Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 қараша, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Тағдыр азабы: Түркістан өңіріндегі қуғын-сүргін құрбандары

Тағдыр азабы: Түркістан өңіріндегі қуғын-сүргін құрбандары

Тағдыр азабы: Түркістан өңіріндегі қуғын-сүргін құрбандары
ашық дереккөзі
Кеңес билігі кезінде коммунистік билік кесірінен жазықсыз репрессияға ұшыраған қазақ қайраткерлер саны өте көп. Қазіргі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдауымен репрессия құрбандарын ақтау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда айтылмаған тағдыр азаптары қазірдің өзінде сансыз көп, деп newsroom.kz хабарлайды. Репрессия құрбандары Қазақстанның түпкір түпкірінде болғанымен, айтарлықтай қайраткерлер Түркістан өңірінен шықты. Қазіргі таңда бүкіл репрессияға ұшыраған адамдар саны жинақталуда, олардың көбісі әлі күнге дейін құпия болып келуде. Newsroom порталының тілшісі өзімізге белгілі репрессияға ұшыраған тарихи түлғалар туралы дерек жинап жазды. 1 – Нәзір Төреқұлов Нәзір Төреқұлов (1892, Қандөз, Сырдария уезді, Түркістан өлкесі, Ресей империясы (қазіргі Қандөз ауылы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы) – 3 қараша 1937, Мәскеу) – мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат. Орта жүздің алты арысының бірі Қоңырат тайпасы Көтенше тармағының Маңғытай руынан. Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Нәзірдің ата–бабасы Оңтүстік Қазақстан облысының Қандөз ауылының төл баласы. Болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, ғалым 1892 жылы қазан айында Сыр бойының Түркістан өңірінде мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Әкесі Төреқұл заң және сауда қызметкері. Анасы Гүлбаһрам – тәжік қызы – аса діндар адам болған. Төреқұлдың үш баласының тұңғышы Нәзір, екінші ұлы Әбдіқадыр және Фатима атты қызы болды. Балалық, жастық шағын Қоқан қаласында өткеріп, осындағы медреседе, орыс–түзем мектебінде оқып, 1913 жылы Қоқан коммерция училищесінің сегізінші класын ойдағыдай аяқтаған Н.Төреқұлов, Мәскеу коммерция институтына оқуға түседі. Мұнда экономикалық пәндерді оқып үйренумен қатар, Нәзірдің өзі бала жасынан зор қабілеттілігін танытқан шет тілдерді үйренудің жаңа мүмкіндігі туды. Орыс және түрік тілдерін жетік біліп, француз бен неміс тілдерінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жетті. Мәскеу коммерция институтының З курсынан 1916 жылы өз еркімен Батыс майданының «Земсоюз» нұсқаушылығына сұранып, Орта Азия жастарының саяси күресін бастаған серкесіне айналды. Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір, 1917–1920 жылдары үгітшілік, сауат ашу т.б. идеологиялық жұмыстармен айналысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ», газеттеріне редакторлық жасады. Минск маңында Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді. Яғни, Нәзір Төреқұлов XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері! Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияга дейін жалғасты. Ол бірде ағартушы, бірде баспагер, енді бірде Елші болып бой тастайды. Соның қай–қайсысында да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде–бір рет ауытқымай өтті. Нәзір Төреқұлов үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916–17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны өздеріңізге мәлім. Демек Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға — Нәзір Төреқұлов! Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты отты публицист ретінде танимыз. Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген — полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым. 1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын. Осы съезде латын қарпін қабылдауын негіздеп сөйлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Ол ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа латын әліпбиі екенін атап өтті. Нәзір Төреқұлов Қазақстандагы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мөскеуде 1922–28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал–мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. 1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком председателінің орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық атқару Комитетінің төрағасы ретінде Қырғыз Республикасының этнографикалыққұрылымына және тұрмыстық ерекшіліктеріне сәйкес болып келетін Красноводск уезінің Маңғышлақ уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына беру жөнінде 1920 жылы 16 қазанда №341 Декретіне қол қойған болатын. Міне осы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Нәзір Төреқұловтың жемісті еңбегінің нәтижесі екенін көреміз. 1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты секретары қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан Республикасының Оқу–ағарту комиссары болып сайланды. 1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Москваның жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ береді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығара бастады. Журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады». (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». № 16, 1923 ж). Н.Төреқұловтың оқу–ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды. Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнының ашылуына да Нәзір Төреқұлов мұрындық болды.1925 жылы өткен І бүкілодақтық мұғалімдер съезінде Н.Төреқұлов «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндама жасады. Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми–педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылыми академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қояды. Н.Төреқұлов 1922– 1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми–педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл–ой алыптары, «алашордашылдарды» қамқорлығына алып, қолдау көрсетеді. 1927 жылы Нәзір Төреқұлов БКП(б) ОК–нің және КСРО Сыртқы істер халық комиссариатының резервіне алынады. Яғни, Сыртқы істернаркомы тәжірибесі мол, біліміді адам ретінде оны осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары Нәзір Төреқұловтың кандидатурасын жақтаған КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты Сталиннің атына ресми хат жолдайды. Сталин Оны осы орынға лайықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№137 хаттама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданады. 1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Аравиясы) КСРО–ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО–дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Аравиясына КСРО– ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі–бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Н.Төреқұловтың есімі тұңғыш қазақ елшілерінің бірі ретінде Қазақстан дипломатиясында мәңгілікке жазылған. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген қанатты сөзіне сай, Н.