтүстік Анадолы сызығының соңғы белдеуінде орналасқан.
Геолог-инженер Жан Йылмаз Ыстамбұлды қоса алғанда кең аумақты қамтитын Солтүстік Анадолы жарқыншақ белдеуінің 250 жылдық қайталану кезеңі аяқталғанын айтып, кез келген уақытта орын алуы мүмкін жер сілкінісіне дайындалу қажет екенін ескертті.
Ал геофизик Ахмет Ержан таяу уақытта Ыстамбұлда жер сілкінісі болады дейтіндердің ешбірінде дерек жоқ екенін айтады.
"Тарихқа көз жүгіртсек, Ыстамбұлда жер сілкінісі алдын ала болжанған уақыттан ерте болған емес. Мәселен, мен жүргізген зерттеулер 2045 жылды көрсетіп отыр. Алайда ол 2075, тіпті 2150 жылы болуы да бек мүмкін",– дейді.
Ғалымның сөзінше, онда Еуропа бөлігінің 65 пайызына, Анадолы бөлігінің 35 пайызына зақым келуі мүмкін. Еуропа тарапында ежелгі Ыстамбұл орналасқандықтан, ол жерде тарихи және ескі ғимараттар көп.
Сонымен қатар Түркияда 32 жыл жұмыс істеп жүрген жапондық құрылыс инженері Йошинори Мориваки жергілкті БАҚ-қа берген сұхбатында жер сілкінісінің уақытын дәл айту қиын, алайда жақын заманда орын алуы мүмкін екенін алға тартқан. Сол үшін бүгінде Ыстамбұлдағы 1-ші және 2-ші көпірлерде күшейту жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, Межидиекөйдегі негізгі көпір жолы жөндеуден өтті. Қаланың кейбір аудандарында жапон ғалымдарының атсалысуымен күшейту жұмыстары жүргізілді.
"Бүкіл Мәрмәр аумағында жер сілкінісі күтілуде, бірақ күшейту жұмыстары жүргізілген аймақтарда жоғары зақымдану болмайды. Жер сілкінісі 7,5 балдық болса да, күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқан Аташехир, Шишли, Межидиекөй, Сарыйер, Бешикташ сияқты аймақтарда қиындық туады деп ойламаймыз", - деді жапон ғалымы.
Алайда мұндағы жер сілкінісі Ялова мен Бурса қалаларына әсер ететін көрінеді.
Жер сілкінісін зерттеу институты мен университет обсерваториясы есебіне қарағанда Ыстамбұлда 1 миллион 164 мың ғимарат пен 4,5 миллион пәтер бар. Олардың әрқайсысында орташа есеппен 3,3 адам тұрады. 7,5 және одан жоғары зілзала кезінде 13 мың 492 ғимарат өте ауыр, 39 мың 325 ғимарат ауыр, 136 мың 746 ғимарат орташа және 300 мың 963 ғимарат жеңіл зақымдалады деп күтілуде.
Профессор, доктор Нажи Гөрүр Түркия жер сілкінісі жиі болатын ел ретінде әрдайым дайын болу керектігін тілге тиек етті.
"Түркияда жер сілкіністерінің пайда болу механизмі 13 миллион жыл бұрын басталған. Адамзат жоқ кезде де зілзала болып тұрған. Бұл аймақтың геологиялық құрылымы жер сілкінісін тудырады. Әлі де миллиондаған жыл зілзала болады. Өкінішке қарай, оны тоқтата алмаймыз. Алайда бізге тигізетін зақымдануды азайта аламыз. Қалай дейсіз бе? Ең алдымен, ғылым мен технологияның көмегімен жүзеге асыру мүмкін", - деді.
Демек, 20 миллиондай халқы бар алып шаһарға сақтық шараларын осы бастан қолға алу кажет.
Фото: 24tv.ua