Кейде біздегі фейсбук кеңістікті асыра бағалайды – деп жазды саясаттанушы Нұрмұхамед Байғара өзінің фейсбук желісіндегі жеке парақшасында.
«Неге? Бір топ тілшіні жетектеп, жолын төлеп, бір тақырып жайлы пост жаздырсам, қоғамның пікірі өзгере қояды деп ойлайтындарға таңмын.
Қазақстанда ФБ белсенді қолданыла бастаған 2014-2015жж бері мұнда талай ақылы пост, тур, ода, жарнама жазылды. Оларды көріп, көзі үйренген оқырман бүгін қырағы. Сене салатын бала-шаға емес. Бірақ сирек те болса бет-алды жоқ әр постқа лайк баса беретіндер табылады.
Мұны неге жаздым? Елдегі бір топ тілші, маманды Самұрық-Қазына Траст ашқасына (Росатом деп оқы) Түркиядағы Аккую АЭС-ін көрсетуге апарыпты. Енді олар тегін саяхатты ақтау үшін әлгі АЭС-ті мақтап, оны салған Росатомды жақтап, пост жазып отыр.
Сол посттардан қоғамның бүйрегі Росатомға бұрып, бұл компания туралы пікірі аяқасты күрт өзгереді деп ойлай ма? Жалпы, АЭС керек пе деген бөлек сұрақ. Қажет болып жатса, қай ел, қай компания салу қажет деген бөлек мәселе.
Ал дәл қазір Украинада геноцид жасап жатқан Ресейдің компаниясына АЭС сал деп 2-3 млрд доллар беру - соғысты одан әрі жалғастыр деп Мәскеуді қаржыландырумен тең.
Газ бен мұнайды Ресейден алып отырған ЕуроОдақ өзіне тиімсіз болса да неге жыл соңына дейін оны тоқтатуды көздеп отыр? Себебі газ бен мұнай үшін төлеген әр еуросы Ресей армиясын қаржыландыруға жұмсалатынын біледі.
Мейлі, мұның бәрі келешектің мәселесі» - деп ой қорытады Н.Байғара.
Ол көрінген тапсырысқа көне беретін тілшілерге таң екен. «Ертең Мальдивке тегін апарам, есесіне солтүстігіңе ашылатын «арнайы операцияны» ақтап жаз десе, «негізі, КСРО-ның пайдасы көп еді, Ресеймен бауырлас елміз ғой», - деп бұлар бұрқыратып жаза беретін сияқты көрінеді – деген оның аталмыш жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Әлеуметтік желідегі постын «ал тапсырыс посттар арасында елім, жерім, тілім деп қалам тербеп қоятыны тағы бар» - деген Байғара осындай өткір посттарымен және өзіндік ерекше ойларымен көзге түсіп жүр.
Фото: mk-turkey.ru