Төреқұлов Кеңестер Одағының Таяу Шығыстағы саясатын ілгерілету үшін маңызды ел болған Сауд Аравиясымен дипломатиялық қарым–қатынастарының бастау–бұлағында тұрып, өзінің миссиясын жоғары деңгейде атқарғаны белгілі. Өзінің жоғары білімділігі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Аравиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасындағы бәсеке біздің қандасымыздың үлесіне шешулі оның табиғи мәмілегерлік қасиеттерін, қажырлы еңбегін көрсетеді. Сауда-саттық, шаруашылық саласында жасаған ұланғайыр қызметімен қатар, Король отбасымен жақын араласып игілікті көп істер атқарады, Король Әбдел Әзиз әл–Саудтың мұрагері Ханзада Фейсалдың КСРО–ға 10 күн бойы сапар шегуін ұйымдастыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көрсетті. Ауғанстан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания елшілерімен де араласып, достық қарым–қатынас орнатуға мүмкіндік туғызуы, сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғызылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді. Н.Төреқұловтың Сауд Аравиясындағы сегіз жылға созылған дипломатиялық қызметі бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Ресейдің дипломатиясында да жоғары бағаланып отырғаны қуанышты. Сонымен қатар оның елшілік таланты мен күш–жігері Сауд Аравиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян. Еуропалық білім алған, шығыс мәдениеті мен мәнерін бойына дарытып өскен, жергілікті салт–дәстүрлерді сыйлап, өзі мұсылмандықты ұстануы елші Н.Төреқұловтың дипломатиялық корпус арасында шоқтығы биік болуына өз ықпалын тигізді. Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алаш ордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан өкінішке орай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған алаштың адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік асыл, ұлы дала тұлғасын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Martebe.kz дереккөздеріне сүйене, Қазақ елінің, қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде, алмағайып замандарда әсіресе қазақ оқығандары, ұлт зиялылары жанқиярлық еңбек көрсетті. Ұлт болашағын ойлап қам жеген, халқы үшін от пен суға түскен, азап шеккен, керек болса осы мақсатта басын бәйгеге тігіп, жан қиған да осы Алаш арыстары болды. Әсіресе, ұлттық тәуелсіздік үшін күресте олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе біріктіріп, ел санасын оятудағы қыруар еңбегін ешуақытта ұмытуға болмайды. Алайда, 1937 жылдың қырғынында осынау қазақтың қаймағы болған арыстарымыз барлығы дерлік қуғын-сүргінге ұшырап, басым көпшілігі ату жазасына кесілді. Ажалдан аман қалғандарының өзі ұзақ жылдар бойында ескерусіз қалдырылды. Осылайша, қазақ ұлтының бүгінгі жарқын болашағын жақындатуға, оның іргетасын қаласуға сонау өткен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында аянбай еңбек еткен, қыруар жұмыс жасаған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бел ортасында Нәзір Төреқұловтың да есімі жарқырап көрінеді. Алаш идеясы бастарын біріктірген осынау саңлақтарымыздың қоғамдық және саяси өміріміздің әр саласында еңбек етіп, сол арқылы әрқайсысының түптің түбінде ұлттық тәуелсіздігімізге қол жеткізуге әрекет жасағандығын аңғарамыз. Мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов та осы идея үшін күресті, азабы мен абыройы қатар түсіп жатқан, қатал да қатыгез тағдыр кешті. Оның өмір жолына қарап отырсақ, қоғамдық және саяси қызметінің барлық белестерінде алдымен ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге ұмтылғанын көреміз. Керек болса, осы мақсатта қолына қалам алып ғылыммен, әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты.  Соның арқасында қазақ әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін,  бір сөзбен айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты үшін қаншама құнды дүниелер жазып тастап кетті. Осы орайда қалам қайраткерінің осынау баға жетпес құнды мұралары жайында алғашқы іргелі ой-пікірлерді айтқан, сүбелі-сүбелі мақалалар жазған бір ғалым ағамыздың ерен еңбегін атап өтпеу қиянат. Ол өмірден өтіп кеткен, күллі қазақ журналистерінің ұстазы, қажырлы, қайсар ағамыз, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожекеев еді. Ғалым сонау 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында-ақ осынау тақырыпты терең қазып зерттеді. Ал енді Н.Төреқұловтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елші болғандығын және оның есімі сол кезде, көзі тірісінде-ақ халықаралық деңгейде танылғандығын, жоғары бағаланғандығын бүгін үлкен мақтанышпен айтуға тиістіміз. Бұл биік дәрежеге Н.Төреқұлов үлкен белестерден өтіп келді. Нәзір Төреқұлов өмірінің, қоғамдық-саяси қызметінің осы кезеңі белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Тайыр Мансұровтың соңғы жылдары жарық көрген бірнеше еңбектерінде нақты деректік құжаттар негізінде терең ашылады. Оның төмендегі кітаптарын: “Нәзір Төреқұлов –  Сауд Арабиясы корольдігіндегі КСРО-ның өкілетті өкілі”. /Хаттар, күнделіктер, есептер/ (1928-1935жж), М.: Русский раритет, 2000.; “Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны”, 4 тілде (орыс, қазақ, ағылшын, араб), М.: Реал-Пресс, 2001.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат”, М.: Реал-Пресс, 2003.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат”(ағылшын тілінде) М.: Реал-Пресс, 2003.; “Елші Нәзір Төреқұлов” (Жизнь замечательных людей: өмірбаян сериясы.) М.: Молодая гвардия, 2004.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат” (араб тілінде), Эр-Риад: АБЕКАН, 2006, т.б. Қазақтың біртуар, аяулы перзенті жүріп өткен қызмет белестері, Н.Төреқұловтың өзі қалың ортасында жүрген, болған тарихи оқиғалар ауқымы немесе елшінің өз көзімен көрген елді мекендер, ірі-ірі саяси тұлғалармен, мемлекет басшыларымен жасаған  қарым-қатынасы сынды азаматтың өміріндегі маңызды сәттердің барлығы тиянақты түрде зерттеліп, Н.Төреқұлов тұлғасын терең ашуда айрықша қызмет еткен. Әсіресе, елші Н.Төреқұлов жайындағы Ресей Сыртқы істер министрлігіндегі, Ресей қауіпсіздік қызметінің Федералдық бюросындағы, солардың кіруге рұқсат етілмейтін мұрағаттары мен мұражайларындағы, құпия бөлімдеріндегі “аса маңызды мемлекеттік грифтегі” құжаттары мен олардың фотокөшірмелерін қолға түсіруде автор-зерттеуші айрықша табандылық танытты. “Нәзір Төреқұловтың” араб тілінде басып шығарылуы, сөз жоқ, біздер – қазақстандықтар үшін, әсіресе өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Сауд мемлекетінің қалыптасып, дамуының барынша қиын-қыстау кезеңінде онда кеңес дипломатиялық қызметін біздің аты аңызға айналған отандасымыздың басқарғаны зор мақтаныш. Бұл кітап КСРО мен Сауд Арабиясы арасында 55 жыл бойы қарым-қатынастар үзілгендіктен, ақпаратымыз болмауына байланысты арабиялықтар өкілетті елші Нәзір Төреқұловтың даңқты істері туралы білмеген олқылықтың орнын толтырып отыр. Кеңес-Сауд қарым-қатынастарының, “алтын ғасыры” түбегейлі зерттелген. Кәсіби арабшылардың айғақтауынша, бұл зерттеу өз мақсатына жеткен. Осы істе “Нәзір Төреқұловты” Араб дүниесіндегі барынша ардақты Каирдың “Айн-шамс” университетінде аударуға ден қойған Сауд әл-Фейсалдың рөлі айқын аңғарылады. Кітаптың жай мазмұнын ғана емес, Төреқұловтың сыртқы істер халық комиссариатының басшылығымен жазысқан хаттарындағы астарлы ой оралымдары мен аса бай тіл өрнектерінің бәрі де араб тіліне шебер аударылған. Ерекше айтарлық бір жәйт, сол кездегі Кеңес одағының басшыларының Н.Төре­құловты Сауд Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы қандасымыздың әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де аңғармай қалды. Н.Төреқұловтың сол кезеңде әлемдегі ең бір беделді, абыройлы дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетуі, сонымен бірге солардың құрметіне ие болуы, керек болса сол елде қоныс тепкен шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі, жолбасшысы (дипкорпус дуайені)  биігіне көтерілуі, әрине, кеңестік большевиктік үкіметтің толық қолдауына ие болуынсыз екіталай еді. Қазақ перзентінің халықаралық деңгейдегі ірі, көрнекті саяси қайраткерге айнала бастауы, әрине, Кеңес Одағының, қызыл империяның шовинистік пиғылдағы көсемдері басқарған 1930 жылдардағы репрессиялық аппаратына ұнаған жоқ. Н.Төреқұловтың Кеңес Одағы үшін, ішінара, әрине, одақтас республикалар ретіндегі түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл арада үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алу саясатында да осындай астар бар еді. Сталиннің және оның төңірегіндегі жандайшаптарының, асыра сілтеушілерінің тікелей ұйымдастыруымен, тікелей  жала жабу арқылы көп ұзатпай Н.Төреқұловты ірі қайраткер ретінде саяси сахнадан алыстату мақсатында ашық, арсыз саясат жүргізілді. Түркі жұртына жаны ашығаны үшін, көмек бергені үшін “пантюркизм” көсемдерінің бірі деді. Диверсиялық-террорлық пантүркілік ұйымның белсенді мүшесі ретінде Тұрар Рысқұловпен бірігіп Кеңес Одағын құлатуға әрекет жасады деген айып тағылды. Оның аяғы арысымыздың нақақтан-нақақ ату жазасына кесіліп, 1937 жылдың 3 қарашасында “халық  жауы”  деген айыппен мерт болуына алып келді. Н.Төреқұлов осының барлығын сезді, білді. Біле тұра, зиялы, аса сабырлы, аса мәдениетті жан ретінде ең соңғы сағатына дейін партияға сенді, әділдік жеңер деп ойлады. Өзімен тұстас жаппай репрессияға ұшырап жатқан Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов ағаларымнан жаным артық емес менің деп, іштен тынып, соңғы деміне дейін жақсылықтан үмітін үзген жоқ. Осындай құнды деректердің барлығы жоғарыда аталған еңбектерде нақты мысал­дар арқылы дәлелденеді. Ату жазасын анықтаған құжаттардың фотокөшірмелері беріледі. КСРО-ның Жоғарғы соты Әскери кеңесінің үштігімен кесілген жаза шеші­мінің фотокөшірмесі жан түршіктіреді. Ешкім білмейтін, ешкім танымайтын, бригадалық әскери заңгер деген атақтары бар Матулевич, Стельмахович, Зарянов деген қатардағы үш офицердің жабық сот мәжілісін өткізіп,  жүрдім-бардым тергеп, жол-жөнекей қоя салған қанды қолдарының айбақ-шайбақ көшірмелері талай боздақтарымыздың осылайша түбіне жеткенін ойлағанда, түршігесің. Сталин сияқты жеке адамға табынған қоғамның  тұтас бір ұлттың үкілеген үмітіндей, алақанға салған аяулыларын шыбын құрлы көрмей, қалайша аяққа таптағандығын көріп, зығырданың қайнайды. Көпе-көрнеу жасалып жатқан қиянатқа не істерлерін білмей, шарасыз күй кешкен,  намыс пен ыза кернеген жүректері қан жылап, еш болмаса кегін ала алмай арманда кеткен қайран арыстарымыз-ай! Кітаптың тартымды тілмен, анық, айқын стильде,  күллі репрессиялық жазалаудың зардаптарын сол күйінде оқырманға жеткізуі Нәзіртану ғылымындағы беймәлім беттерді ашады. Сонымен бірге Н.Төреқұловтың өмір деректері де, елшілікке дейінгі қоғамдық-саяси қызметтерінің маңызды белестері де қысқа да нақты баяндалып, назардан тыс қалмағандығы кітаптардың құнын арттырған. Бұл зерттеу әдісі Н.Төреқұловтың тарихи тұлғасын толық сомдап шығуға мүмкіндік берген. Қайраткердің елшілік қызметіне дейінгі азаматтық, адамдық келбеті де қалай қалыптасқандығы тартымды өмір деректері арқылы ашыла түседі. Ең алдымен Нәзір Төреқұловтың өскен ұясы әулетті, ұлағатты, алған білімі құнарлы, тиянақты еді. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкердің отбасында дүниеге келді, өз заманына сәйкес білім алды. Мәскеу қаласында, сол заманның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу сауда институтының экономика факультетінде оқыды. Бірнеше тілдерді қатар меңгерді. Соның арқасында өз тұстастарынан оқ бойы озық тұрған нағыз зиялы жан болды. Алайда, өз мемлекетінің мүддесін шет елде биік деңгейде қорғау үшін бұл қасиеттер де адамға аздық етеді. Біліктілігі жағынан аса жоғары деңгейдегі елші болу үшін алдымен, өмір ағымына жетік болу керек, ерік-күші қажет, сын сағатта тығырықтан жол таба білген жан ғана қапы қалмайды. Төңірегіндегілерді түсіне білу, әсіресе өзің елші болып келіп отырған мемлекетіңнің басшылығымен терезең тең келісім сөз жүргізу, көрегендік, шешендік өнер, осының барлығы бір бойыңнан табылып тұрмаса опық жеуің оп-оңай. Осы қасиеттердің барлығы Нәзір Төреқұлов бойынан табылды. Қалай дегенде де Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында, сонан соң азамат соғысы кезеңінде жинаған іс-тәжірибесі зая кетпеді. Кейінірек ол үлкен-үлкен жауапты қызметтерге сайланды. Түркістан Компартиясы Орталық  Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары және КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық Комитеттің төрағасы сынды басшылық қызметтерді атқарды. Осының барлығы Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды, мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты. Н.Төреқұлов елшілік қызметтің ең бір негізгі бағыттарын, бейнелей айтсақ, үш тағанын – өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде електен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды мүлтіксіз орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды, осы мақсатта әр деңгейдегі келіссөздерді шебер, біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе кеңестік сауда жүйесінің өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қойды. Мұны біз сол кезеңнің өзіндегі асқан шеберліктің үлгісі ретінде қабылдауымыз қажет. Жалпы, Н.Төреқұловты Сауд Арабиясы сияқты мүлдем беймәлім мемлекетке елші ретінде таңдаудың, тағайындаудың күрделілігі шын мәнінде тереңірек, салыстыр­малы түрде, керек болса тарихи құжаттарға табан тірей отырып, ой толғауды қажет етеді. Сахара корольдігінің көп елге құпия жатқан ішкі сыры, мемлекеттік, саяси ерекшелігі, қоғамдық-әлеуметтік өзгешелігі т.б., барлығы жиылып келгенде кімді болса да аса қиын жұмыстың күтіп тұрғандығы айдан анық еді. Оның үстіне бұл елде, яғни ислам елінде еркін жүріп-тұру, өз еліңнің саясатын тыңдата білу, діні жағынан мүлдем басқа бағыттағы мемлекеттің сөзін сөйлеп, сойылын соғу “жүрек жұтқандықпен” тең еді. Айталық, бір-ақ мысал, Мекке мен Медине сияқты ислам әлемінің қасиетті, қастерлі қалаларына аяқ басу тек шынайы мұсылман жанға рұқсат етіледі. Оның үстіне атеизмнің қызыл туы желбіреп тұрған, дінді жоққа шығарып отырған мемлекеттің өкіліне, мұсылман болсаң да араб елінде емін-еркін жүріп-тұрудың реті келе бермейтіні анық. Осының барлығын есептеп келгенде, Кеңес өкіметінің, Коммунистік партияның Н.Төреқұловтың арқасына жүктеген, мойнына ілген жүктің қаншалықты ауыр болғандығын түсіндіріп жатудың өзі артық. Солай бола тұра Н.Төреқұлов Араб жерінде құрметпен қарсы алынып, төрт күннен кейін, 3-ші қарашада, Меккеде корольдің ұлы, тақ мұрагері Фейсалға сенім грамоталарын тапсырды. Корольдің өзі Әбдел Әзиз Әл-Сауд Н.Төреқұловтың тағайындалуы туралы М.Калининнің 1928 жылғы 9 маусымдағы жолдауына Кеңестік миссияның жаңа басшысы Сауд үкіметі мен корольдің жеке өзінің тарапынан “екі елдің арасындағы достық байланыстарды нығайту үшін” құрметке, барынша жақсы қатынасқа бөленеді деп жауап береді. Бұл лебіз жай ғана хаттамалық сыпайылық емес еді. Хиджазда болған сегіз жыл бойы Н.Төреқұлов король мен оның төңірегіндегілердің шын ілтипаты мен құрметін көрді. Бұған көп жағынан жәрдемдескен тарихи оқиғалар ағымы – саяси ахуал ғана емес еді. Н.Төреқұловтың адам, азамат ретіндегі жеке басы, кісілігі, адамгершілік қасиеті, терең білімпаздығы мен оқымыстылығы, биік парасаты мен ақылы, барлығы оны қоршаған ортасына, әріптестеріне, керек болса жаулары мен дұшпандарына да оның беделін мойындатты. Бойға біткен ақсүйектік, қанмен келген тектілік Нәзір Төреқұловты дара феномендік тұлғалық деңгейге көтерді. Жас мемлекет – Сауд режімі сол кездегі аса құрметті Лондонның айла-шарғыларынан тіксініп, оқтын-оқтын оған қарсы Мәскеу беделін көлденең тартуға мәжбүр болды. Әл Сауд үшін КСРО рөлінің айрықша құндылығының тағы бір себебі – нақ Кеңес үкіметі бірінші болып оны жаңадан жарияланған мемлекеттің басшысы деп танығанды. Нәзір Төреқұлов жаңа қызметін тез арада меңгеріп, жергілікті саяси қайраткерлермен, ірі саудагерлермен өзара сенімді қатынастар орната алды. Бұл орайда мына бір фактіні келтіре кеткен орынды. Бұрын араб тілін арнайы оқымаған Нәзір тез арада оны жақсылап үйреніп алғаны соншалық, аудармашы қызметінен мүлдем бас тартты. “Өйтпесем, бірдеңе айтсам, басқаша аударылады да, әңгіменің мәні айдалада қалады”, деп жазады ол. Бұл оның алдымен елшілік қызметінің өте жауапты әрі өте абайлап, сақтық ұстап атқаратын еңбек екендігін терең түсінгендігінің белгісі. Оның араб тілін жетік меңгергені соншалық, ғұламалармен дін тақырыбында еркін сөз жарыстырып, салтанатты жиында король мен оның төңірегіндегілермен дипломатиялық корпус атынан сол тілде көсіле сөйлей алатын дәрежеге жетті. Араб тілін жетік білуі оны еуропалық дипломаттардан жоғары қойды, араб сұхбаттастарының құрметіне бөледі. Ал еуропалық дипломаттар бұл тілді білмейтін. Мысалы, британ миссиясының басшысы тек қана ағылшын тілінде сөйлейтін. КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариатына жазған алғашқы хаттарының бірінде Н.Төреқұлов Шығыстану институтының студенттерін Хиджазға бір жылға тәжірибе жинақтауға жіберуді ұсынып, олардың тек араб әдеби тілін білуінің жұмысқа жеткіліксіз екенін дәлелдейді. “Құран тілінде бұл арада бір қорап күкірт те сатып ала алмайсың. Ал біздің оқу орындарында, бейнелеп айтқанда, арабистерді емес, аруақтармен және періштелермен ғана сөйлесе алатын құранистерді даярлайды”, – деп істің мәнін нақты түсіндіреді. Пайдалы таныстықтардың кең ауқымы, олармен жиі-жиі араласып тұруы елдің ішкі және сыртқы проблемаларын жылдам игеріп кетуге жәрдемдесті. Ағымдағы жағдайды және Сауд режімінің КСРО-мен қатынасының болашағын дұрыс бағалауға оның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Фуад Хамзамен жүйелі сұхбаттасып тұруы мүмкіндік берді. Ал король мен оның ұлдары – ханзадалар Сауд пен Фейсалға келсек, олармен араласып-құраласып тұру қиындау болды. Өйткені, корольдің ордалары Риад пен Меккеде, ал дипкорпус Жиддада еді. Соған қарамастан, Н.Төреқұлов қажет болса, Меккеге аттанатын, екі король мен мұрагерлердің Жиддаға келуін пайдаланатын. Аса лауазымды адамдар, соның ішінде министрлер, әскер басшылары, тіпті құпия полиция бастығы Нәзір үйінде жиі қонақ болып, оларды емін-еркін әңгімеге тартатын. 1930 жылы-ақ, сауда шарты жасалмаған кездің өзінде, Н.Төреқұлов Сауд режіміне кеңестік мұнай өнімдерін сату жөнінде қым-қуыт келіссөз жүргізді. Әңгіме 50 мың “жәшік” бензин, керосин сату туралы. Бұл өнім елдің бір жылғы қажетін өтейтін еді. Келіссөз сәтімен аяқталды. Бірақ бұл үшін Нәзірдің голландиялық “Шелл” және америкалық “Стандарт ойл оф Калифорния” компанияларының өршеленген қарсылығын еңсеруіне тура келді. Сауд жағы мұнай өнімдерінен басқа, КСРО-дан ағаш, ұн, күкірт, қант және мата сатып алуға тілек білдірді. “Бензин жөніндегі мәміленің” мықты саяси астары бар еді. 1931 жылға қарай корольге ықпал ету жолындағы әртүрлі топтардың тайталасы күшейе түскен болатын және бұл тайталас Сауд-Британ қатынастарының нашарлай түсуі жағ­дайында жүріп жатты. Бұған себеп Англияның Иорданияда Недж шекарасын бойлап бекіністер сала бастауы, ағылшын фирмаларының өздерін Хиджаз-Неджде сауда жасау құқығы нақ өздерінікі ғана екеніндей ұстау, Лондонның Араб Федерациясын құру жобасы еді. Бұл кезде Хиджаз-Недж, Иеменді есептемегенде, бірден-бір тәуелсіз араб мемлекеті болатын. Аталған федерацияда осы тәуелсіздікті іс жүзінде ауыздықтау жоспары болатын. Осыған байланысты ағылшын сөзін сөйлейтін “сириялық­тар” (Ф.Хамза – А.Филби) мен Недж қайраткерлері арасындағы егес күшейе түскен-ді. Сайып келгенде, недждіктер мерейі үстем болып, 1931 жылы 2 тамызда Нәзір мен ханзада Фейсалдың қатысуымен 150 мың доллардың бензині мен керосинін несиеге сату туралы шартқа қол қойылды. Бұл ағылшын ықпалына қарсы әрекет еді. Бұл шарттың жасалуындағы Н.Төреқұловтың еңбегін КСРО Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Л.Қарахан оған жазған көптеген хаттарында аса жоғары бағалап отырған. Сонымен бірге Н.Төреқұлов қажылыққа келген әртүрлі қайраткерлерден, соның ішінде жат жерде жүрген отандастарынан да бойын аулақ салған жоқ. Мысалы, Сібірден шығып, Түркияда қоныс тепкен белгілі панисламист, король қабылдамай қойған Абдурашид Ибрагимовпен кездеседі. Үндістан арқылы Хиджазға өткен, тұрмыстық жағынан қатты қиналып жүрген Өзбекстан азаматтарына көмектескен. Л.Қараханға жазған арнайы хатында оларды отанына қайтару мәселесін шешуді, осындай істердегі ағылшын және итальян өкіметтерінің тәжірибесін негізге ала отырып, оның нақты жолын, жобасын ұсынады. Ол тіпті Жиддаға қоныс аударған Мұса Бигиев, Миян Кудрат секілді түркі тектес отандастарының Өзбекстанда қалған туыстарының тағдырына байланысты мәселелерді реттеуді Кеңес өкіметінің алдына қоюдан да қаймықпаған. Нәзірдің өзі талай үлкен және кіші қажылық жасады, исламның талаптары мен дәстүрлерін бұлжытпай сақтады. “Идальфитр” (ораза айт) мейрамын біз жеке “мұсылмандық” байланыстарымызды кеңейтуге пайдаландық. 100-ден астам адаммен сәлемдесіп, сұхбаттастық. Құттықтай келген адамдарға арнайы қабылдау жасадық”, – деп жазады ол бір хатында. 1932 жылы 5 мамырда Н.Төреқұлов демалыстан оралғанда Жидда портында оны дипкорпус мүшелерінен тыс сыртқы істер вице-министрі А.Таха, Жидданың вице-губернаторы А.Амри, қаржы министрлігінің сенімді өкілі С.Хашем, құпия полиция бастығы М.Тайиб қарсы алды. Осының өзі де Нәзірдің беделінің өте биік, елші ретінде өте сыйлы, абыройлы болғандығын дәлелдей түседі. Н.Төреқұлов Сауд үкіметімен келіссөзде, әрине, Кеңес үкіметінің көзқарасын, саяси тұғырнамасын берік қорғап отырған. Соның нәтижесінде Сауд үкіметі бұрынғы бірқатар талаптарын қайтып алды, саудадағы бұлжымай келген шектеулер толық алып тасталынды. Бұл туралы ханзада Фейсал кеңес елшісіне: “Ақыр соңында, бес жылғы даудан кейін Саудиядағы кеңес саудасы бағынуға мәжбүр болған, ылғи да Сауд-Кеңес қатынастарына қысым жасап, олардың қалыпқа түсуіне бөгет болып келген ерекше тәртіп ауыртпалығы еңсерілді”, – деп хабарлады. Ал корольдің өзі Меккедегі ордасындағы кездесуде Нәзірге өз саясатын былай т